
Қазақстан мен Әмірліктер арасында әр түрлі деңгейде жиі орын алатын сапарлар мен мәнді келіссөздер сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және басқа бағыттардағы екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге негіз береді. Екі елдің ірі ұлттық және холдингтік компанияларының тікелей келіссөздері де елеулі нәтижелерге жетелеуге әлеуетті болып табылады.
Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық жылдан-жылға тұрақты дамып келеді. Әмірліктер біздің елімізбен сауда айналымы көлемі жағынан араб елдерінің арасында бірінші орын алады. Мысалы, 2021 жылы сауда айналымы рекордтық 709 млн. АҚШ долл. құраса, 2022 жылы 632,6 млн долл құрады.
Соңғы он жылдықтағы сауда айналымына көз жүгіртсек, 2012-2015 жылдары 100-150 млн. АҚШ доллары айналасында, 2016 жылы 374 млн. болған экспорт-импорт операциялары, 2017-2020 жылдары 500-600 млн. көрсетіп, ал пандемиядан кейінгі 2021 жылы 700 млн.-нан асқанын көреміз.
Осы ретте, екіжақты сауда айналымында Қазақстан экспортының үлесі басым екенін атап өту керек. 2022 ж. Әмірліктерге отандық экспорттың көлемі 560 млн долл асты.
Қазақстан Әмірліктерге экспорттайтын негізгі тауарлар: мыстан жасалған катодтар, мұнай және мұнай өнімдері, қой және ешкі еті, темекі және оның алмастырғыштары, арпа, құбырларға арналған арматура.
Іскерлік топтардың екіжақты сауданы әрі қарай дамытуға елеулі қызығушылығы және экспорт-импорттың тауарлар тізбегін арттырудың әлеуеті байқалады.
2016, 2018 және 2019, 2021, 2023 жылдары Әбу Даби мен Дубай қалаларына Қазақстандық сауда миссиялары келді. 2023 жылы наурызда Дубай әмірлігінің Қазақстандағы сауда миссиясы ұйымдастырылды.
Қазақстан-Әмірліктер сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті 9-шы отырысы 2022 жылғы 3 қарашада Әбу Дабиде өтті.
Инвестициялық бағытта Қазақстан мен Әмірліктер арасында қол қойылған Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімнің арқасында инвесторлар ұзақ мерзімді тұрақтылықпен қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін еліміздің экономикасына Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 3,6 млрд. АҚШ долларынан асты.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Әбу Даби мен Дубайдағы халықаралық қаржы орталықтарымен байланыстарын жалғастыруда, Әмірліктердегі қаржы институттарының АХҚО-ның қызметіне қызығушылығы байқалады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Әмірліктердің халықаралық қаржы орталықтарының оң тәжірибесінің үлгісінде құрылды.
«Астана» мен Дубай халықаралық қаржы орталықтарының арасында қаржылық қызметтерді дамыту, реттеу тәжірибесі және қаржылық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған екі меморандумға қол қойылған.