«QazETA» Шетел азаматтарына арналған цифрлық платформа

1. Талап қолданылатын тұлғалар санаты
Қазақстан Республикасына кіруге электрондық алдын ала рұқсат алу талабы Қазақстан Республикасына визасыз кіру режимі белгіленген 85 мемлекеттің шетелдік азаматтарына қолданылады.
2. Енгізу кезеңдері
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында, «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Ауқатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде.
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында.
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін қалған барлық өткізу пункттерінде.
- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – электрондық рұқсаттың болуы міндетті талапқа айналады. Оның болмауы Қазақстан Республикасына кіруден бас тартуға негіз болып табылады.
Маңызды: 2026 жылғы 1 қарашадан 2027 жылғы 30 маусымға дейінгі енгізу кезеңдерінде электрондық рұқсаттың болмауы осы негіз бойынша Қазақстан Республикасына кіруден бас тартуға әкеп соқпайды. Бұл ретте шетелдік азаматқа электрондық рұқсатты ресімдеу қажеттілігі түсіндіріледі.
3. Рұқсатты ресімдеу және шекаралық бақылаудан өту тәртібі
Өтініш беру. Өтініш QazETA цифрлық платформасы арқылы Қазақстан Республикасына жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын электрондық нысанда беріледі. Өтініш берушіні сәйкестендіру және (немесе) аутентификациялау көзделеді.
Рұқсаттың қолданылу мерзімі. Электрондық рұқсаттың қолданылу мерзімі – 180 күнтізбелік күн. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында болудың рұқсат етілген мерзімдері Қағидалардың 14 және 24-тармақтарына сәйкес жеке айқындалады.
Ресімдеу құны – 0 теңге (тегін).
Шекарада ұсынылатын құжат. Мемлекеттік шекарадан өту кезінде өтініш беру барысында пайдаланылған жарамды паспорт немесе жеке басты куәландыратын өзге де құжат ұсынылады.
Шекаралық тексеру. Электрондық рұқсаттың болуы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша елге кіруден бас тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды.
4. Электрондық рұқсатты ресімдеуден босатылатын тұлғалар санаттары
Растайтын құжаттары болған жағдайда электрондық рұқсатты ресімдеу талабынан босатылатын тұлғалардың 29 санаты көзделген.
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасына шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін келетін дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
5) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аккредиттеу куәлігі бар тұлғалар;
6) курьерлік парағы болған жағдайда дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломатиялық курьерлер;
7) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетелдік азаматтар;
8) он алты жасқа толмаған тұлғалар;
9) алпыс бес жасқа толған және одан асқан тұлғалар;
10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпестен халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
11) Қазақстан Республикасының жарамды визасы бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар;
12) Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтар;
13) Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азаматтар;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған тұлғалар;
15) пана іздеуші тұлғалар;
16) бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы бар әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
17) кеме рөлінде немесе одан алынған үзінді көшірмеде тиісті жазбасы бар теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
18) әрбір рейске бекітілетін құрамды жасақтау парақтары бойынша қатынайтын пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
19) Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік, іссапар куәліктері (нұсқамалары) бар үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметкерлері;
20) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік, іссапар куәліктері (нұсқамалары) негізінде күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдап алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
21) мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге жүретін тұлғалар;
22) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер, қызметтік куәліктері немесе ұйым басшылығы (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері болған жағдайда;
23) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (шұғыл) қонуды жүзеге асырған әуе кемелерінің жолаушылары;
24) Қазақстан Республикасының халықаралық порттарына мәжбүрлі (шұғыл) түрде кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
25) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде көзделген жағдайда іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін тұлғалар;
26) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында келетін тұлғалар;
27) шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадаларының құрамындағы медициналық ұйымдардың қызметкерлері;
28) халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын, тіркемені қоса алғанда рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда рұқсат етілген пайдалы жүк көтергіштігі 3,5 тоннадан асатын жүк көлік құралдарының жүргізушілері, жүргізуші орнын есептемегенде 12-ден астам отыратын орны бар автобустармен халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін аталған жүргізушілер;
29) қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жерлеу үшін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін тұлғалар.
5. Электрондық рұқсат беруден бас тарту және оның күшін жою
Электрондық рұқсат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 48-бабында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
Электрондық рұқсаттың күшін жою мынадай жағдайларда көзделеді:
-
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 48-бабында белгіленген негіздер анықталған жағдайда;
-
Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданған жағдайда;
-
Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім қабылданған жағдайда;
-
электрондық рұқсат Қағидаларда белгіленген тәртіпті бұза отырып ресімделген жағдайда.
Электрондық рұқсат беруден бас тарту немесе оның күшін жою туралы хабарлама шетелдік азаматқа цифрлық платформа арқылы жолданады.