Бейрутта Қазақстанның Республика күніне арналған дипломатиялық қабылдау өтті.

Жарияланған күні: 06 қараша 2025
Бейрутта Қазақстанның Республика күніне арналған дипломатиялық қабылдау өтті.

24 қазанда Қазақстан Елшілігі Ливан астанасы Бейрутта Республика Күніне арналған Қабылдау өткізді. Іс-шараға жергілікті саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, ғылыми-академиялық орта өкілдері, шетелдік дипломаттар және Ливанда тұратын отандастардан тұратын 200-ге жуық қонақтар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Ливан президенті Джозеф Аунның атынан Әкімшілік реформалар министрі Фади Макки және Бейрут губернаторы Маруан Абад болды.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Расул Жұмалы екі ел қарым-қатынастарының достық және үдемелі сипатын атап өтіп, Ливанның алдағы уақытта тұрақты гүлденуіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар Елші Қазақстанның тарихи қалыптасу жолы және бүгінгі таңдағы экономикалық, мәдени жетістіктері туралы қысқаша баяндады. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты арқасында Қазақстан алыс-жақын шетелмен, оның ішінде Араб әлемімен, достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды сақтай отырып серпінді дамуға мүмкіндік алғанына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ Қазақстанның Ливандағы Құрметті консулы, ливандық «Consolidated Construction Company» компаниясының Бас директоры Уаджди Малуф Қазақстанмен серіктестіктің тиімділігі туралы жеке баяндама жасады. Аталған компания Қабылдауды ұйымдастыруға демеушілік жасады.

Қонақтар назарына қазақ халқының ұлттық аспабы - домбыраның сүйемелдеуімен Қазақстан туралы бейнефильм көрсетілді, фотокөрме ұйымдастырылды және ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.