GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Все материалы
05 октября 2026
Қазақстан мен Эфиопия әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 3 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі Ж.Әділбаев «Ethiopian Airlines» ұлттық әуе компаниясының Вице-президенті Л.Ядечамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.

Қазақстан Елшісі Қазақстан мен Эфиопияның тиісінше Орталық Азия мен Шығыс Африкадағы экономикалық дамудың көшбасшылары болып табылатынын атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстан азаматтарының Африка құрлығына және бірегей табиғи ландшафтарымен, төл мәдениетімен әрі сан ғасырлық тарихи мұрасымен тартымды туристік бағыт саналатын Эфиопияға деген қызығушылығы артып келе жатқанын баса айтты. Қазақстандық дипломат сондай-ақ Эфиопияның бүкіл әлемге және Қазақстанға саяхатшыларды баурап алатын кофенің отаны әрі «адамзат бесігі» ретінде танымал екенін атап өтті. Сонымен қатар ол екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды дамытуға деген ықыластың да жоғары екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты Ж.Әділбаев Қазақстанның екі ел астаналары мен ірі қалалары арасында тікелей әуе қатынасын орнату мақсатында әуе компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде әуе компаниясының вице-президенті Африка құрлығындағы ең ірі, қарқынды дамып келе жатқан әрі зор әлеуетке ие «Ethiopian Airlines» компаниясы Эфиопия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін оң қарастыруға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ әуе компаниясының авиаиндустрияны дамыту саласындағы көпжылдық тәжірибесімен қазақстандық тараппен бөлісуге және өзара тиімді, ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі сұхбаттасушысына XVIII БРИКС саммиті аясында өткен екі мемлекет басшыларының кездесуі туралы хабардар етіп, авиация саласындағы ықпалдастықтың, соның ішінде Астана мен Аддис-Абеба арасындағы жолаушылар және жүк әуе қатынасының табысты дамуы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге сүбелі үлес қосатынын атап өтті.

 

02 октября 2026
Аддис-Абебада Қазақстан мен Эфиопия арасындағы туризм және көлік логистикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті талқыланды

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 1 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі Эфиопия Туроператорлар қауымдастығымен (ETOA) бірлесіп, Қазақстан мен Эфиопияның туристік әлеуетін насихаттауға арналған семинар өткізді.

Іс-шараға СІМ өкілдері мен халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, ЮНЕКА) басшылары, туризм саласының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Ж.Әділбаев өз сөзінде қатысушыларды Қазақстандағы туризм индустриясының дамуы, танымал туристік бағыттар, сондай-ақ еліміздің айтулы табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлері туралы хабардар етті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Орталық Азия мен Шығыс Африка өңірлері арасындағы көлік-логистикалық өзара байланысты дамытудың үлкен әлеуеті туралы айтып берді.

Өз кезегінде Эфиопияның туристік компанияларының өкілдері де өз елдерінің мәдени мұрасы мен бірегей табиғи орындарын қоса алғанда, көрікті жерлері туралы әңгімелеп, кофе отаны мен адамзат бесігіне баруға ниет білдірген қазақстандық азаматтарға арналған туристік пакеттерді ұсынуға дайын екендіктерін білдірді.

Бұдан басқа, олар қазақстандық серіктестермен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен қызығушылық танытты. Олар заманауи инфрақұрылымы, тартымды табиғи ландшафтары және бай мәдениеті бар Қазақстан эфиопиялық азаматтар үшін жаңа туристік бағытқа айнала алатынын атап өтті.

Іс-шара аясында Қазақстанның әсем пейзаждарын, биоәруантүрлілігі мен бірегей табиғи игіліктерін көрнекі түрде паш еткен арнайы фотокөрме және деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылды, бұл қонақтарға елдің туристік тартымдылығын визуалды түрде бағалауға мүмкіндік берді.

Іс-шара қатысушылар арасында пікір алмасу үшін практикалық мүмкіндік беріп, туризм және көлік саласындағы өзара байланыс саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға негіз қалады.

 

 

24 сентября 2026
Қазақстан Елшілігі мен БҰҰ Африка экономикалық комиссиясы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 24 қыркүйек – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі және ҚР Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев БҰҰ Африка экономикалық комиссиясының (БҰҰ АЭК) Әлеуметтік-экономикалық даму департаментінің директоры Зузана Швидровски ханыммен кездесті.

Кездесу аясында тараптар Африкадағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Африка елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты деңгейде де, көпжақты форматтарда да ілгерілету шеңберіндегі бірлескен өзара іс-қимылдың келешегіне қатысты пікір алмасты.

UNECA өкілі Қазақстанды Африка үшін Орталық Азиядағы елдердің қатарындағы ең перспективалық әріптес ретінде атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар одан арғы практикалық ынтымақтастық жөнінде бірлескен ұсыныстар әзірлеу үшін белсенді жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.

14 сентября 2026
Президент Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті
2026 жылғы 13 қыркүйек

Үндістан, Нью-Дели қаласы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Абий Ахмед кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын, атап айтқанда, саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселелерін талқылады.

– Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту арқылы іскерлік серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар. Әңгімелесу барысында тараптар бір-бірінің сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысу, Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе, сондай-ақ гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру перспективасын зерделеу үшін екі елдің делегацияларын жіберуге уағдаласты.

Абий Ахмед Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Сонымен қатар екі ел арасындағы өзара түсіністік пен конструктивті ықпалдастық деңгейі жоғары екеніне тоқталды.

– Эфиопия да халықтың әл-ауқатын жақсартып, мемлекеттің институционалдық әлеуетін күшейтуді көздейді. Осы орайда, Қазақстан сияқты достас елдердің озық тәжірибесіне сүйенеміз. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстанның Эфиопияда елшілігі бар. Біз де Қазақстанда елшілігімізді ашу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл байланыстың нығаюына ықпал етері сөзсіз, – деді Эфиопия Үкіметінің басшысы.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Эфиопия Премьер-министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

09 сентября 2026
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді

2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.

XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».  

 Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген. 

XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org  электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.

Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.

Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.

 

 

09 сентября 2026
Қазан айында Астанада Қазақстан мен Қасиетті Тақтың балаларды қорғау мәселелері жөніндегі II бірлескен коллоквиумы өтеді

2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.  

Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған. 

         Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.

Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.

Коллоквиумды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз.

Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуды сұраймыз.

Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан

Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1қабат

Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.

 

 

 

08 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

2026 жылғы 8 қыркүйек

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                         2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.

  1. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  2. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  3. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.

 

 

07 сентября 2026
Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық конкурсы

2026 ж. 29-30 қазанда Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар күй конкурсы өтеді.

«Алтын домбыра» халықаралық конкурсы – ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға, күй өнерінің дамуына үлес қосуға және дәстүрлі музыка орындаушылары арасында шығармашылық байланыстарды нығайтуға бағытталған мәдени жоба.

Байқау Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылады.

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

20 августа 2026
Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасы саяси консультациялардың бірінші раундын өткізді

Астана–Киншаса, 2026 жылғы 21 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Конго Демократиялық Республикасы Халықаралық ынтымақтастық, франкофония және конголез диаспорасы істері министрлігі арасында аға лауазымды тұлғалар деңгейінде саяси және дипломатиялық консультациялардың І раунды онлайн форматта өтті.

Іс-шараның басында тең төрағалар қатысушыларды таныстырды. Содан кейін Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Ж.Әділбаев құттықтау сөз сөйлеп, Астана мен Киншаса арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі күн тәртібінің негізіне КДР Президенті Ж.М. Феликс Антуан Чисекеди Чиломбоның 2025 жылғы қыркүйекте Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі елдің Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтар алынғанын атап өтті. Бұдан әрі ол қазақстандық тарап екі ел арасындағы өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қосуға мүдделі екенін жеткізді.

Саяси консультациялар тең төрағалардың және кездесуге қатысушылардың сөз сөйлеуімен жалғасты. Пікір алмасу барысында тараптар ынтымақтастықтың басым салаларын, оның ішінде тиісті екіжақты келісімдер жасасу арқылы шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады, екі елдің ресми және іскер топ өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ БҰҰ және басқа да көпжақты ұйымдар мен институттар аясындағы өзара іс-қимыл бойынша тараптардың ұстанымдарын үйлестіруді жүзеге асыруға уағдаласты.

Кездесу соңында тараптар өткізілген бірінші кездесудің қорытындысына көңілдері толатынын білдіріп, Қазақстан мен КДР сыртқы саяси ведомстволары арасындағы диалогты жалғастыруға келісті.

Социальные сети
facebook
twitter
Instagram
youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары