ТИМУР ШӘМІЛҰЛЫ СҰЛТАНҒОЖИН – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ГРЕК РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІСІ

ТИМУР ШӘМІЛҰЛЫ СҰЛТАНҒОЖИН –  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ГРЕК РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ  ЕЛШІСІ

2025 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Сұлтанғожин Тимур Шәмілұлы Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

1981 жылғы 5 қыркүйекте Целиноград қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, 2010 жылы Уэльс университетін (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің жанындағы «Казспецэкспорт» РМК маманы ретінде бастаған. 2003 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде Еуропа және Америка департаментінің референті, атташесі, үшінші хатшысы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын ілгерілету орталығының екінші хатшысы лауазымдарын атқарды.

2005-2009 жылдары Польшадағы ҚР Елшілігінде дипломатиялық лауазымдарда қызмет атқарды, одан кейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Директорының арнаулы кеңесшісі, кейіннен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Төзімділік және кемсітпеуге қарсы іс-қимыл департаментінің бағдарламалық офицері болып тағайындалды.

2013-2017 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің Жалпыеуропалық ынтымақтастық басқармасын басқарды, кейін Еуропа департаменті директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2017-2020 жылдары – Грекиядағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі.  

2020-2022 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры болды.

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2022 жылғы наурыздан бастап Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі, Еуропалық одақ және НАТО жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары лауазымын атқарды.

 

II сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие.

 

Ағылшын және поляк тілдерін меңгерген.