Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Қазақстан мен Словакия екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына үлкен мән береді, сондықтан өткен жылдар белсенді шығармашылық оқиғаларға толы болды.
Әртүрлі жылдары Словакияда «Қазақстан Камератасы» ансамблі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхаммедқызы, Жәмилә Серкебаева өнер көрсетті.
2017 жылғы 26 сәуірде Братиславада дипломатиялық қатынастардың орнатылғанының 25 жылдығына орай «Дәуір» этно-фольклорлық ансамблінің және «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті оркестрінің қатысуымен гала-концерт өтті. Концертке Словакия Үкіметінің, Парламентінің, іскерлік, мәдени және журналистік топтарының, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың өкілдерін қосқанда 700 адам қатысты. Гала-концерт Словак филармониясының әйгілі «Редута» концерттік залында өтті.
2017 жылғы 6 желтоқсанда Братиславада гала-концерт және Kazakhstan Fashion Week Astana қазақстандық сән индустриясының көрсетілімі өтті. Ұлттық дизайнерлердің қазақ халқының мәдениеті мен рухани дәстүрлерін ашатын топтамалары көрсетілді.
Өз кезегінде, 2017 жылғы 18 шілдеде Астанадағы ЭКСПО-2017-дегі Словакияның Ұлттық күні аясында атақты словак сәнгерлерінің сән көрсетілімімен бірге көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атақты «Лучница» словак фольклорлық-би ансамблінің концерті өтті.
Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан мен Словакиядағы оқиғалар туралы жағымды сипатта үнемі хабарлап отырады. Тұрақты түрде тілшілердің пресс-турлары ұйымдастырылып отырады, мысалы, тек 2018 жылы «Хабар-24» телеарнасы Словакияға екі рет келіп, екіжақты қатынастар туралы бірқатар репортаждар шығарды. 2018 жылғы 10 желтоқсанда Братиславада словак қоғамының беделді өкілдерінің басын қосқан «Қазақстан-Словакия: өзара түсіністік пен әріптестіктің 25 жылдығы» кітабының тұсауы кесілген конференция өтті. Іс-шара барысында қатысушылардың шынайы қызығушылығын тудырған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының презентациясы өтті.
Білім саласындағы байланыстар белсенді дамуда. Жоғары оқу орындары арасындағы сәтті ынтымақтастықтың негізін 2009 жылғы 2 қарашада екі елдің білім министрліктері арасында қол қойылған тиісті меморандум қалады.
Қолданыстағы келісімдер және университеттер арасындағы байланыстар екі елдің университеттерінде магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өтуіне, докторлық диссертацияларды бірлесіп ғылыми басқаруға, студенттер және профессорлық-оқытушылық құрам алмасуға мүмкіндік береді. Осылайша, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Кирилл және Мефодий университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға, Братиславадағы Словак техникалық университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Прешов университетімен, Нитра қаласындағы Словак ауылшаруашылық университетімен және Кирилл және Мефодий университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің Нитрадағы Константин Философ университетімен ынтымақтастық туралы келісімі бар. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Братиславадағы Коменски университетімен, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Жилина университетімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің A. Дубчек атындағы Тренчан университетімен келісімі бар.