Экология және өңіраралық ынытмақтастық мәселелері талқыланды

Экология және өңіраралық ынытмақтастық  мәселелері талқыланды

Бразилиа, 2024 жылғы 29 қараша – ҚР-дың Бразилиядағы Елшілігінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтың Бразилия мэрлері мен муниципалитеттері Ұлттық Конфедерациясының (CNM) Президенті Паоло Зиулкоски және Бразилияның климаттық институтының Президенті Питер фон Болен-Хальбахпен кездесуі өтті.

ҚР Елшісі сұхбаттасушыларды ел басшылығы жүргізіп отырған реформалар аясындағы елдің саяси және экономикалық дамуымен, сондай-ақ жаһандық экологиялық күн тәртібі аясындағы ҚР ұлттық саясаты және халықаралық міндеттемелерімен таныстырды. Әңгіме барысында қоршаған ортаны қорғау және халықты әлеуметтік қолдау бойынша екі ел өңірлерінің тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Осы тұрғыда тараптар климатты қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда Белем қаласында (2025 жылғы 10-21 қарашада) БҰҰ-ның COP30 климаттық саммиті аясындағы өзара іс-қимыл жоспарын, сондай-ақ ү.ж. 15 қарашада Бакуде БҰҰ-ның COP29 климаттық конференциясы аясында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың Бразилия климаттық институтының басшылығымен өткен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды талқылады.

Өз кезегінде CNM Президенті қазақстандық тарапты серіктес ел ретінде 2025 жылғы мамырда Бразилияда өтетін мэрлер мен муниципалитет басшыларының кезекті «MARSCHA XXVI» форумына қатысуға және климатты қорғауға арналған панельдік сессияда баяндама жасауға шақырды.

Анықтамалық: «MARCHA» қалалар мен муниципалитеттер мэрлерінің ұлттық конгресі 1998 жылы құрылған және 5000 муниципалитет, ел президенті мен үкіметі арасындағы диалогтың негізгі алаңы болып саналады. Оның аясында федералдық деңгейде экономика, экология, көлік және инфрақұрылым мәселелері талқыланады. CNM Президенті - атақты бразилиялық саясаткер Пауло Зиулкоски болып табылады.

Қазіргі уақытта Қарағанды ​​облысының Баия штатымен (2021 ж.) және Алматы облысының Рио-Гранди-ду-Сул штатымен (2024 ж.) серіктестігі арқылы Қазақстан мен Бразилия арасындағы өңіраралық байланыстары орнатылды.

Қызмет бағыты