2025 жылы этносаралық қатынастар саласындағы маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу болды.
Мерейтой аясында 2025 жылғы 24 сәуірде Мемлекет басшысының, Парламент депутаттарының, еліміздің барлық өңірлерінен келген этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы
XXXIV сессиясының салтанатты отырысы өтті. Сессия жұмысына 1700-ден астам адам қатысты.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында республика бойынша
1 миллионнан астам адамның қатысуымен 10 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді.
Қазіргі уақытта елімізде 1000-нан астам этномәдени бірлестік және 50 мыңнан астам адамды біріктіретін ҚХА-ның 4000-нан астам қоғамдық құрылымы жұмыс істейді.
Этносаралық ахуалға жүргізілетін тоқсан сайынғы мониторинг нәтижелеріне сәйкес этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатқа деген қоғамдық сенім мен қанағаттану деңгейі жоғары. Респонденттердің 90 %-дан астамы елдегі этносаралық қатынастарды тұрақты және қолайлы деп бағалайды.
Халықтың этносаралық қатынастар мәселелері бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы ұйымдастырылды.
2025 жылы олардың қатысуымен мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және қызмет көрсету ұйымдарында 7 мыңнан астам оқыту және профилактикалық іс-шара өткізіліп, 300 мыңға жуық адам қамтылды.
Республикалық телеарналар эфирінде және әлеуметтік желілерде 20-дан астам деректі фильм мен әлеуметтік бейнеролик көрсетіліп, этносаралық тақырып бойынша 70 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды.
Этникалық бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде қолдау көрсетілуде.
Еліміздің 14 жоғары оқу орнында «Журналистика» мамандығында білім алатын студенттер үшін этносаралық тақырыпты кәсіби тұрғыда жариялау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Этносаяси сауаттылық» пәні енгізілді.
ҚХА Журналистер клубының мүшелері, БАҚ өкілдері, баспасөз қызметтерінің қызметкерлері және мемлекеттік органдар үшін 10 оқыту семинары өткізілді.
Этносаралық саладағы ықтимал жанжалдардың алдын алу және профилактика жүргізуге ҚХА медиация институттарының қызметі ықпал етуде. Оның құрамына 20-дан астам орталықтар мен кеңестер кіреді.
Олардың қатарында кәсіби медиаторлар, заңгерлер, педагогтар, психологтар, дінтанушылар, журналистер және қоғамдық пікір көшбасшылары бар – барлығы 330-дан астам адам.
2025 жылы олардың қатысуымен 700-ге жуық оқыту және ақпараттық-ағарту іс-шаралары өткізіліп, 39 мыңға жуық адам қамтылды.
Өңірлерде этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Әкімдердің этномәдени бірлестіктер өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіліп, жыл басынан бері 240-қа жуық кездесу ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында, Жамбыл облысының Қордай ауданында, Жетісу облысының Панфилов ауданында және Түркістан облысының Сайрам ауданында жаңа аудандық Ассамблеялар құрылды.
Қызылорда облысында, Жетісу облысының Панфилов ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында жаңа Достық үйлері ашылды.
Қазіргі уақытта 36 Достық үйі жұмыс істейді, олар қоғамдық келісімнің, диалогтың және әлеуметтік бастамалардың орталығына айналды.
Қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда:
«Еңбек Ассамблеясы», «Жеңіс бірлікте», «Инклюзивті Ассамблея», «Креативті шешімдер платформасы», «Елтану», «ҚХА-ның 50 жас көшбасшысы» және басқа да жобалар.
«Жомарт жан» қайырымдылық орталығы 2025 жылы 500-ден астам іс-шара өткізіп, 304 млн теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетті.
Этномәдени бірлестіктердің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыруға қатысуына ерекше назар аударылуда.
Еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін экологиялық акциялар мен іс-шараларға 300 мыңнан астам этномәдени бірлестіктердің өкілдері тұрақты түрде қатысуда.