Бразилиялық БАҚ-пен кездесу

Бразилия, 2023 жылғы 12 желтоқсан - Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, сондай-ақ ағымдағы жылы Қазақстанның Бразилиямен екіжақты ынтымақтастығының негізгі тұстарына арналған бразилиялық БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингісі өткізілді.
ҚР-ның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің тарихи маңыздылығын атап өтіп, биылғы жылы Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу аясында қолдау көрсеткендері және тығыз ынтымақтастық үшін бразилиялық БАҚ-тарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Б.Нүсіпов журналистерге Қазақстандағы саяси өмірдің негізгі оқиғалары мен биылғы жылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы айтып берді. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша конституциялық реформаларды жүргізудің маңыздылығына, сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағытының қағидаттарын айқындаған «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асырудың маңыздылығына басты назар аударылды.
Кездесудің жалғасында бразилиялық БАҚ өкілдері Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» (2023 жылғы 4 желтоқсандағы) жарлығының негізгі тұстарымен, сондай-ақ жаңадан құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің өкілеттіктерімен таныстырылды.
Бұл ретте, Елші Бразилияның іскер топтарын Қазақстанның стратегиялық орналасуын ескере отырып, еліміздің нарығын неғұрлым белсенді игеруге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға шақырды.
Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы негізгі серіктесі болып табылып, екі ел арасында тұрақты саяси диалог орнады. Экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстар қарқынды дамып келеді. Мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастық кеңеюде. Биыл Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қатынастар орнауының 30 жылдығын атап өтуде.