Қазақстан Елшілігінің Бразилия Парламентімен ынтымақтастығы кеңеюде

Бразилия, 2021 жылғы 13 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Елшілігіне Бразилия Ұлттық конгресі палатасының депутаты, Парламенттің төменгі палатасының «Бразилия-Қазақстан» парламенттік достық тобының жетекшісі Клаудио Кажаду сыпайылық сапармен келді.
Кездесу барысында Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов сұхбаттасын Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы негізгі жетістіктерімен және елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды, сондай-ақ парламентаралық диалогты дамыту екі ел арасындағы саяси диалог басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Клаудио Кажаду Қазақстанды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, Елшіліктің құрметті қонақтар кітабына естелік жазба енгізді. Сонымен қатар, депутат тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына үлкен қызығушылық танытып, еліміздің барлық жетістіктері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар саясатындағы сабақтастықты оң бағалады.
Әңгіме барысында келесі жылдың басында екі ел парламенттері төменгі палаталарының достық топтарының алғашқы бірлескен отырысын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.