GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпараты
Бас Консулдық туралы
Все материалы
04 июля 2026
Қазақстанның Пусандағы Бас консулы қала полициясының Бас комиссарымен кездесті

Пусан, 2026 жылғы 2 шілде – Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулы Асқар Аслан Мұратұлы Пусан қалалық полиция басқармасының Бас комиссары Ким Сон Химен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Пусан полициясының басшысын жаңа қызметке ресми тағайындалуымен құттықтап, өңірде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету мәселелерінде Бас консулдықтың құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимылының басымды маңызға ие екенін атап өтті.

Өз кезегінде Бас комиссар Ким Сон Хи қазақстандық тарапқа жедел әрі тиімді өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі үшін ризашылығын білдірді. Ол Алматы қаласында Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүргізген сәтті бірлескен операция нәтижесінде өз елінде қылмыс жасап, Қазақстан аумағында заңсыз жасырынуға әрекеттенген, халықаралық іздеуде жүрген Корея Республикасының азаматының ұсталып, корей тарапына жедел түрде тапсырылғанын ерекше атап өтті. Оңтүстіккореялық комиссар бұл жағдайды екі елдің құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара сенімнің жоғары көрінісі ретінде бағалады.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер аясында тараптар Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық Азия + Корея» саммитіне қатысу үшін Корея Республикасына жоспарланған ресми сапары қарсаңындағы қауіпсіздік пен логистикалық қолдау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық полиция агенттігі мен Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасы белсенді түрде пысықталып жатқаны айтылып, Пусан полициясы аталған құжатқа қол қою үдерісіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Әңгімелесу барысында Оңтүстік Корея аумағындағы қазақстандық азаматтар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар интернет-алаяқтыққа, есірткі айналымына, адам саудасына және жол қозғалысы ережелерін бұзуға қарсы бірлескен іс-қимылды күшейтуге дайын екендерін растады. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында корей тарапы Бас консулдыққа ведомстволық ақпараттық ресурстарда жариялау үшін арнайы ақпараттық материалдарды жолдайтын болды.

Ким Сон Хидің Корея Ұлттық полиция университетінің бұрынғы басшысы ретіндегі тәжірибесін ескере отырып, тараптар курсанттар алмасу, оқыту семинарларын өткізу және криминалистика саласында озық тәжірибе алмасу бағытындағы бірлескен бастамаларды пысықтауға қызығушылық білдірді.

Кез келген төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен Пусан қалалық полиция басқармасы басшылығы арасында тікелей жедел байланыс арнасы ресми түрде бекітілді.

Кездесу жылы қабылдау мен өзара сенімге негізделген ашық диалог жағдайында өтті.

03 июля 2026
ХАБАРЛАНДЫРУ!!!

6 шілде — Астана күніне орай Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығында азаматтарды қабылдау ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ.

Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығы

 

16 июня 2026
Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды

Астана, 2026 жылғы 1 маусым - Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.

Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.

Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.

Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.

Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.

«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.

Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.

11 июня 2026
Назар аударыңыз! Төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін адамдар көп жиналған жерде өзіңізді ұстау ережелері

Құрметті Қазақстан Республикасының Корея Республикасында тұрақты тұратын және турист ретінде уақытша жүрген азаматтары!

Қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету мақсатында, жаппай іс-шаралар өткізу кезеңінде, сондай-ақ Пусан қаласында ауқымды концерттік бағдарламалар қарсаңында қоғамдық орындарда адамдар санының артуы күтілуіне байланысты, Пусан қаласы әкімдігінің қауіпсіздік шараларын сақтау және адамдар көп шоғырланатын орындардағы жүріс-тұрыс қағидалары жөніндегі ұсынымдарын жолдаймыз.

Көпшілік жиналатын орындардағы қауіпсіздік ережелері

01. Адамдар көп жиналатын орындарға барар алдында Баратын орынды, ондағы адам санының шоғырлану деңгейін, сондай-ақ жақын маңдағы қозғалыс бағыттарын алдын ала тексеріңіз.

02. Егер сіз адамдар көп жиналған орында болсаңыз Жаяу жүргіншілер қозғалысының еркін жүруін қамтамасыз ету үшін жолдың оң жағымен жүріңіз.

Адамдар көп шоғырланған жерлердегі тар өткелдер мен еңіс аумақтарда жазатайым оқиғалардың қаупі жоғары болатындықтан, ерекше сақ болыңыз.

Қозғалыс баяулай бастаса немесе айналаңыздағы адамдармен тығыз жанасу орын алса, бұл жерден дереу кетуге тырысыңыз.

Қауіпті сезінген жағдайда 112 немесе 119 нөмірлеріне шұғыл хабарласыңыз.

03. Егер сіз көпшілік арасында қалып қойып, шыға алмай жатсаңыз,

Егер жаныңызда бала болса, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оны қолыңызға алыңыз немесе иығыңызға отырғызыңыз.

Кеудеңізді қорғап, тыныс алуға мүмкіндік жасау үшін екі қолыңызды кеудеңіздің алдына қойыңыз немесе бір қолыңызбен екінші қолыңыздың білегінен ұстаңыз.

Егер құлап қалып, орныңыздан тұра алмасаңыз, басыңызды екі қолыңызбен жауып, аяқтарыңызды денеңізге барынша жақын тартып, өзіңізді қорғау үшін денеңізді домалақ күйге келтіріңіз.

Шұғыл байланыс нөмірлері 📞 112 — Полиция 📞 119 — Өрт сөндіру қызметі және жедел медициналық көмек

Көрсетілген нұсқаулықпен танысып, төтенше және өзге де күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда ондағы ұсынымдарды басшылыққа алуларыңызды сұраймыз.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығына шұғыл байланыс телефонына дереу хабарласуларыңызды сұраймыз:

📞 +82 10-5566-0425

Құрметпен,

Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығы

16 мая 2026
Елордада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталды

Елордадағы «Barys Arena» спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталды. Оған әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын турнирді PGL Esports SRL ұйымдастырды. Жарысқа әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысуда, олардың арасында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic бар. Шақырылған қонақтардың арасында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ әлем чемпионы Габриель Толедо бар. Турнир Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Сарапшылар әлемдік аудиторияның киберспортқа деген қызығушылығының артуы аясында Қазақстанда мұндай ірі жарыстарды өткізу Астананың шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыратынын атап өтті.

Елордаға Мәскеуден арнайы ұшып келген көрермендердің бірі Александр Белобух турнирдің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады.

«Мен Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Қазір аң-таң күйде отырмын Әсіресе, жастардың киберспортқа деген зор қызығушылығы қуантады. Бұл көп жағдайда Қазақстанда қазір бразилиялық FURIA Esports клубында ойнайтын Даниил Голубенко сияқты мықты ойыншының болуымен байланысты болса керек.

Шыны керек, ол жастардың нағыз кумирі және оған әбден лайықты. Голубенко сапалы ойын көрсетіп, Қазақстанның намысын әлемдік аренада лайықты қорғап жүр. Туризмді дамыту тұрғысынан бұл елдің өз брендін қалай дамытып, уақытпен бірге келе жатқанын көрсететін тамаша үлгі», – деп атап өтті Александр Белобух.

Спорт шолушысы және сарапшы Нұрболат Жомарт отандастарымыздың киберспортты дамытуға белсенді араласуын ескере отырып, Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізуді заңдылық деп санайды.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын PGL Астанада турнир өткізеді дегенге сену қиын еді. Алайда ұйымдастырушылар ТМД елдерінде Counter-Strike 2 өте танымал екенін және мұнда да үздік ойыншылардың бар екенін көріп отыр. Солардың бірі – mo0N лақап атымен танымал Абдурахим Иса. Ол өте мықты киберспортшы және оның командасы финалға жете алады деп сенгім келеді.

Даниил Голубенко қазірдің өзінде тәжірибелі ойыншы, ал турнир иесі ретіндегі трибунадағы жанкүйерлерінің қолдауы маңызды рөл атқаруы мүмкін. Соған қарамастан, турнирдегі бәсекелестік өте жоғары, әсіресе Team Spirit тарапынан», – деп баса айтты сарапшы.

Турнирге қатысушылар да PGL Astana 2026 өткізу оқиғалық туризмді дамытуға ықпал ететінін және Астананың ірі киберспорттық іс-шараларды өткізуге арналған халықаралық алаң ретіндегі позициясын нығайтатынын атап өтті.

15 мая 2026
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!!! МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ

Соңғы уақытта Корея Республикасында Қазақстан Республикасы азаматтарының ұсталу жағдайлары, сондай-ақ оларды алаяқтық схемаларға қатысы бар немесе қылмыстық әрекеттерге жәрдемдесті деген айыптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілері жиілеп отыр.

Азаматтарды мұндай әрекеттерге тартудың кең таралған тәсілдерінің бірі – онлайн жұмыс ұсыну, оның ішінде мессенджерлердегі анонимді топтар мен телефон байланысы арқылы «жеңіл» әрі тез табыс табу туралы ұсыныстар жасау болып табылады. Әдетте белгілі бір тапсырмалар мен әрекеттерді орындағаны үшін оңай ақша табу ұсынылады.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ерекше атап өткен жөн. Тікелей қасақана ниеттің бар-жоғына қарамастан, Корея Республикасының заңнамасына қайшы келетін белгілі бір әрекеттер құқық бұзушылық немесе қылмыстық іс-әрекет ретінде бағаланып, тиісті құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін.

Алаяқтық схемаларға қатысу, оның ішінде арнайы телекоммуникациялық жабдықтарды, байланыс құралдарын және операторлардың SIM-карталарын заңсыз пайдалану, сондай-ақ халықты алдап, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған дауыстық және автоматтандырылған (роботтандырылған) телефон алаяқтығын жүзеге асыру Корея Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр қылмыс болып саналады және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

⚠️ Ерекше назар аударамыз: SIM-карталарды, ұялы телефондарды, банк карталарын, байланыс жабдықтарын беру, үшінші тұлғалардың өтініші бойынша ақша қаражатын алу немесе аудару, сондай-ақ жеке деректеріңізді немесе банктік реквизиттеріңізді ұсыну секілді алғашында «қарапайым тапсырма» болып көрінетін бір реттік әрекеттердің өзі Корея Республикасының құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз әрекетке жәрдемдесу ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

⚠️ Қазақстан Республикасының Пусан қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасы азаматтарын Корея Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға, барынша қырағылық, сақтық және жеке жауапкершілік танытуға, ұсынылатын кез келген қызметтің заңдылығын мұқият тексеруге, сондай-ақ күмәнді және заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартуға шақырады. Ешқандай жағдайда ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін «жеңіл табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға келіспеу қажет.

06 мая 2026
PGL Astana 2026: әлемнің үздік командалары елордада бас қосады

Астана тағы да әлемдік киберспорттың назарын өзіне аударады. Қалада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Counter-Strike 2 бойынша өтетін бұл додаға әлемнің үздік 16 командасы жиналып, миллиондаған аудитория көз тігетін ірі аренаға айналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнир 15-17 мамыр аралығында Barys Arena алаңында өтеді. Оған әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысады.

2025 жылы өткен турнир үлкен табысқа жетті: онлайн көру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетіп, халықаралық аудитория тарапынан жоғары қызығушылық болды. Соның нәтижесінде Астана әлемдік киберспорттың жаңа орталықтарының бірі ретінде өз мәртебесін нығайтты. 2026 жылы турнирдің қайта өткізілуі осы жетістіктің логикалық жалғасы болды.

Турнирдің ұйымдастырушысы – PGL Esports SRL, киберспорт жарыстарын өткізетін әлемдегі жетекші операторлардың бірі.

2026 жылы турнирдің жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұл оны «Counter-Strike 2» бойынша мейджорлардан (киберспорт турнирлер сериясынан) жоғары жүлде қоры бар жарыстардың біріне айналдырады.

05 мая 2026
ULTTYQ ÓNIM - 2026

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ халықаралық серіктестерді, қаржы институттарын және бизнес қауымдастықты 2026 жылғы 22–24 мамыр аралығында Астана қаласындағы Халықаралық көрме орталығы EXPO алаңында өтетін отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы ULTTYQ ÓNIM 2026 көрмесіне қатысуға шақырады.

ULTTYQ ÓNIM — шамамен 600 қазақстандық өндірушіні біріктіретін және бизнесті дамыту мен халықаралық ынтымақтастыққа мүмкіндік беретін негізгі ұлттық алаң.

Көрме аясында:

  • отандық компаниялардың өнімдері таныстырылады
  • іскерлік және халықаралық әріптестіктер орнатылады
  • инвестициялық және қаржылық шешімдер іздестіріледі
  • шетелдік серіктестермен B2B-кездесулер ұйымдастырылады

Іскерлік бағдарлама аясында халықаралық ұйымдар, қаржы институттары мен банктер өкілдерінің қатысуымен Бизнес-форум өткізіледі.

Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын және компанияларды қатысушылар қатарында көруге қуаныштымыз.

Тіркелу сілтемесі:
https://forms.gle/VJx27SDa3aLXu4aD6

«Даму» қоры — біздің қолдауымыз, сіздің дамуыңыз.

Қатысу мәселелері бойынша:
aidana.seitkhan@fund.kz
assel.akbotayeva@fund.kz

 

05 мая 2026
«Алтын виза» және салықтық жеңілдіктер: Қазақстанның көші-қон саясаты қалай өзгереді

Қазақстан инвесторларды, білікті мамандарды және таланттарды тартуға бағытталған жаңа көші-қон саясатының моделіне көшуде. Тиісті Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Құжат ауқымды цифрландыру реформасын және бұрынғы рұқсат-квоталық жүйеден бас тартып, ынталандырушы тәсілге көшуді көздейді. Негізгі мақсат — елде инвестициялар мен адами капитал үшін өңірлік хаб қалыптастыру. Барлық өзгерістерді іске асыруды Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды.

Реформа аясында визалық жүйе қайта қаралады. Виза санаттары біріздендіріліп, жаңа форматтармен толықтырылады. Инвесторлар мен директорлар кеңесінің мүшелеріне арналған бизнес-виза, ғалымдар, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері және жетекші жоғары оқу орындарының түлектері үшін білікті маман визасы, сондай-ақ нақты инвестициялық жобаларға қатысушыларға арналған уақытша жұмыс визасы енгізіледі. Негізгі элемент — инвесторлар мен сұранысқа ие мамандарға арналған «Алтын виза» болады. IT мамандары үшін оны рәсімдеу мерзімі шамамен бір айды құрауы мүмкін. Бұл визаның иелері мемлекеттік қызметтерге кеңейтілген қолжетімділікке ие болып, іс жүзінде азаматтардың құқықтарына жақын деңгейге ие болады.

«Алтын виза» иелері мен олардың отбасы мүшелеріне елеулі салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жеке табыс салығынан, сондай-ақ мүлік пен жер салығынан босатылады. Есептілік те жеңілдетіледі — мұндай резиденттер жалпыға бірдей табысты декларациялау міндетінен босатылады. Сонымен қатар, мемлекеттік және қаржылық қызметтерге қол жеткізу үшін жеке куәлікке балама болатын цифрлық резидент ID енгізіледі. Сондай-ақ шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының дипломдары нострификация рәсімінсіз автоматты түрде танылады.

Реформаның тағы бір бағыты — цифрландыру. Шетел азаматтары үшін e-Residency модулі бар бірыңғай QazETA платформасы құрылып, өтінімдерді «бір терезе» қағидаты бойынша қашықтан тапсыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, e-Residency Invest бағдарламасы іске қосылып, электрондық резиденттерге Қазақстандағы және Astana International Financial Centre алаңындағы жобаларға серіктес банктер арқылы инвестиция салуға жағдай жасалады.

Сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларында міндетті түрде ағылшын тілінде қызмет көрсетілетін аймақтар қалыптастырылады. Бұл медициналық мекемелерге, мектептерге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, полицияға және коммуналдық қызметтерге қатысты болады. Алматыда сондай-ақ жасанды интеллект жобаларын дамытуға арналған Almaty AI Hub іске қосу жоспарлануда.

Өзгерістер Astana International Financial Centre қызметіне де әсер етеді. Салықтық резиденттік алу үшін ең төменгі болу мерзімі 90 күннен 30 күнге дейін қысқартылады, бұл мобильді инвесторлар үшін тартымдылықты арттыруы тиіс. Ұлттық банк пен бейінді ведомстволарға жаңа резиденттер үшін қолайлы қаржылық режим қалыптастыру, соның ішінде реттеуші «sandbox» аясында арнайы төлем карталарын енгізу тапсырылды.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсуі тіркелді.

05 мая 2026
«Бәйтерек» кешені: Қазақстан космонавтикасының жаңа дәуірі сәтті басталды

Байқоңыр ғарыш айлағында тарихи оқиға орын алды: 45-ші алаңнан «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені арқылы орта класты «Союз-5/Сұңқар» перспективті зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы жүзеге асырылды.

Толығырақ : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1212920?lang=kk

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары