GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Все материалы
20 октября 2026
Қазақстан құрамасы FIE әлемдік рейтингінде алғаш рет көш бастады
19 октября 2026
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «С5+1» форматындағы министрлік кездесуге қатысты

2026 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Самарканд қ. өткен Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволары басшылары және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан «С5+1» форматындағы министрлік кездесуге қатысты.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік өзара байланыстылықты нығайту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстан СІМ басшысы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытқан «С5+1» форматының қалыптасуындағы Қазақстан мен АҚШ-тың тарихи рөлін атап өтті.

Министр сауданы кеңейтудің, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың және жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар іс-шара қатысушылары аса маңызды минералдар, энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптардың ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға дайындығын білдіретін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Самарканд қ. іссапары аясында, ҚР Сыртқы істер министрі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

М. Тілеуберді іскерлік байланыстарды нығайтудың, америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың, сондай-ақ энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, М. Рубио G20 саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматтағы сапармен келуге мүдделі екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Америка кеңейтілген стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға және нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге өзара мүдделілік расталды.

16 октября 2026
Словакияда BARS5 жастар ғылыми байқауының финалы өтті: жеңімпаздар Қазақстанға экспедицияға аттанады

Словакияда жалпыұлттық «BARS5» жастар ғылыми байқауының бесінші маусымы аяқталды. Байқауға елдің түкпір-түкпірінен 228 жоғары сынып оқушылары қатысты. Финалдық кезең Жоғары Татра тауларында өтті.

Байқаудың бас жүлдесі – Қазақстанға бір айлық ғылыми-зерттеу экспедициясы. Сапар барысында оқушылар бірегей табиғи қорықтарды аралап, экологиялық бастамаларға қатысады және халықаралық ғылыми топтармен бірлесіп далалық зерттеулер жүргізеді.

Байқау жеңімпаздары - Братислава қаласындағы Дарынды балаларға арналған мектеп командасы. Қазақстанға жоспарланған экспедицияға олармен бірге Братиславадағы Грёсслингова көшесінде орналасқан гимназияның финалистері де барады.

Марапаттау рәсіміне ҚР Словакиядағы Елшілігінің дипломаттары қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, Қазақстанның туристік және ғылыми-зерттеу әлеуетімен таныстырды.  

«BARS5» байқауы Словакия Ғылым академиясының жетекшілігімен Словак Республикасының Білім, ғылым, зерттеулер және жастар министрлігімен, Қазақстанның Словакиядағы Елшілігімен және AMBA қауымдастығымен бірлесіп, Словакияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының қамқорлығымен ұйымдастырылған.

16 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі

2026 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереван қаласында өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысты.

Саммитке қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы табиғатты сақтау жөніндегі халықаралық күш-жігерді үйлестіру және келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілікке ие екенін атап өтті. Президент табиғатты сақтау мен жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттары еліміздің жаңа Конституциясында көрініс тапқанын айтты. Осы тұрғыда азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етіп, жалпыұлттық идеологияның маңызды бөлігіне айналып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек кездесетін жануарлар түрлерінің популяциясын қалпына келтіру бағытындағы жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, киік популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін атап өтті. 2026 жылғы маусымда Ресейдің, БҰҰ Даму бағдарламасының, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) және басқа да халықаралық серіктестердің қолдауымен соңғы 70 жылда алғаш рет Тұран жолбарысы Қазақстанның табиғи ортасына жіберілді. Қорғау шараларын күшейту және ғылыми мониторинг жүргізу нәтижесінде қар барысының популяциясы 1990 жылдардағы сындарлы деңгейден 190 басқа дейін өсті. Сонымен қатар чех, неміс және мажар серіктестермен бірлесіп, Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы экожүйелерді қорғау бағытында бірқатар жаһандық және өңірлік бастамаларды ұсынды:

1. Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру;

2. Су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру. Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынған болатын. Бұл бастама Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіруге және оған мүдделі барлық мемлекеттердің қатысуына мүмкіндік береді.

3. Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыруды ұсынды. Бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне Биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын іске асыруда қолдау көрсетуге ықпал етеді.

4. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынды.

5. Каспий теңізін сақтау: Президент Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты Арал теңізінің тағдырын қайталауға жол бермеу үшін күш жұмылдыруға шақырды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау бастамасын көтеріп отыр.

COP17 аясындағы Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша көшбасшылар саммитінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.

16 октября 2026
Қазақстан Президентінің АӨСШК-нің VII саммитіндегі бастамалары: қауіпсіздік, цифрландыру, логистика және экология

2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Баку қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитіне қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде АӨСШК-ні институционалдық тұрғыдан нығайтуға, көлік-энергетикалық дәліздерді дамытуға, цифрлық трансформацияны ілгерілетуге және жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешуге бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды.

Ұйымның институционалдық дамуы мәселесіне тоқтала отырып, Президент АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісін түпкілікті аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Кеңестің Жарғысы жақын арада қабылданады деген үмітін білдірді.

Саяси декларациялардан нақты нәтижелерге көшу мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. Бұл тетік қақтығыстардың алдын алуға, дағдарыстар туындамай тұрып бейбітшілікті нығайтуға және қатысушы мемлекеттердің шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде қатысуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Лаостың АӨСШК-ге толыққанды қатысушы мемлекет ретінде қосылуын құптап, Кеңестің БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да халықаралық институттармен өзара іс-қимылын нығайту арқылы Азиядағы және одан тыс өңірлердегі қайшылықтарды еңсерудегі рөлін арттыруға шақырды.

Президент жасанды интеллект мәселелеріне де ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні АӨСШК аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарына қосуды ұсынды. Сондай-ақ, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, жасанды интеллектімен толықтыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама жаңа технологиялардың тәуекелдерін бірлесіп бақылауға және цифрлық кеңістіктегі сенім шараларын дамытуға бағытталған.

Осы орайда Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы орналастыратынын атап өтіп, серіктестерді оның жұмысына атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасының стратегиялық маңызы атап өтілді. Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін бұл желі Еуразия кеңістігінде деректер алмасуды жеделдетіп, оның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат өңірдегі негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасы бар.

Энергетика мәселесіне тоқтала отырып, Президент Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия жеткізуді дамыту жөніндегі ынтымақтастықты атап өтті. Бұл стратегиялық әріптестік үш елдің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстыруды және Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуды көздейтін Каспий жасыл энергетикалық дәлізін құруға негіз қалайды. Сонымен қатар Қазақстанның Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемін кезең-кезеңімен арттыруға дайындығы расталды.

Су ресурстары, экология және адами капитал саласындағы ынтымақтастық мәселелері де сөздің маңызды бөлігіне айналды. Тұщы су тапшылығы мен экожүйелердің тозуы жағдайында Мемлекет басшысы технологиялар алмасуды дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және су үнемдейтін шешімдерді енгізуге бағытталған АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынды. Сонымен қатар ол Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын жаһандық деңгейде бірлесіп ілгерілетуге шақырды.

Сонымен қатар Президент АӨСШК-нің адами капитал жөніндегі серіктестігін құруға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Бағдарлама аясында ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге көзделген.

Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.

16 октября 2026
«OQ Startup» үздік жобалар байқауы туралы

«Отандастар» қоры шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын 15-30 жас аралығындағы этникалық қазақтарды «OQ Startup» байқауына қатысуға шақырады.

Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық әрі әлеуметтік бағыттардағы жобалар қабылданады.

Қатысу үшін ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOV форматындағы бейнеролик немесе көлемі 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы презентацияұсыну қажет. Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.

Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.

Жұмыстарды 2026 жылғы 30 қазанға дейін Oqbaiqau@gmail.com электрондық поштасына жіберу қажет.

Толық ақпарат «Отандастар» қорының ресми сайтында: https://oq.gov.kz/news/1564

 

 

 

14 октября 2026
Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары туралы

2026 жылғы 11-14 қазан аралығында Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапары өтті. Бельгия делегациясының құрамына үкімет пен өңірлік билік органдарының, іскер топтар мен академиялық қауымдастықтың 110-ға жуық өкілі кірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистика және технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бельгияның сыртқы істер министрліктері арасындағы 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Тараптар денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (МСАК) рөлін арттыру бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын да қарастырды. Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманың күшіне енгені атап өтілді.

«Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің IV отырысы аясында тараптар инвестициялар тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, оның ішінде Антверпен-Брюгге порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ аса маңызды шикізат, шикізатты терең өңдеу және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан Еуропалық одақ аса маңызды шикізатқа жатқызатын 34 түрдің 21-ін өндіреді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық қатынастардың оң серпінін және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті. Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын он ірі елдің қатарына кіреді. 2005–2025 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстанға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 14,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 582,4 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсті.

Қазақстан-Бельгия ректорлар форумына екі елдің 29 университеті мен ғылыми-зерттеу ұйымының басшылары қатысты. Форум аясында екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы цифрлық трансформация бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық және бельгиялық жоғары оқу орындары мен ұйымдар арасында 20-дан астам құжатқа қол қойылды.

Сапар қорытындысы Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. 2027–2029 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жоспарлау, сондай-ақ білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен бастамаларды дамыту екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға және оның бағыттарын әртараптандыруға негіз болады.

14 октября 2026
Братиславада өткен Asian Day фестивалінде Қазақстанның ұлттық мәдениеті тағы бір қырынан танылды

Братиславаның тарихи орталығында Азия елдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыруға арналған Asian Day халықаралық мәдени фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Вьетнам, Жапония, Индонезия, Қытай, Палестина және Үндістанның дипломатиялық өкілдіктері қатысты.

Фестиваль Азия халықтарының мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Словакия астанасының тұрғындары мен қонақтарын қатысушы елдердің ұлттық дәстүрлері және өнерімен таныстыруға бағытталды.

Іс-шара аясында қатысушы мемлекеттердің ұлттық тұрмыс бұйымдары, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, кәдесыйлары мен дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Көрме келушілерге әр елдің мәдени ерекшеліктерімен, салт-дәстүрлерімен және ұлттық асханасымен танысуға мүмкіндік берді.

Фестиваль бағдарламасында концерттік қойылымдарға да ерекше орын берілді. Қазақстанның мәдени бағдарламасы аясында ұлттық музыкалық мұра мен заманауи өнер үлгілері таныстырылды. Домбырамен орындалған күйлер қазақ халқының дәстүрлі аспаптық музыкасының байлығын паш етсе, қазақ музыкалық шығармаларының заманауи интерпретациялары ұлттық өнердің сабақтастығы мен даму үрдісін көрсетті.

 

08 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты

2026 жылғы 8 қазан, Аваза, Түрікменстан – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ консультативтік кездесуіне қатысты. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтойлық саммит Қазақстанның мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірқатар стратегиялық бастамаларын ұсынуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде өңірлік өзара іс-қимылдың басым міндеттерін атап өтті:

- Сауда-экономикалық әріптестік: өңірішілік тауар айналымын 20 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау және шекара маңындағы сауда-логистикалық кешендерді интеграциялау жұмыстарын жеделдету ұсынылды. Бұл өңірлік қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

- Көлік инфрақұрылымы: өңірдің көлік байланысын нығайтуға, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) және «Солтүстік – Оңтүстік» магистралін дамытуға, сондай-ақ Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарықтарымен байланыстыратын «Арал – Каспий» автомобиль магистралін іске асыруға баса назар аударылды.

- Су ресурстарын басқару: Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау және Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын бірлесіп ілгерілету ұсынылды.

- Цифрландыру және жасанды интеллект: Орталық Азияның жасанды интеллект саласындағы әріптестік бағдарламасын іске қосу және Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның жасанды интеллектіні жауапты пайдалану туралы декларациясын әзірлеу ұсынылды.

- Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту: қазақстандық Silk Way телеарнасының негізінде бірыңғай өңірлік телеарна құру, сондай-ақ 2027 жылы Жастар волонтерлер форумын өткізу ұсынылды.

Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

05 октября 2026
Карпат–Дукла шайқасының 82 жылдығы

Ү.ж. 3 қазанда Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Екінші дүниежүзілік соғыстың қазіргі Словакия аумағында өткен ең ірі әскери операциялардың бірі – Карпат–Дукла шайқасының 82 жылдығына арналған еске алу іс-шараларына қатысты.

Салтанатты рәсім Дукла асуында орналасқан ұлттық мәдени ескерткіш – «Дукла шайқасы алаңы» кешенінде өтті. Іс-шараға Словак Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, Ұлттық кеңесінің төрағасы Рихард Раши, Үкімет мүшелері, дипломатиялық корпус өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен аймақ тұрғындары қатысты.

Анықтама: Дукла асуы үшін болған шайқастар Словакия мен Еуропаны фашизмнен азат етудің басталуына жол ашты. Карпат–Дукла операциясы 1944 жылғы 8 қыркүйекте басталып, кең ауқымды Шығыс-Карпат операциясының құрамында сол жылдың 28 қазанына дейін жалғасты. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қанды әскери операцияларының бірі болды. Операция барысында 13 264 кеңес жауынгері қаза тауып, 48 750-і жараланды. Чехословак корпусының қатарында 1 630 әскери қызметші қаза тауып, 4 069-ы жараланды. Ал қарсылас тараптың шығыны 52 мыңнан астам сарбазды құрады.

 

 

Социальные сети
Embassy of the Republic of Kazakhstan to the Slovak Republic
Embassy of Kazakhstan 🇰🇿 in the Slovak Republic
Embassy of the Republic of Kazakhstan to the Slovak Republic
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары