Ресейлік депутаттар Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ленинград облысының заң шығарушы жиынының делегациясымен кездесті.
Өткен жылы Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары Ресей Федерациясының жетекші өңірлерінің бірі Ленинград облысын аралады. Бұл жолы Ленинград облысының депутаттары Маңғыстаудың балабақша, мектеп құрылысы, агроөнеркәсіп кешені сынды әлеуметтік маңызы бар нысандарының жұмысымен танысты. Тәжірибе алмасу мақсатында Ресейлік депутаттар Маңғыстау облысында табысты іске асырылып жатқан жобаларды көрді.
«Біз сіздерге өңірдегі бірнеше бағыт бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды көрсетуге дайынбыз. Жақында ғана БАӘ-мен бірнеше маңызды келісімге қол қойдық. Мысалы, әлемдегі ең ірі DP World компаниясы «Ақтау теңіз порты» АЭА-мен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау саласында, мұнай өнеркәсібінде, өнеркәсіптік секторда цифрландыру жобаларын дамытудамыз.Бұдан бөлек, аграрлық секторды дамытуға баса назар аударудамыз», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Ленинград облысының заң шығарушы жиыны делегациясының Маңғыстаудағы жұмыс сапары 4 күнге жалғасады. Олар жергілікті кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, салық салу жүйесінің жұмыс тәжірибесіне қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, Ресейлік депутаттар Маңғыстау аумағындағы табиғи ландшафтар, қорықтар мен мәдени ескерткіштерге ерекше назар аударды.
«Қазақстан – бірінші кезекте үлкен транзиттік аумақ.Сондықтан Қазақстандағы, әсіресе, Маңғыстау облысындағы жолдарды дамыту бағдарламасы біз үшін ерекше қызығушылық тудырады.Қала өте таза, бәрі жақсы ұйымдастырылған. Ленинград облысында қоқысты қайта пайдалануға қатысты экологиялық мәселелер бар. Сондықтан біздің жұмыс сапарымыз барысында бірнеше пайдалы әрі тиімді жобалармен танысамыз деп ойлаймын», - деді Ленинград облысының Заң шығарушы жиынының төрағасы Сергей Бебенин.
Ресейлік депутаттар «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС, Ш.Есенов атындағы университеттің және көпсалалы медициналық клиниканың жұмысымен танысады. Сондай-ақ, жергілікті табиғи және тарихи орындарды араламақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі