Каирдегі Сұлтан Бейбарыс ежелгі мешітін қалпына келтіргеннен кейінгі салтанатты ашылу (2023 ж. 4 маусым)
Каирдегі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылуы
2007 жылғы 11-14 наурыздағы ресми сапары барысында Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Мысыр мен Сирияға сапары барысында Каирдегі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылды, одан кейін нысанды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Нысанның ресми ашылуы 2023 жылғы 4 маусымда Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбдел Разеқтің, сондай-ақ екі елдің басқа да ресми тұлғаларының қатысуымен салтанатты іс-шарада өтті.
Мешіт ғимараты Каирдің сәулет өнерінің бірігей туындысы болып саналады. Бұл Ахмад ибн Тулун мешіті мен Әл-Хаким Би-Амр Алла мешітінен кейінгі Мысырдағы үшінші үлкен рухани ғимарат.
1266-1268 жылдар аралығында Мәмлүк Сұлтаны Әз-Захир Бейбарыс Әл-Бундукдари (билік ету жылдары: 1260-1277) негізін қаланып, Мешіт 550 жыл бойы өзінің рухани миссиясын орындауды жалғастырды. 1798-1801 жж. Наполеонның Мысырды басып алуы кезінде француздар мешітті тірек бекінісіне, ал мұнараны қорғаныс нысанына айналдырды, оның қабырғаларына зеңбіректерді орнатқан. Османдықтар, атап айтқанда, Мысырдағы түрік сұлтанының губернаторы Мұхаммед Әли Паша (1805-1848 жж.) тұсында мешіт сабын шығаратын зауытқа, кейін сарбаздардың наубайханасына айналды. Британдық оккупация кезінде бұл жер әскер қоймасы, кейінірек мал сою орны ретінде пайдаланылды. Кейіннен бұл құрылым қираған күйде қараусыз қалды.
Мешітті қалпына келтіру жұмыстарын Таяу Шығыстағы мысырлық жетекші компаниялардың бірі «Arab Contractors Company» компаниясы жүргізді. Тарихи ғимаратты қалпына келтіруге қосқан белсенді үлесі үшін серіктестік басшысы Саид Фарук Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Шапағат» медалімен марапатталды. 2007 жылы басталған күрделі жұмыстардың бірінші кезеңінде мешіттің іргетасын нығайту, қабырғалары мен күмбездерін цементтеу, жер асты суларының деңгейін тұрақтандыру, мәрмәр бағаналарды орнату жұмыстары жүргізілді. Алайда, 2011 жылы Мысырда орын алған саяси және экономикалық дағдарыс барлық жұмыстың уақытында аяқталуына мүмкіндік бермеді. Жұмыстың келесі кезеңі 2018 жылдың қазан айында қайта жалғасты, оның барысында күмбез, үй-жайлар, мұнаралар, сонымен қатар мәрмәр еден, өрт сөндіру жүйесі, ішкі жарықтандыру құрылғылары және т.б. қалпына келтірілді. Соңғы кезеңде оның безендірілуі қалпына келтіріліп, минбар (кафедра) қайта жасалды. Ғимараттың барлық архитектуралық бөлшектерін көрсету үшін мешіттің қасбеттері мен қақпаларына мамандандырылған панорамалық жарықтандыру орнатылды. Қалпына келтіру кезінде мешіттің қасбетіндегі тастарға салынған көне сызбалар сақталып, құбыла қабырғасында Құран аяттары бар ішкі гипс жолақтар да қалпына келтірілді. Жобаны техникалық бақылауды арнайы құрылған комиссия жүзеге асырады, оның құрамына Мысырдан келген беделді археологтар мен реставраторлар кіреді.
Бүгінгі күні ғимарат мамлюк сәулетіне сәйкес келетін өзіндік келбетке ие болды. Бұл 10 мың шаршы метрден асатын гипостильді интерьері бар шаршы пішінді құрылым (бағандармен бекітілген тегіс шатыры бар) және қабырға биіктігі 12 метр. Айнала риуақтармен (аркадалармен) қоршалған ашық орталық ауладан тұрады, оның ең үлкені құбыла риуақ, аулаға қарайтындардан басқа аркалары мәрмәр бағаналармен бекітілген. Мешіттің үш жобалық кіреберісі бар, олардың ең үлкені батыс қабырғасында.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, бұл нысанның қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасындағы символдық мәні өте жоғары.