Екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар көп ретте Ливандағы ұзақмерзімді дағдарыстың және алуан түрлі объективті кедергілердің салдарынан тежеліп отыр. ҚР Ұлттық статистика бюросының есептері бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қазан айларындағы жағдай бойынша Қазақстан мен Ливан арасындағы өзара сауда айналым көлемі 758,3 мың АҚШ долларын (экспорт – 49,7 мың долл., импорт – 708,6 мың долл.) құрады. 2022 жылдың 12 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 620,9 мың АҚШ доллар (экспорт – 116,0 мың долл., импорт – 504,9 мың долл.) құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллион долларға жеткен еді.
Сонымен бірге ҚР Ұлттық банкінің есептеріне сәйкес 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша, Ливаннан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың көлемі 100,9 миллион АҚШ долларына жетті. 2021 жылы ливандық тікелей инвестициялар көлемі 98,5 миллион доллар, ал 2020 жылы 81,0 миллион доллар болған еді.
Елімізде бірқатар ливандық іскер топтар нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Соның ішінде, мәселен, 2002 жылдан бері мердігерлік «ССС» компаниясы белсенділік танытуда. Ол Қазақстанның батыс өңіріндегі Теңіз кен орнын игерудегі инвестициялық жобаға қатысуда. Сонымен қатар «ССС» Астана қаласындағы көпфункционалды «Абу-Даби плаза» кешенінің, Елордадағы қалалық саябақтың құрылысына атсалысты. Компания басшысы Юсеф Каннан Қазақстанның Ливандағы Құрметті консулы ретінде Елшілікке әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ «Sedar Goods» компаниясы Қазақстанда белсенді жұмыс атқаруда. Компания басшысы Карлос Әл-Хашим 2022-2023 жылдар ішінде бірнеше рет Алматыда болды. Сапар нәтижелерінде Қытайдан Қазақстан арқылы тауар тасымалдау, сондай-ақ Атырау облысынан Ливанға күкірт экспортын ұйымдастыру бойынша «TRANSALL» кәсіпорны құрылды. Осы мақсатта компания Қорғос шекара бекетінде арнайы платформаны жалдады.
Ливанның астанасы – Бейрутта және екінші ірі қаласы – Триполиде жүйелі түрде Қазақстанның инвестициялық және туристтік әлеуетіне арналған форумдар ұйымдастырылып тұрады. Осындай соңғы шара 2023 жылғы мауысым айында Елшіліктің мұрындық болуымен «Why Kazakhstan? Investment and business opportunities» Бейрутта өтті.