Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін БАӘ ресми тұлғаларымен және жеке секторымен талқылады

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін БАӘ ресми тұлғаларымен және жеке секторымен талқылады

2021 жылғы 14-17 ақпан аралығында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдаулет БАӘ-ге жұмыс сапарымен барды.

Елшіліктің қолдауымен БАӘ-нің ресми тұлғаларымен және жеке секторымен бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Е.Байдаулет БАӘ-нің Азық-түлік және су қауіпсіздігі министрі Мариям әл-Мухейримен және БАӘ-нің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі Абдулла әл-Нуэймимен жеке екіжақты кездесулер өткізіп, АҚИҰ-ның платформасында өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады.

Сапар барысында Е.Байдаулет «Jenaan Investment», «Al Dahra Holding», «National Feed and Flour Production and Marketing Co. LLC», «Essa Al Ghurair Investments» және т.б. БАӘ-нің Азық-түлік қауіпсіздігі альянсының мүше компанияларымен жемісті кездесулер өткізді. Әмірліктердің әріптестеріне АҚИҰ-ның еншілес ұйымы Исламдық тамақ өнеркәсібі қауымдастығымен өзара әрекеттесудің әртүрлі нұсқалары ұсынылды.

Бағдарлама шеңберінде АҚИҰ-ның Бас директоры негізгі ауылшаруашылық нысандарының қызметімен, оның ішінде «Fish Farm» компаниясының балық шаруашылығымен (Дубай қаласында), «Elite Agro UAE LLC» компаниясының фермаларымен және жылыжайларымен, сондай-ақ, «Marmum» сүт фермасымен танысты (әл-Айн қаласында).