GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық туралы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Все материалы
13 мая 2026
Аланияда «Таза Қазақстан» науқаны аясында экологиялық акция өтті

Анталия, 2026 жылғы 8 мамыр – 2026 жылғы 8 мамырда Анталиядағы Қазақстанның Бас консулдығы Алания әкімшілігімен бірлесіп қаладағы Абай саябағында экологиялық акция ұйымдастырды.

Бас консулдық бұл іс-шараны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық науқанының шеңберінде үшінші рет өткізіп отыр. Бұл игі дәстүр 2023 жылғы мамырда Анталияда басталды, онда бірлескен күш-жігермен қалалық жағажай қоқыстардан тазартылды.

Бас консул Қуат Канафеев өзінің сөзінде бұл іс-шараны Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығын мерекелеу аясында өткізудің символизмін атап өтті. Табиғат игілігі үшін жасалған бұл бірлескен күш-жігер бейбітшілікті қорғаған аға буынға деген алғыстың белгісі және Қазақстанның табиғат идеалдарына адалдығының айқын көрінісі болды.

«Отырғызылған әрбір ағаш – біз қолдайтын бейбітшіліктің, бізді біріктіретін бірліктің және еліміздің болашағын құратын қажырлы еңбектің символы», – деп атап өтті қазақ дипломаты.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін отандастармен достық пикник форматында кездесу өтті, оның барысында есте қаларлық күндер жылы, бейресми атмосферада атап өтілді.

Бұл іс-шара қазақ диаспорасымен байланысты нығайтуға, батырлардың ерлігі туралы тарихи естелікті сақтауға және шетелдегі отандастар арасында Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік берді.

13 мая 2026
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды

Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының өркендеуін қамтамасыз етіп, адами капиталды ілгерілетуге үлес қосатын заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.

Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрлар даярлауды, білім алушылардың жеке мәліметтерін қорғауды көздейтін Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026-2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітеді.

Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын жұмыс барысында қолдану қарастырылған. Үкімет қала мен ауыл мектептері арасында білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 2026 жылдың 1 маусымына дейін орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру, оны одан әрі кеңінен тарату жөнінде нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.

2026 жылдың 1 тамызына дейін пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептер техникалық тұрғыдан жарақтандырылады, соның ішінде тұрақты, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі.

2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.

Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін педагогтердің кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуын көздей отырып, олардың қызметіне нұқсан келтірмей әрі алмастырмай жасанды интеллект технологияларын білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалануды қамтамасыз ететін шаралар жоспары қабылданады.

Жарлық мәтіні баспасөзде жарияланады.

25 апреля 2026
Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI экожүйесін дамытуға арналған негізі алаң саналатын Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді.

Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.

Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.

Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.

Президент Орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Бұл – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама. Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиімділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты.

Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ.

Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады.

Тағы бір білім беру алаңы – цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы. Мұнда генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын ойлап табу, анимация, 3D-модельдеу, роботты техника, киноөнім және цифрлық музыка секілді 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім беріледі.

Бұдан бөлек, Президентке AI Research University тұжырымдамасы таныстырылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады. Студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Оқу үдерісін биыл 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты. Фиджитал-атлеттер арасындағы дода Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді.

Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесін пайдалану арқылы Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен төлеу үрдісі көрсетілді.

         

 

Президент Креативті индустрияны дамыту қорының кеңсесін аралап көрді

 

01 марта 2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына және өңірдегі тұрақсыз ахуалдың сақталуына байланысты, Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы Бас консулдығы Анталия, Адана, Бурдур, Хатай, Ыспарта, Караман, Кония, Мерсин, Ниғде, Османие провинцияларында уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарын консулдық есепке тұруға шақырады.

Консулдық есепке тұру:

– төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтармен жедел байланыс орнатуға;

– ықтимал қауіптер мен ахуалдағы өзгерістер туралы уақтылы хабардар етуге;

– қажет болған жағдайда эвакуациялық және өзге де қорғаныс шараларын үйлестіруге;

– консулдық-құқықтық қолдау мен көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Консулдық есепке тұру үшін:

– есептік карточкасын толтыру

– Қазақстан Республикасы азаматы паспортының көшірмесін ұсыну;

– өзекті байланыс деректері мен тұрғылықты мекенжайын көрсету қажет.

Құжаттарды электрондық форматта Бас консулдықтың электрондық поштасына (antalya@mfa.kz) жолдауға немесе қабылдау сағаттарында келесі мекенжай бойынша жеке тапсыруға болады: Çağlayan mah., 2074 sk. No. 16, Life City sitesi, Muratpaşa / Antalya

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы Бас консулдығының ресми хабарламаларын тұрақты түрде қадағалап отыруды ұсынамыз.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл байланыс телефоны арқылы кезекші қызметкерге хабарласа аласыздар: +90 539 440 05 22

Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы Бас консулдығы ахуалдың дамуын мұқият бақылауда ұстап отыр және қосымша ақпарат пайда болған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтарын жедел түрде хабардар ететін бола

18 февраля 2026
Анталияда Қазақ киносының күндері өтті

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бастамасымен, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Қазақ киносының күндері Анталияда өтті. Бұл іс-шара қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға және қазақ-түрік мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадамға айналды.

«Ұлы Дала таңы», «Жерұйық» және «Қайтадан» көркем фильмдері түрік көрермендеріне көрсетіліп, Қазақстан тарихының негізгі тарауларын, қазақ халқының рухани құндылықтарын және бай мәдени мұрасын ашып көрсетті. Бұл фильмдер қазіргі заманғы қазақ киносының көп қырлы сипатын және оның ұлттық дәстүрлермен терең байланысын көрсетті.

Фильм көрсетілімдеріне кең аудитория қатысып, Анталиядағы ресми, іскерлік және қоғамдық топтар өкілдерінің, консулдық корпустың, қазақстандық студенттердің және отандастардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев өз сөзінде ұсынылған фильмдер тек ұлттық құндылықтарды ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар ортақ тарих, рухани жақындық және стратегиялық серіктестік біріктірген Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени диалогты нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.

Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның билігіне арналған режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дал таңы» тарихи фильмі көрермендердің ерекше назарын аударды. Ұсынылған бағдарлама Қазақстанның тарихы мен қазіргі заманғы дамуына деген тұрақты қызығушылықты арттырды, сондай-ақ киноның мәдениетаралық өзара әрекеттесудің тиімді құралы ретіндегі әлеуетін көрсетті.

Іс-шара екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейін растап, өнер мен кино саласындағы бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

31 декабря 2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына Үндеуі

Құрметті әріптестер!

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді.

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейтойлық жыл болды. Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекеттеріміздің экономикасы оң қарқын алды.

Алдағы ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту.

2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясы жүзеге асырыла бастайды. Осы стратегиялық құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге баса назар аударылады.

Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы барысында Қазақстан Республикасы келесі негізгі бағыттарға ден қоюды ұсынады.

1. Жасанды интеллект – экономикалық интеграцияны дамытудың тың құралы.

Әлемде бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи дәуір басталды. Алайда технологиялық теңсіздіктің артуымен бірге жаңа қатерлер де пайда болады.

Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамытуға құйылған жаһандық инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асты. Ал ЖИ-дің әлем экономикасына қосатын үлесі алдағы онжылдықта 10 триллион доллардан асуы ықтимал.

Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру.

Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиялары сауда ағынын болжауға қатысты мәселелерді оң шешіп, кедендік түсімдер мен сауда келісімдерінің мемлекет экономикасын өркендетуге ықпалын дәл бағалай алады.

Қазақстан Республикасы алдағы уақытта толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде стратегиялық мақсат қойды. Астанадағы Alem.ai орталығы, Алатаудағы CryptoCity пилоттық аумағы секілді мемлекеттік бастамалар цифрлық экожүйені белсенді дамытуға дайын екенімізді көрсетеді.

Қазақстан ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір. Бірлескен күш-жігер арқылы технологиялық жаңашылдықтарға оңай бейімделе аламыз.

2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум алаңында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынамыз.

Аталған құжат елдеріміздің цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастығының жаңа бағытын айқындайды.

2. Еуразияның логистикалық хабы: әлеуеттен – көшбасшылыққа.

Еуразиялық экономикалық одақ, бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Елдеріміздің территориялары арқылы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы орайда біз ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуға тиіспіз.

Бұл үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальдық тасымалды ілгерілету бойынша шұғыл шаралар қабылдап, ЕАЭО мен үшінші елдердің ірі логистикалық компаниялары арасында тығыз ықпалдастық орнату қажет.

Интеллектуалды жүйені енгізу және үлкен деректерді пайдалану біртұтас логистика құруға мүмкіндік береді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағымен өтетін жүк барынша тез, кедергісіз әрі бюрократиялық әуре-сарсаңсыз тасымалдануы керек.

Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Smart Cargo қанатқақты жобасы іске қосылды. Құжаттандыру ісі электронды форматқа ауыстырылуда. Бұл платформаны ЕАЭО елдеріндегі серіктестеріміздің жүйелерімен интеграциялауға әзірміз.

ЕАЭО аясында жасанды интеллект базасы арқылы кіріктірілген жүк ағынын басқару жүйесін құруды ұсынамыз. Мұндай платформа жеткізу мерзімі мен қаржылық кешіктірулерді азайтуға, еуразиялық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді. Жаһандық тасымал тізбегіне қосыла алатын бірыңғай көлік құрылымын қалыптастыру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді күш жұмылдыруға шақырамыз.

3. Технологиялық серпіліс: өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру.

Өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық негізін құрайды.

Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығару мақсатында кооперацияны кеңейту әрі тереңдету – біздің ортақ міндетіміз.

Еуразиялық экономикалық одақта қазірдің өзінде өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенінің кооперациялық жобаларын қаржыландыру тетіктері бар. Ең алдымен, қаржыны серпінді инновациялық жобаларға бағыттауымыз қажет.

Әрбір кәсіпорын мен ферманың цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні пайдалануға ниет танытуы маңызды. Бұл ретте компаниялардың әлеуетімен танысуға арналған алаңдар құру, сондай-ақ автоматтандыру саласындағы стартаптар мен құзырет орталықтарын дамытқан жөн.

Еуразиялық экономикалық комиссия серпінді бастамаларға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс.

4. ЕАЭО шеңберінде сауда-саттыққа ешқашан кедергі болмауы қажет.

Әкімшілік кедергілердің барлығын жою керек.

Сауда-саттық пен басқа да жекелеген салалардың дамуын тежейтін, азаматтардың барыс-келісін шектеп, шекаралардағы жүк көліктерінің кезегін туындататын қолдан жасалған кедергілер өткеннің еншісінде қалуы қажет.

Кедендік реттеу және мемлекеттік бақылаудың басқа да шаралары (көліктік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үкіметтеріне қысым жасаудың құралына айналмауға тиіс.

ЕАЭО-да кедергісіз орта қалыптастыруды көздейтін көптеген құжат қабылданды. Тиісті жауапкершіліктерді мүлтіксіз орындау, белгіленген тәртіпті бұзуға жол бермеу – өте өзекті. Бұл – Еуразиялық экономикалық комиссияның міндеті.

Ықтимал кедергілерді жедел анықтау үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларын мониторингтеу ісіне жасанды интеллект технологияларын қосуды ұсынамыз.

5. Сауданың жаңа географиясы: жаһандық диалог.

ЕАЭО сыртқы серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсуге тиіс.

2025 жылы Моңғолия және Индонезиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл –Ұйымға мүше мемлекеттер мен Комиссияның бірлескен жұмысының нақты нәтижесі.

Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен, сондай-ақ аймақтағы беделді бірлестіктермен ықпалдастығын кеңейткен дұрыс.

*  *  *

Экономикалық интеграция – ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін сезінуге, яғни, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашуға, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, еркін сауда ортасын қалыптастыруға септігін тигізетін маңызды тетік.

Қазақстан Республикасы Ұйымға төрағалығы кезінде күн тәртібіне енген тапсырмаларды барынша орындауға ниетті.

Бірлескен күш-жігер арқылы ғана көздеген мақсатқа қол жеткізіп, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасын қарқынды дамытып, интеграциялық бірлестігіміздің ортақ әлеуетін нығайта алатынымызға сенімдімін.

08 декабря 2025
Аланияда қазақ тілі мен өнерін зерделеу орталығы ашылды

Алания, 2025 жылғы 3 желтоқсан – Түркияда Қазақ білім беру орталығы салтанатты түрде ашылды, бұл шетелде қазақ тілін, мәдениетін және дәстүрлерін сақтау және насихаттау үшін жаңа және маңызды алаңға айналды.

Іс-шараға жергілікті билік органдарының, қоғамдық ұйымдардың, қазақ қауымдастығының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев өз сөзінде шетелде ана тілін сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу өте маңызды міндет екеніне назар аударды. Ол Аланияда Қазақ білім беру орталығының ашылуы қазақ және түрік халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы жаңа қадам болатынын және болашақ ұрпақ үшін тілді, дәстүрді және тарихты сақтауға көмектесетінін атап өтті.

Салтанатты рәсімде үш мәдени-білім беру бағдарламасының ресми ашылуы болды: қазақ тілі сабағы, қазақ би студиясы және ұлттық интеллектуалдық ойын тоғызқұмалақ секциясы.

Қызыл лентаның символикалық кесілуінен кейін қонақтар сыныптар мен Орталықты аралап, оқушылармен араласып, сахналық және музыкалық қойылымдарды тамашалады. Түркия жұртшылығы Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұрасының элементтерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Қ.Канафеев жобаның мәдени дипломатия және екіжақты байланыстарды нығайту құралы ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол жергілікті әкімшілікке бастаманы қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен еріктілерге шетелдегі қазақстандықтардың мәдени өмірін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, бұл аймақтағы қазақ мәдениетіне жаңа серпін беретінін атап өтті.

Болашақта Орталықтың мәдени-білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, жергілікті жастарды дәстүрлі қазақ өнерімен одан әрі таныстыратын домбыра сыныбын ашу жоспарланып отыр.

Аланиядағы Қазақ білім беру орталығының ашылуы қазақ және түрік халықтарының ортақ тарихи тамырлары мен мәдени жақындығын көрсететін бүкіл қазақ қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды.

13 ноября 2025
Түркия өңірлерінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Анталия, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстанның Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев Түркияның Ыспарта және Бурдур провинцияларына жұмыс сапарымен барды, оның барысында жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, «Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Іс-шараларға сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері, өндірістік кәсіпорындардың басшылары және аймақтағы кәсіпкерлер қатысты.

Бас консул Қ.Канафеев Орталық Азиядағы ең ірі экономика және маңызды логистикалық хаб ретінде Қазақстан инвесторларға тиімді географиялық орналасуы мен ЕАЭО мүшелігінің арқасында 185 миллионнан астам тұтынушыдан тұратын нарыққа қол жеткізуді қамтамасыз ететінін атап өтті.

Елдің стратегиялық даму басымдықтары туралы айта келе, дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа соңғы Жолдауында шикізатқа негізделген модельден инновациялық және технологиялық дамуға көшуге бағытталған инвестициялық саясат реформасын белгілегенін баса айтты. Қазақстан инвесторларды қолдаудың ашық және бәсекеге қабілетті жүйесін құрып, олардың құқықтарын қорғауды жақсартып, ұзақ мерзімді инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасап, түрік компанияларымен өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашуда екені аталып өтті.

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Түркиядағы өкілі Ерсұлтан Жаңабаев Қазақстанның инвестициялық саясатының басымдықтары, мемлекеттік қолдау шаралары және шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктер туралы шолу жасады. Ол Қазақстанның ашық бизнес ортасын, салық жеңілдіктерін және сенімді инвестициялық қорғауды атап өтті және Kazakh Invest бірлескен жобаларды жүзеге асыруда түрік серіктестерін толық қолдауға дайын екенін білдірді.

Ыспарта мен Бурдур кәсіпкерлері агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, энергетика және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше қызығушылық танытты. Қатысушылар бірлескен кәсіпорындар құру, өндірісті жергіліктендіру және Қазақстан нарықтарына бірлесіп кіру мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар барысында қазақстандық делегация екі провинциядағы өнеркәсіптік аймақтарды аралап, жетекші компаниялардың жұмысымен және олардың экспорттық әлеуетімен танысты. Түрік тарапы Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, елдің ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты платформа ретіндегі тартымдылығын атап өтті.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады және сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін одан әрі ынтымақтастық орнатуға келісті.

13 ноября 2025
Қазақстан Анталиядағы халықаралық туристік көрмеге қатысуда

Анталия, 2025 жылғы 24 қазан – 2025 жылғы 22-24 қазан аралығында Анталияда «Тұрақты қонақжайлылық» тақырыбымен өткен Халықаралық туристік көрмеге Түркістан және Маңғыстау облыстарының делегациялары қатысты.

70-тен астам елден 40 мыңнан астам туристік сала өкілдерін жинаған форум Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілетудің маңызды алаңына айналды.

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының қолдауымен еліміздің кейбір негізгі туристік бағыттарының әлеуетін көрсететін ұлттық стенд ұсынылды.

Түркістан облысының өкілдері Түркістанның түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы мәртебесін баса айтып, өңірдің бай мәдени-тарихи мұрасын таныстырды. Жеке презентация аймақтың киелі ескерткіштері мен бағдарларының бірегейлігін атап өткен халықаралық туроператорлар мен түрік саяхатшыларының үлкен қызығушылығын тудырды.

Маңғыстау облысының әкімдігі экотуризм мен шытырман оқиғалы туризмді насихаттауға ерекше мән берді. Презентация барысында көрме қонақтары Маңғышлақ түбегінің ерекше табиғи ландшафттарымен – көркем шатқалдармен, шөлдермен және белсенді демалыс пен ашық ауада шытырман оқиғалы әуесқойлар арасында танымал болған басқа да көрікті жерлермен таныстырылды.

Көрме аясында Бас консулдықтың бастамасымен Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Uluer Group» түрік компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы және Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік байланысты нығайтудағы маңызды оқиға болды. Құжат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірді ілгерілетуге бағытталған жобалар мен бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруды көздейді. Атап айтқанда, ынтымақтастық Түркиядағы танымал туристік аймақ Каппадокияның үлгісімен Маңғыстау облысында әуе шары шеруін өткізуді қамтиды.

Қазақстандық делегациялардың халықаралық көрмеге қатысуы еліміздің туристік әлеуетін нығайтуға, инфрақұрылымды жақсартуға және озық тәжірибе алмасуға жасалған елеулі қадам болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанның әлемдік туристік нарықтағы орнын нығайтуға алғышарттар жасайды.

16 октября 2025
Анталияда Қазақстан Президентінің Жолдауы және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Анталия, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығы «ASKON» Кәсіпкерлер қауымдастығының көмегімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына арналған жергілікті іскер қоғамдастығы үшін брифинг ұйымдастырды.

Бас консул Қуат Канафеев өз сөзінде еліміздің цифрлық және инновациялық дамуы, экономиканы жаңғырту, саяси реформаларды жалғастыру, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталып, Жолдаудың негізгі тармақтарымен таныстырды. Ол қазақстандықтарға үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналу стратегиялық мақсат қойылғанын атап өтті.

Қазақ дипломаты Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру шетелдік инвесторлар үшін кең перспективалар ашатынын баса айтып, түрік компанияларын бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Қазақстанның жаңа имидждік бренді ретінде ұсынылған, ұлттың батылдығы мен өршіл рухын көрсететін халықаралық «Born Bold» науқанына ерекше назар аударылды. Түрік кәсіпкерлеріне науқан Қазақстанды сенімді және жаһандық ашық серіктес ретінде ғана емес, сонымен бірге жаһандық бизнес, инвестиция және мәдени алмасу үшін тартымды бағыт ретінде танытып, елдің энергетика, логистика, білім және туризм сияқты стратегиялық секторлардағы бәсекелестік артықшылықтарын көрсете отырып, хабардар болды.

Кездесу барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Түркиядағы өкілі Ерсұлтан Жаңабаев Жолдауда айтылған міндеттер аясында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Мемлекет басшысы басымдық ретінде белгілеген салаларға ерекше назар аударылды: жоғары технологиялар, көлік-логистикалық инфрақұрылым, энергетикалық трансформация, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру және туризм.

«ASKON» Кәсіпкерлер қауымдастығының Анталия филиалының басшысы Онур Каджар инвестиция, экспорт және сауда мүмкіндіктері Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашып жатқанын атап өтті. Ол Анталияның ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы әлеуеті Қазақстанның жас халқы мен серпінді экономикасымен біріктіріліп, өзара тиімді серіктестікке негіз болатынына сенім білдірді.

Іс-шара барысында қазақстандық делегация «Bioeffektory Gübre Tarım», «Lir Kozmetik», «IMA Filtre», «Dünya Döner» және «AEF Jeneratör» компанияларына барып, олардың бірлескен жобаларды дамытуға ықпал ететін өнімдерімен таныстырылды.

Брифингтің нәтижесінде түрік іскер топтарының өкілдері Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне үлкен қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екендіктерін растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары