№ 318-НҚ от 28.07.2023
Орталық атқарушы органдарға арналған халықпен кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы
«Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 863 Жарлығының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Министрдің міндетін атқарушы Д. Қадыров
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрінің
2023 жылғы ________________
№ ___ бұйрығына
қосымша
ОРТАЛЫҚ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗУ ЖӨНІНДЕГІ
ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫМДАР
Орталық атқарушы органдар (бұдан әрі – ОАО) басшыларының халықпен кездесулерінің негізгі мақсаты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті халықтың мәселелерін жедел шешу және нақты ОАО-ның алдында қоғамдық сұрау салуды қалыптастыру болып табылады.
ОАО басшыларының халықпен кездесулері өткізілуі тиіс қағидаттар:
- заңдылық;
- жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
- мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығы;
- мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етпеу;
- жеке өмірге, жеке басының және отбасының құпиясына қол сұқпау;
- қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің құпиялылығы және т.б.
Бірінші. ОАО үшін дайындық кезеңі өңірлерді саралау және басымдықтарын белгілеу мақсатында өңірлік бөлінісінде жағдайды талдаудан басталады.
Талдау:
- «Талдау және ақпарат орталығы» РМК-ның ақпараттық алаңын мониторингтеу деректері (көрсетілген мәліметтер қажет болған жағдайда «Талдау және ақпарат орталығы» РМК-ға ОАО-ның сұрау салуы бойынша беріледі);
- Интернет-кеңістіктің өзіндік мониторингінің деректері;
- барлық коммуникациялар арналары бойынша («Е-otinish» арқылы, Азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау барысында және т.б.) жыл басынан өткен кезеңге, сондай-ақ өткен жылға келіп түскен өтініштер.
Бұл ретте ОАО-ға келіп түскен ұжымдық өтініштер мен петицияларға, сонымен қатар жауаптары «қанағаттанбаған» және «нашар» деп бағаланған өтініштерге («е-Өтініш» АЖ-нің түсірілімі арқылы) ерекше назар аударылады;
- ОАО-ның құрылымдық бөлімшелерінен, ведомстволарынан және ведомстволық бағынысты ұйымдарынан алынған салалық ақпарат;
- барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен өткізген кездесулерінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан алынған ақпарат;
- Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне келіп түскен өтініштер бойынша мәліметтер (өңірлер бөлінісінде) негізінде жүргізіледі.
Екінші. Жоғарыда аталған ОАО талдауы негізінде мынадай ұсыныстар қалыптастырылады:
1) министрдің кездесулері бойынша ОАО алдын ала Қоғамдық кеңеспен келісілген ОАО басшыларының халықпен кездесу кестесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (бұдан әрі – АҚДМ) қалыптастырылатын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей жіберіледі;
2) вице-министрлер мен ведомстволар (комитеттер) төрағаларының кездесулері бойынша жыл сайын бекітілетін ашықтық ведомстволық жоспарына (бұдан әрі – Жоспар) енгізіледі.
ОАО-ның ұсыныстарын дайындау кезінде мыналар ескеріледі:
- «халық министрлері»* барлық 20 өңірге, басқа министрлер кемінде өңірлердің жартысынан көбіне барады.
*Ескертпе: Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрлері;
- «халық министрлерімен» қатар, азаматтарды жеке қабылдау үшін барлық өңірлерге «халық комитеттері»** барады.
**Ескертпе: Мемлекеттік кірістер комитеті, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті.
- министрлердің халықпен кездесулері Кестеге сәйкес офлайн-форматта өтеді;
Бұл ретте, министрдің денсаулық жағдайы бойынша, сондай-ақ Мемлекет басшысымен, Премьер-Министрмен жұмыс сапарларына немесе шетелдік іс-сапарларға байланысты халықпен кездесулер өткізу үшін (Кесте бойынша жоспарланған кездесулердің жалпы санының 30%-дан аспайтын) мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын олардың орынбасарларымен алмастыруға жол беріледі.
Төтенше жағдай кезінде карантиндік режим жағдайында, сондай-ақ авариялар, апаттар, дүлей зілзалалар және басқа да форс-мажорлық жағдайлардан туындаған төтенше жағдайларда кездесулер онлайн-форматта өткізіледі;
- «халық комитеттерінің» халықпен кездесулері көбінесе офлайн форматта өтеді;
- вице-министрлердің (жоғарыда сипатталған министрді ауыстыру жағдайларынан тыс), комитеттер төрағаларының («халық комитеттерінің» қатарына енгізілмеген) халықпен кездесулерінің көпшілігі онлайн-форматта өткізіледі. Қажет болған жағдайда ОАО-ның бюджетінде көзделген іс-сапар шығыстары шеңберінде офлайн-форматта өткізуге жол беріледі;
- вице-министрлер мен комитеттер төрағаларының кездесулерін өткізу жиілігін, орны мен күнін қажеттігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен сиретпей ОАО дербес айқындайды.
Үшінші. АҚДМ ОАО ұсынған ұсыныстардың негізінде ОАО басшыларының халықпен кездесулерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған кестенің (бұдан әрі – Кесте) жобасын қалыптастырады.
Кестенің жобасы Үкімет Аппаратына (Кесте қалыптастырылатын жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірілмей) енгізіледі және Премьер-Министр 10 қаңтардан кешіктірмей бекітеді.
АҚДМ бекітілген кестені мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасының (бұдан әрі – МО ИРБП) басты бетінде орналастырады.
Әлеуметтік шиеленістің және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздану қаупі жоғары болған жағдайда халықпен кездесулерге Премьер-Министрдің орынбасарлары да қатысады.
Қандай да бір өңірдегі жетекшілік ететін салада ахуалдың нашарлау қаупі болжанатын не туындаған жағдайда Министр халықпен кездесуді Кестетен тыс өткізуге міндетті.
Төртінші. Бекітілген Кестені басшылыққа ала отырып, ОАО (жауапты құрылымдық бөлімше / тұлға) Министрдің өңірдегі халықпен кездесуіне дайындық кезінде:
- тек жекелеп іріктеліп алынған БАҚ-тың, ҮЕҰ-ның және азаматтардың қатысуына, формальды әдіске жол бермейді;
- Министрге тұтастай алғанда өңір бойынша және өңірдің жекелеген проблемалық мәселелері бойынша анықтамалық-талдамалық материалдар қалыптастырады;
- ЖАО-мен ұйымдастыру орнын анықтау және ОАО-ның салалық құрылымдық бөлімшелермен және ведомстволарымен бейнеконференцбайланысты өткізу (қажеттілігіне қарай) мәселесін пысықтайды;
- халықтан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстарды жинауды, талдауды және саралауды жүзеге асырады (сұрақтар анонста көрсетілген электрондық поштаға, телефон нөміріне немесе басқа коммуникация арналары арқылы келіп түседі, содан кейін оларды құзыреті бойынша құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволар арасында заңнама шеңберінде пысықтау және түсініктеме беру үшін бөлу жүргізіледі);
- Министрге алдағы сапар бойынша материалдар енгізеді;
- салалық сарапшыларға, партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне шақырулар таратады;
- өз ОАО-ның баспасөз қызметімен және АҚДМ-мен барлық кезеңдерде тығыз байланыс жасайды;
- тоқсан сайын министрдің, вице-министрлердің және комитет төрағаларының халықпен кестеден тыс кездесулері бойынша ұсыныстар қоса отырып кездесулердің қорытындылары (қандай жүйелік мәселелер көтерілді, қандай шаралар қабылданды және т.б.) туралы министрге ақпарат дайындайды.
1) ОАО қызметінің барлық бағыттары бойынша Қатысушының кездесуге дайындығын (ол жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша ғана емес);
2) кездесуді өткізер алдында қатысушыға қажетті материалдарды қалыптастыруын және алдын ала енгізуін;
3) ОАО-ның барлық мүдделі салалық құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарының кездесуіне онлайн-қатысуды (қажеттілігіне қарай) қамтамасыз етеді.
Бесінші. ЖАО дайындық кезеңі шеңберінде мынадай іс-қимылдарды жүзеге асырады:
- барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындылары бойынша жергілікті деңгейде шешімін таппаған және орталықтың шешім қабылдауын талап ететін жүйелі мәселелердің жиынтық тізбесін қалыптастырады және оны жартыжылда бір рет ОАО-ға жібереді;
- ОАО-ға ұйымдастырушылық-техникалық (БКБ-ға қосу, онлайн-трансляция жүргізу, өткізу орнын дайындау, кездесуге қатысушыларды сүйемелдеу және отырғызу және т.б.) және БАҚ-тағы және әкімдіктердің (әкім аппараттарының) ресми аккаунттарындағы, әлеуметтік желілердегі және жалпыға бірдей қолжетімді жерлердегі ақпараттық-насихат жұмыстарын қоса алғанда, халықпен кездесуді дайындау кезінде туындайтын барлық мәселелер бойынша басқа да қолдау көрсетеді.
Бірінші. АҚДМ үш бағыт бойынша республикалық БАҚ-та халықпен кездесулерді жариялау бойынша ОАО-ға ақпараттық қолдау көрсетеді:
1) кездесулерді жариялау;
2) кездесулерді тікелей жарықтандыру;
3) шешілген мәселелер бойынша оң кейстер бойынша кездесулердің қорытындыларын жариялау.
Екінші. ОАО өз кезегінде кездесулерді ақпараттық жария ету шеңберінде мынадай шаралар қабылдайды:
- Министр өңір халқымен кездесуден 20 күнтізбелік күн бұрын республикалық (АҚДМ жәрдемдесуімен) және өңірлік (ЖАО жәрдемдесуімен) БАҚ-та, ресми интернет-ресурста (МО ИРБП) және «электрондық үкіметтің» веб-порталында, сондай-ақ ОАО-ның ресми аккаунттарында және министрлердің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында ақпараттық хабарлама жариялау арқылы азаматтардан түскен сұрақтар жинағын жариялайды;
- Министрдің немесе вице-министрдің/ комитет төрағасының кездесуі қарсаңында күнтізбелік 3 күн бұрын МО ИРБП-дағы ОАО мен ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында, ОАО (онлайн-трансляцияға сілтеме жасай отырып) мен ЖАО-ның әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында және ЖАО-ның қолдауымен танымал өңірлік БАҚ-та алдағы кездесу туралы хабарлама жариялайды;
- Кестені (өз ОАО Кестесінен үзіндіні) және Жоспарды МО ИРБП-дағы өзінің парақшасындағы «Халықпен кездесулер» деген арнайы қосымша парақшаға орналастырады;
- ЖАО-мен бірлесіп, өңірлік БАҚ-та және ЖАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ танымал өңірлік БАҚ-та жариялауды пысықтайды;
- өңірлік БАҚ-та, ОАО мен ЖАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда / ресми интернет-ресурстарында кездесулердің қорытындысы бойынша ақпараттық материалдардың шығуын, сондай-ақ брифинг дайындауды қамтамасыз етеді;
- республикалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде сюжеттер дайындау үшін АҚДМ-ға контент-материалдарды («жағымды кейстерді» дайындауға, яғни азаматтардың шешілген мәселелерінің мысалдарына ерекше назар аудара отырып) тұрақты түрде ұсынады.
III. Кездесуді өткізу кезеңі
Бірінші. ОАО Кесте мен Жоспарға сәйкес халықпен кездесулер өткізеді.
Министрдің кездесуі арнайы отырғызу орындарына мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерін отырғызуды қамтамасыз етпей, кең үй-жайда өткізіледі.
Кездесулерді халықты кеңінен қамту мақсатында демалыс күндері өткізу ұсынылады.
ЖАО-мен бірлесіп ОАО-ның кездесуін өткізу орнын айқындау кезінде екі өлшемшартты, яғни ең жоғары сыйымдылығын және бейіндік тиесілігін (мүмкіндігіне қарай) негізге алу ұсынылады.
Залда тек Министрдің кездесу модераторымен және ең қажетті адамдармен сахнасыз және кафедрасыз қатысуы ұсынылады.
Кездесу кем дегенде екі сағатқа созылады, ол уақыттың 3/4 бөлігі сұрақ-жауаптарға, яғни, сын айтуды қоса алғанда, барлық тілек білдірушілерге сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі.
Министрдің баяндамасы мынадай талаптарға сай келуі тиіс:
- өңірге қатысты болуы (яғни, өңірге қатысты нақты салалық ақпаратты қамту);
- талдау нәтижелері мен талдау кезінде анықталған «шешімін талап ететін» өзекті проблемалар мен белгілі бір өңірде жиі қойылатын сұрақтар негізінде жасалуы;
- мемлекеттік органдарға ресми коммуникациялар арналары арқылы жүгінудің маңыздылығын атап өту (бірінші кезекте «е-Өтініш»АЖ).
Бірлесіп баяндаушылардың сөз сөйлеуі көзделмейді.
Егер Министрдің кездесуі барысында жеке сипаттағы сұрақтар келіп түссе, онда мұндай азаматтар Министрдің жеке қабылдауына жазылады.
Министрдің кездесуіне Министр жетекшілік ететін салаға/аяға жауапты ЖАО өкілдері қатысады (мысалы, Денсаулық сақтау министрімен кездесуге облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қатысады).
Сондай-ақ, кездесуге мүдделі адамдардың кең аудиториясын: сарапшыларды, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тарту қажет.
Сонымен қатар, ОАО:
1) ОАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында (халыққа міндетті түрде пікір беру мүмкіндігімен) және (немесе) қол жетімді интернет-ресурстарында кездесудің онлайн-трансляциясын (техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып) жүргізуді;
2) қажет болған жағдайда облыстың барлық аудандарының БКБ-ға қосылуын (БКБ арқылы кездесуге қатысатын аудандардың тұрғындары кең үй-жайларға жиналады);
3) кездесу өткізу кезінде ОАО-ның құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволарымен айтылған мәселелерді жедел пысықтауды (қажет болған жағдайда) қамтамасыз етеді;
4) жеке қабылдау кезінде шешілмеген сұрақтарға заңнамада (Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте) белгіленген мерзімдерге сәйкес жазбаша жауаптар беріледі және ол авторларға жіберіледі.
Екінші. Министр халықпен кездесу өткізгеннен кейін азаматтарға жеке қабылдау (жеке мәселелер бойынша) жүргізеді (сол күні, сол ғимаратта).
Қажет болған жағдайда БКБ арқылы жеке қабылдауға вице-министрлер, комитеттердің төрағалары, департаменттердің директорлары және ОАО-ның ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары онлайн режимде қатысады.
Үшінші. Сонымен қатар коммерциялық емес ұйымдармен, жергілікті салалық қоғамдық бірлестіктермен (қауымдастықтар, волонтерлер және т.б.) және бейінді мекемелермен (мектептер, спорттық ұйымдар және т.б.) Министрдің салалық кездесуі өткізіледі.
Өткізу орны мен қатысушылар құрамын ЖАО-мен бірлесіп, ОАО дербес айқындайды.
Төртінші. Кездесуден кейін Министр Орталық коммуникациялардың өңірлік қызметінің алаңында немесе кездесу өткен ғимаратта (Орталық коммуникациялардың өңірлік қызметінің алаңында өткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда) бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізеді.
ОАО әрбір өткізілген кездесудің қорытындысы бойынша:
1) барлық айтылған сұрақтарды жинақтайды және саралайды:
- заңнамаға, стратегиялық және салалық құжаттарға, бюджеттен қосымша қаражатқа және т.б. өзгерістер енгізуді талап ететін жүйелі мәселелер;
- жекелеген тұлғалардың жеке мәселелері;
2) кездесулер мен азаматтарды жеке қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей БАҚ-та, оның ішінде МО ИРБП-дағы ресми интернет-ресурста проблемалық мәселелер тізбесін және проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) орналастырады.
Іс-қимыл жоспарын ОАО бекітеді, сондай-ақ ресми интернет-ресурсында орналастырады.
ОАО жүйелік салалық мәселелер бойынша жауапты орындаушыларды, орындау мерзімдерін және қаржыландыру көздерін бекіте отырып, іс-қимыл жоспарына қажетті іс-шараларды енгізеді.
Жеке (дербес) мәселелер бойынша ОАО Іс-қимыл жоспарында нақты лауазымды адамдарды (мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелірінің басшылары деңгейінде) бекіте отырып, айтылған барлық мәселелерді бір ай мерзімде пысықтайды.
Тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне қарай іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ОАО-ның ресми интернет-ресурсында орналастырылады;
3) айтылған проблемалық мәселелерді шешу барысына терең талдау жүргізуді қамтамасыз етеді («уәде етілгеннен не істелді, не істелмеді»).
Бұл ретте, бұрын жоспарланған мерзімдерде шешілмеген мәселелерді де орындамау себептерін түсіндіре отырып, халықты ашық хабардар ету қажет;
4) тиісті деңгейдегі бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде (республикалық/жергілікті) қаржыландыруды талап ететін шараларды іске асыруға қаражат салу мақсатында халықпен өткізілген кездесулердің нәтижелерін назарға алады;
5) әрбір кездесудің қорытындысы бойынша кездесу өткізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде АҚДМ сыртқы мониторингті және Жарлық талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін Google docs есебін (нысанын) толтырады;
6) өткізілген әрбір кездесу бойынша есеп шеңберінде АҚДМ-ға ресми коммуникациялар арналары арқылы (бірінші кезекте, «е-Өтініш»АЖ арқылы) мемлекеттік органдарға жүгінудің маңыздылығы туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді растайтын материалдарды (пресс-релиздерге сілтемелер, онлайн-трансляциядан үзінділер, бейнематериалдар және т.б.) ұсынады;
7) жартыжылдықтағы кездесулердің қорытындыларын қалыптастырып оны жалпылау және кейіннен Үкімет отырысына шығару үшін АҚДМ-не жібереді.
____________________