GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
12 октября 2026
Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі
2026 жылғы 09 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитін өткізу туралы өзекті бастаманы дер кезінде көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын жеткізді. Мемлекет басшысы Каспий теңізінің аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып, бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті.

– Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжанғанын жеткізді.

– Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экологиялық түйткілдерге халықаралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанына тоқталды.

– Біз табиғатты аялау құндылықтарын насихаттау қажет деп ойлаймыз. Бұл қағидаттардың жаңа Конституциямызда көрініс табуы бекер емес. Негізгі заң азаматтарды табиғат пен оның байлығына жанашырлықпен қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамдардың тұрмысы мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекетке жауапкершілік жүктейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Біз қарапайым әрі іргелі қағидаттарды басшылыққа аламыз. Яғни экономикалық даму мен табиғатты қорғау өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтыратын мақсаттар саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтірді.

– Біз Солтүстік Арал теңізінің айдынын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақсарып, балық қоры қайта қалпына келді. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популяциясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін Президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспий ынтымақтастығының берік халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді.

– Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бірқатар негізгі бағытқа аударды. Президент экологиялық қауіп-қатерді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді.

– Каспий маңындағы елдерде деректердің, ғылыми зерттеулер мен бақылаулардың мол қоры бар. Дегенмен ол бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істесе, анағұрлым тиімді болар еді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Каспий экожүйесін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне баса мән берді.

– Су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық сын-қатерлерді уақтылы анықтап, реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, салалық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.

– Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес. Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты – табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтауға және анағұрлым перспективті жобалардың пулын қалыптастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін атап өтті.

– Мұндай жобалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын да қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту керек. Аталған жұмыстарды гранттар, жеңілдетілген несие және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады. Солай болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте маңызды деп санайды.

– Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді тетік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру – баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, табысқа жету мүмкін емес.

– Бізде жемісті жұмыс атқаруға қажеттінің бәрі бар. Яғни саяси диалог орнаған, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлескен күш-жігердің арқасында халықтарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Саммитте Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан және Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

12 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты
2026 жылғы 09 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Сонымен қатар жиынға Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша ТМД қызметіне және Ұйымға мүше елдердің өзара ықпалдастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.

Достастыққа мүше елдер басшыларының шешімі бойынша 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД аясындағы көлік байланысы жылы болып жарияланды.

12 октября 2026
Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі
2026 жылғы 09 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

– Қазақстан Түрікменстанның Ұйымға төрағалық жасаған кезеңінің нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайды. Осыған орай, құрметті әріптес, Сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды. ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміз тәуелсіздік алған кезеңде айқын көрінді десек, артық айтқанымыз емес. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық. Осы жылдарда Достастық ұйымы сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде бүкіл әлемге кеңінен танылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ТМД-ның ең үлкен байлығы – халықтар достастығы, ортақ мәдени және рухани мұра екеніне назар аударды.

– Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы қалыптасып келеді. Жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі күйрей бастады. Технологиялық бәсеке күшейді, белгісіздік белең алып, алдағыны болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда тікелей және сенімді диалог өрбітіп, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешім табу ерекше маңызды. Достастықтың ұдайы сұранысқа ие ұйым болуының бірден-бір себебі осы деп ойлаймын. Мерейлі жылда Алматы декларациясындағы қағидаттарға тағы бір назар аударып, жүріп өткен жолымызды қайта зерделеуді және келешек міндеттерді айқындауды ұсынамын. Қараша айында Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен аталған тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толуына орай халықаралық конференция өтеді. ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшылары мен сарапшыларын конференция жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа тарихи меже алдындағы ортақ міндет – Достастықтың халықаралық беделді ұйым ретіндегі әлеуетін күшейтіп, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу. Бұдан кейін Президент басты ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ең әуелі, ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын белгілеу қажет.

– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие. Бұл ретте ол Қазақстан ТМД елдерінің нарығына әдеттегідей басымдық беретінін айтты – еліміздің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесінде.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістер ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр. Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.

– ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан осы міндеттердің күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Аталған іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін тағы бір перспективті бағыт ретінде аталды.

– Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған еді. Қазақстан осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосуда. Тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте «Жұмсақ инфрақұрылым», яғни жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады. Басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр аясында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру рөлі артып, жасанды интеллектіні немесе суперинтеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанына назар аударды. Оның пайымдауынша, жаңа технологияларды игеріп, төл әзірлемелерін енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі фактор болмақ. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект стратегиясы, заңнама, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру бастамасын көтерді. Оған ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатыса алады. Сондай-ақ Президент келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ЖИ саласы мамандарының ТМД аясындағы арнайы форумын өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтудің маңызына тоқталды. Өйткені адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас, өзара сенім, ұқсас менталитет, сондай-ақ орыс тілі ТМД-ның бірегей сипатын паш ететін ерекшеліктер саналады.

– Қазақстанның ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесі қабылданды. Тамыз айында тұңғыш рет Астанада ТМД волонтерлер форумы өтті. Осы арада волонтерлік ұғымы немесе ізгі істер саясаты жаңа Конституциямызда көрініс тапқанын атап өткім келеді. Яғни волонтерлер конституциялық мәртебеге ие болды, соған сәйкес олардың қызметіне ерекше қамқорлық көрсетіледі. Бастамаларымызға әрдайым қолдау білдіретін әріптестеріме және ТМД елдері үкіметтерінің басшыларына алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің атқаратын рөлін атап өткен маңызды. Орыс тілі өзара түсінісуге, білім беру, ғылым салаларындағы серіктестік пен адамдар арасындағы байланыстың кеңеюіне ықпал етуде. Бұл айдан анық дүние. Сондықтан қадірлі әріптестерімді Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырамын. Дүние жүзінде орыс тілін әр түрлі деңгейде меңгерген 300 миллионға жуық халық бар. Сондықтан аталған ұйымның келешегі жарқын. Мен бұған сенімдімін. Сонымен қатар ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынамын. Аталған қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді. Жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады. Үздік әдеби шығармаларды насихаттау арқылы Достастық халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын зерделеу мүмкіндігі жастарымыздың өзара түсіністігіне жол ашатыны, ең бастысы, қазіргі құбылмалы заманда ынтымағымызды нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Достастықтың халықаралық байланысын кеңейту қажет деп санайды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұсынысымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды.

– Осы бастаманың желісімен «ТМД плюс» форматы пайда болды. Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті. Аталған құжаттың сипаты жағымды, конфронтациялық мазмұннан ада болғаны жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында 35 жыл ішінде Достастық ұйымы мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

12 октября 2026
ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады
2026 жылғы 08 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін аралады.

Түрікменстан павильонында мемлекеттер басшыларының назарына жергілікті бақша және нан-тоқаш өнімдері, түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар әдеби-сазды «Оғыздар» («Огузлар») қойылымы көрсетілді.

Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасы мен заманауи жетістіктерін танытатын бірқатар тақырыптық алаңнан тұрады.

Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мүше елдердің ұлттық тағамдарын әзірлеу барысы таныстырылды.

Фестиваль аясында президенттердің қатысуымен Ұйымға мүше мемлекеттер арасында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

12 октября 2026
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді
2026 жылғы 08 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхамедовпен кездесті.

Мемлекет басшысы ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Кездесуде тараптар ықпалдастықтың барлық бағытында оң динамика байқалатынына тоқталды.

Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды.

Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылды.

12 октября 2026
Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты
2026 жылғы 08 қазан

Түрікменстан, Аваза

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі отырыстың символдық мәні ерекше екенін атап өтті.

– Осы жылдар ішінде тұтас дәуірді қамтыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қатар жемісті жолды еңсердік. Егемендігімізді нығайтып, дамудың төл моделін қалыптастырдық. Халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие болдық. Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады. Ең бастысы, бауырлас халықтарымыздың парасаты мен ынтымақ-бірлігінің арқасында бейбітшілік пен келісім орнаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ортақ стратегиялық тірегімізге айналды. Бұл үрдістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, халықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшыраған тұста өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Консультативтік кездесуге қатысушыларға өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

– Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті.

– Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтеді.

– Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты.

– Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, су проблематикасы – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі.

– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

– Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл тақырып өте өзекті. Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті нейрожелілерді қауіпсіз пайдалану маңызды деп санайды. Бұған қатысты қауіп-қатер халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр.

– Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін айтты.

– Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек. Осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда. Үшінші кездесу 23-24 сәуір күндері Душанбеде өтті. Былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуекелдері және оның алдын алу шараларының тізбесін жоғары бағалаймыз. Мұны барлық тараптың мүлтіксіз орындауы маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге баса назар аударды. Президент аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты.

– Соңғы жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент волонтерлік қозғалыс гуманитарлық ықпалдастықтың құрамдас бөлігі болуы керек деп пайымдайды.

– Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асырудағы тәжірибесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын. Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің тарихымен және мәдениетімен танысуға жол ашылды. Біз Орталық Азия мен Әзербайжандағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынамыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында Консультативтік кездесулерді жетілдіру мәселесін қозғады.

– Меніңше, осы ынтымақтастық форматын таптаурын қалыптан ада, көшбасшылардың тікелей диалог алаңы ретінде сақтау маңызды. Бұдан бөлек, жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығымен, нәтижесімен өлшенуі керек деп санаймын. 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілген. Дегенмен оның аз ғана бөлігі іске асты. Мұны бұлтартпас деректер айғақтайды. Осы орайда, сыртқы саясат ведомстволары аймақтық бастамаларды түгендеп, олардың өзектілігі мен перспективасын анықтағаны жөн. Бұл аталған форматтың тиімділігін арттырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

22 сентября 2026
Мемлекет басшысы туған күніне орай Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің басшылығымен Түрікменстан дамудың даңғыл жолына түсіп, мемлекеттілікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықаралық аренада ел позициясын күшейту бағыттарында таңғаларлық табысқа жеткенін атап өтті.

– Мемлекеттеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігіне қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз, – деп жазды Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентіне сарқылмас күш-қуат және бауырлас түрікмен халқының игілігі жолында атқаратын жауапты қызметіне толайым табыс тіледі.

14 сентября 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС cаммитінде бірқатар елдің және халықаралық ұйымдардың делегация басшыларымен жүздесті

Нью-Делидегі БРИКС саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен,  Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагиммен,  Вьетнам Премьер-министрі Ле Минь Хынгпен, Бурунди Президенті Эварист Ндайишимийемен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен, Таиланд Премьер-министрінің орынбасары Сихасак Пуангкеткеомен аз-кем-әңгімелесті.

Кездесулер барысында түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.

14 сентября 2026
Мемлекет басшысы «БРИКС плюс» саммитіне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқан және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Премьер-министр Нарендра Модиге алғыс айтты.

– Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде «Адамзат – бәрінен маңызды» қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.

– Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.

– Дәл осы себепті бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамуға қажетті алғышарттар саналады. Алайда бұл экономика шеңберіне де сыймайтын мәселе. Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді.

– Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады. Әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – біздің бұлжымас ұстанымымыз. Бұл Қазақстанның барлық серіктестермен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниеттіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлеске іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.

– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол БРИКС плюс форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.

– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, орнықтылық технологиялық тұрғыдан алға басумен ғана өлшенбейді.

– Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал етеріне сенім білдірді.

14 сентября 2026
Мемлекет басшысы Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Аркадаг Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті

Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевты алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, бұл уақиғаның еліміз үшін тарихи мәні зор екенін атап өтті.

Президент түрікмен халқының Ұлт көшбасшысына жылы лебізі және Түрікменстан байқаушыларының сайлау үдерісіне белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов достық әрі стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына көңіл толатынын жеткізді.

Сонымен қатар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейтуге баса мән берілді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары