ҚР Президентінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №409 Жарлығымен бекітілген Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының 24-тармағын орындау мақсатында Кемсітушілікке қарсы заңнама және Нәсілдік кемісітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны орындау мәселелері жөнінде тұрақты ведомствоаралық Жұмыс тобы құрылды (ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 29 наурыздағы №120-НҚ бұйрығы).
Жұмыс тобының мақсаты азаматтардың құқықтарын кемсітушіліктен қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Жұмыс тобының құрамына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, сондай-ақ Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері кіреді. Сондай-ақ, жұмысқа басқа да мүдделі ұйымдардың, азаматтық сектордың және адам құқықтары мәселелері жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылатын болады.
Жұмыс тобының қызметі кемсітушілікке қарсы заңнаманы әзірлеу мәселесін жан-жақты және шынайы зерделеуге, кешенді және тиімді шешімдерді әзірлеуге, сондай-ақ ұлттық азшылықтардың құқықтарын қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның орындалуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Сонымен қатар, жұмыс тобы кең талқылауды және шешімдерді әзірлеуге қатысуды қамтамасыз ету үшін адам құқықтары саласындағы сарапшылармен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және басқа да мүдделі тараптармен кеңесетін болады.
Жұмыс тобының отырыстары кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілетін болады, онда нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлей отырып, кемсітушілікке қарсы заңнама мәселелері қаралатын болады.