"Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкімет қаулысының жобасы

 

 

 

Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен

кездесулерін өткізу туралы

 

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Орталық атқарушы органдардың басшылары (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Әділет министрліктерін қоспағанда) жыл бойы халықпен тұрақты кездесулер өткізсін.
  2. Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерінің кестесін (бұдан әрі – кесте) қалыптастыру мен бекітудің мынадай тәртібі белгіленсін:

1) жарты жылда бір рет, 30 желтоқсанға және 30 маусымға дейін, жергілікті атқарушы органдар өңірдегі жағдайды талдау негізінде халықты толғандыратын мәселелердің тізбесін, кездесулердің күн тәртібін, өткізілетін орны мен күндерін айқындасын және алдағы жартыжылдыққа арналған кестені қалыптастыру үшін ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға жіберсін;

2) жарты жылда бір рет, 30 қаңтарға және 30 шілдеге дейін, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган мақұлдау үшін орталық атқарушы органдармен келісілген кестені Мемлекеттік органдардың халықпен тиімді өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – ВАК) отырысына шығарсын;

3) орталық атқарушы органдар қажет болған жағдайда тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының 1-і күнінен кешіктірмей, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға кейіннен ВАК отырысында қарау үшін кестені түзету жөнінде ұсыныстар енгізсін.

  1. Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Әділет министрліктерін қоспағанда) басшылары:

1) кестеге сәйкес кездесулер өткізуді;

2) техникалық мүмкіндіктерді ескеріп, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда пікір білдіру мүмкіндігін міндетті түрде бере отырып, онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс және азаматтардың онлайн форматта қосылуын ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді;

3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін – баяндаманы таныстырып, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізуді;

4) республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында немесе ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарда кездесулерді өткізу барысы мен нәтижелеріне анонс беруді және кеңінен ақпараттық жария етуді;

5) кездесулер мен жеке қабылдаулар барысында халық арасында мемлекеттік органдарға ресми коммуникациялар арналары арқылы жүгінудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;

6) халықпен кездесу өткізілгенге дейін: халықты кеңінен қамтуды қамтамасыз ету үшін ол өткізілетін күні мен уақытын айқындауды; ресми интернет-ресурстарға, коммуникацияның басқа да нысандарында және әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындылары бойынша халықтан түскен сауалдар мен ұсыныстарды жинауды, талдауды;

7) халықпен кездесулер өткізу шеңберінде кездесуге қатысушыларды жан-жақты қамтып, азаматтарды жеке қабылдауды жүргізуді; бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифингті;

8) халықпен кездесу өткізгеннен кейін: айтылған барлық проблемалық мәселелерді жүйелеуді; кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда орналастыруды; кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді               шешу барысы туралы ақпаратты орталық атқарушы органның ресми              интернет-ресурсында тоқсан сайын орналастыруды;

9) кездесу өткізіледі деп анонс берілген және бір мезгілде мынадай              мән-жайлардың бірі басталған:

денсаулық жағдайы нашарлаған;

шетелдік іссапарларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімі бойынша үкіметтік делегация құрамында жолға шыққан;

Қазақстан Республикасы Президентінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша өзге де іссапарларға барған немесе жоспардан тыс кеңестерге қатысқан жағдайда жоспарланған кездесуді орталық атқарушы органның бірінші басшысы орынбасарының өткізіп қамтамасыз етсін.

Сонымен қатар орталық атқарушы органның бірінші басшысы өз лауазымын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымымен қоса атқарған жағдайда орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары орынбасарларының халықпен кездесулер өткізуіне жол беріледі.

  1. Барлық деңгейдегі әкімдер:

1) орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулеріне қатыссын;

2) кездесулер өткізуді, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және әкімдіктердің (әкім аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және жалпыға бірдей қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат жұмыстарын ұйымдастыруда орталық атқарушы органдарға қолдау көрсетсін;

3) әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындылары бойынша өңірдің орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін жүйелі проблемаларын жинақтап-қорытсын және кездесулер өткізу кезінде есепке алу үшін жарты жылда бір рет құзыреті бойынша орталық атқарушы органдарға жіберсін.

  1. Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган:

1) орталық атқарушы органдардың кездесулер шеңберінде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуін үйлестіруді;

2) орталық атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау шеңберінде кездесулер өткізу нәтижелерін есепке алуды;

3) халықпен кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекітуді және орталық атқарушы органдардың назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) кездесулер өткізудің қорытындыларын жартыжылдық негізде қарасын;

2) әлеуметтік шиеленістің және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануының жоғары тәуекелдері болған жағдайда, орталық атқарушы органдардың кездесулеріне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының қатысуын қамтамасыз етсін;

3) орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары орынбасарларының және ведомстволары төрағаларының халықпен тұрақты кездесулер өткізуін қамтамасыз етсін;

4) осы Үкімет қаулысын іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                 Ә. Смайылов

Дата публикации
22 декабря 2023