Қазақстанның Бразилия өңірлерімен ынтымақтастығы кеңеюде

Гояния, 2022 жылғы 31 қазан – Гояс штатының астанасы Гояния қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Мәдениет жөніндегі Хатшысы Марсело Евгенио Карнейромен және Cауда Федерациясының Президенті Марсело Байоккимен кездесулер өткізді.
Мәдениет жөніндегі Хатшымен әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени алуандығы туралы ақпарат алмасып, 2023 жылы Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру арқылы мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Сауда Федерациясының Президентімен кездесуде тараптар Қазақстанның Бразилиямен сауда-экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Қазақстандық дипломат Федерация басшылығын 2021 жылда құрылған «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен Бразилияның Ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының тең төрағалығымен құрылған «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің жұмысына қосылуға шақырды.
Сапар соңында Болат Нүсіпов қазақстандық «FORTE TRIO» триосының қорытынды концертіне қатысты. Гоянияның талғампаз көрермендері қазақстандық музыканттарға қошемет көрсетті. Трионың концерті «Teatro Goiânia» қалалық театрында өтті.