"Орталық атқарушы органдарға арналған халықпен кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 3 мамырдағы № 133 бұйрығы

03.05.2022 ж. № 133

 

Орталық атқарушы органдарға арналған халықпен кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы

 

 «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 863 Жарлығының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қоса беріліп отырған Орталық атқарушы органдарға арналған халықпен кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар (бұдан әрі – әдістемелік ұсынымдар) бекітілсін.
  2. Әдістемелік ұсынымдар орталық атқарушы органдардың назарына жеткізілсін.
  3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

 

Министр                                                                              А. Омаров

 

 

    Қазақстан Республикасы

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің

       2022 жылғы ________________

  № ___ бұйрығына

қосымша

 

 

ОРТАЛЫҚ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗУ ЖӨНІНДЕГІ

ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫМДАР

 

Орталық атқарушы органдар (бұдан әрі – ОАО) басшыларының халықпен кездесулерінің негізгі мақсаты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету,  жергілікті халықтың мәселелерін жедел шешу және нақты ОАО-ның алдында қоғамдық сұрау салуды қалыптастыру болып табылады.

ОАО басшыларының халықпен кездесулері өткізілуі тиіс қағидаттар:

- заңдылық;

- жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;

- мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығы;

- мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етпеу;

- жеке өмірге,  жеке басының және отбасының құпиясына қол сұқпау;

- қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің құпиялылығы және т.б.

 

  1. Дайындық кезеңі

 

Бірінші. ОАО үшін дайындық кезеңі өңірлерді саралау және басымдықтарын белгілеу мақсатында өңірлік бөлінісінде жағдайды талдаудан басталады.

Талдау:

- «Талдау және ақпарат орталығы» РМК-ның ақпараттық алаңын мониторингтеу деректері (көрсетілген мәліметтерді АҚДМ тоқсан сайын барлық ОАО-ға ұсынады);

- ЖАО жүргізетін өңірлік БАҚ-ты мониторингтеу деректері (көрсетілген мәліметтерді ЖАО барлық ОАО-ға жартыжылда бір рет ұсынады);

- барлық коммуникация арналары бойынша (жеке қабылдау барысында, Министрдің блогына, МО ИРБП-ға «Сұрақ-Жауап» сервисі арқылы, «E-otinish» арқылы және т.б.) жыл басынан бастап өткен  кезеңде, сондай-ақ алдыңғы жылда келіп түскен өтініштер негізінде жүргізіледі.

Бұл ретте ОАО-ның келіп түскен ұжымдық өтініштер мен петицияларға ерекше назар аударылады;

- ОАО-ның құрылымдық бөлімшелерінен, ведомстволарынан және ведомстволық бағынысты ұйымдарынан алынған салалық ақпарат;

- барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен өткізген кездесулерінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан алынған ақпарат;

- Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне келіп түскен өтініштер бойынша мәліметтер (өңірлер бөлінісінде) негізінде жүргізіледі.

Анықтама ретінде: Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің ОАО-ға 2022 жылғы 28 қаңтарда ПАБ-1 №11-01/345//63-10.17 хатпен жіберген «2021 жылы өтініштерді қарау қорытындылары туралы» талдамалық жазбасын ескеру қажет.

Екінші. Жоғарыда көрсетілген талдаудың негізінде ОАО өңірлерде халықпен кездесулер бойынша ұсыныстарды қалыптастырады:

- Министрдің ОАО Қоғамдық кеңесімен келісілген кездесулері бойынша ұсыныстар ОАО басшыларының халықпен кездесулерінің кестесі қалыптастырылатын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей АҚДМ-ға жіберіледі;

- вице-министрлер мен ведомстволар (комитеттер) төрағаларының кездесулері бойынша ұсыныстар АҚДМ-мен келісілген ОАО-ның ақпараттық ашықтығы мен коммуникацияларының жылдық жоспарына (бұдан әрі – Жоспар) енгізіледі.

Анықтама ретінде: бұрын АҚДМ барлық мемлекеттік органдарға ашықтықтың жыл сайынғы ведомстволық жоспарын әзірлеуді және бекітуді ұсынды.

ОАО-ның ұсыныстарын дайындау кезінде мыналар ескеріледі:

- «халық министрлері» барлық 20 өңірге, басқа министрлер кемінде өңірлердің жартысынан көбіне барады.

Ескертпе: «халық министрлеріне» Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлерін жатқызу ұсынылады;

- «халық министрлерімен» қатар, азаматтарды жеке қабылдау үшін барлық өңірлерге «халық комитеттері» барады.

Ескертпе: «халық комитеттерінің» қатарына Мемлекеттік кірістер комитетін, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетін, Құрылыс және тұрғын                         үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетін, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетін, Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетін, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетін, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетін жатқызу ұсынылады.

- министрлердің халықпен кездесулері Кестеге сәйкес офлайн-форматта өтеді;

- «халық комитеттерінің» халықпен кездесулері көбінесе офлайн форматта өтеді;

- вице-министрлердің, комитеттер төрағаларының («халық комитеттерінің» қатарына енгізілмеген) халықпен кездесулері Мемлекет басшысының кеңестердің көпшілігін онлайн-форматта өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, көбінесе, онлайн-форматта өтеді. Қажет болған жағдайда ОАО-ның бюджетінде көзделген іссапар шығыстары шеңберінде офлайн-форматта өткізуге жол беріледі;

- вице-министрлер мен комитеттер төрағаларының кездесулерін өткізу жиілігін (кім, қайда және қашан) ОАО қажеттілікке қарай дербес айқындайды, бірақ тоқсанына кемінде бір рет болуы тиіс.

Үшінші. АҚДМ ОАО ұсынған ұсыныстардың негізінде ОАО басшыларының халықпен кездесулерінің алдағы күнтізбелік жылға арналған графигінің (бұдан әрі – График) жобасын қалыптастырады.

Графиктің жобасы Премьер-Министрдің Кеңсесіне (График қалыптастырылатын жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірілмей) енгізіледі және Премьер-Министр 10 қаңтардан кешіктірмей бекітеді.

Әлеуметтік шиеленістің және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздану қаупі жоғары болған жағдайда халықпен кездесулерге Премьер-Министрдің орынбасарлары да қатысады.

Қандай да бір өңірдегі жетекшілік ететін салада ахуалдың нашарлау қаупі болжанатын не туындаған жағдайда Министр халықпен кездесуді графиктен тыс өткізуге міндетті.

Төртінші. Бекітілген Графикті басшылыққа ала отырып, ОАО Министрдің өңірдегі халықпен кездесуіне дайындық кезінде:

1) тек жекелеп іріктеліп алынған БАҚ-тың, ҮЕҰ-ның және азаматтардың қатысуына, формальды әдіске  жол бермейді;

2) үйлесімді жұмыс жүргізу және кездесулерге дайындалу, оны өткізу және оның қорытындылары бойынша шешімдердің  орындалу процесін нақты үйлестіру үшін ОАО-ға министрлік қызметкерлері қатарынан Жобалық команда (бұдан әрі – Жобалық команда) құру ұсынылады, ол:

- жалпы өңір бойынша және өңірдің жеке алынған проблемалық мәселелері бойынша анықтамалық-талдамалық материалдарды қалыптастырады;

- ЖАО-мен ОАО-ның салалық құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволарымен өткізу орнын айқындау және бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру мәселесін пысықтайды;

- сұрақтарды жинау аяқталғаннан кейін халықтан келіп түскен мәселелер мен ұсыныстарды жинауды, талдауды және саралауды жүргізеді (сұрақтар МО ИРБП-дағы ОАО-ның ресми интернет-ресурсына «Сұрақ қою» деген кіші парақшасына, ОАО-ның бірінші басшыларының блог-платформасына немесе басқа да коммуникация арналары арқылы түседі, содан кейін оларды заңнама шеңберінде пысықтау және түсіндірме беру үшін құзыреті бойынша ҚБ мен ведомстволар арасында бөледі).

Ескертпе: сонымен қатар, аталған шара Министрдің халықпен кездесуінің алдында мәселелердің бір бөлігін (мысалы, вице-министрдің азаматты онлайн-қабылдауы арқылы) «алып тастауға» және тікелей Министрдің деңгейінде шешім қабылдауды талап ететін  мәселелерді ғана қалдыруға мүмкіндік береді;

- Министрге алдағы сапарға материалдар енгізеді;

- салалық сарапшыларға, партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне шақырулар таратады;

- өзінің ОАО-мен және АҚДМ-ның баспасөз қызметімен барлық кезеңдерде тығыз байланыс жасайды;

- Жобалық топтың жетекшісі жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі нәтижелері туралы Министрдегі аппараттық кеңестерде баяндайды;

- Министрге ай сайын вице-министрлер мен комитет төрағаларының Графиктен тыс халықпен кездесулері бойынша ұсыныстарымен саланың жай-күйі туралы (оның ішінде негізгі салалық көрсеткіштердің өзгеру серпіні/ саладағы жаңа сын-қатерлер мен проблемалар) жедел ақпарат дайындайды.

Тиімді жұмыс істеу үшін Жобалық команданың мүшелері негізгі функционалдық міндеттерін орындаудан босатылуы және олар басқа қызметкерлер арасында қайта бөлінуі тиіс.

Сондай-ақ, Жобалық команданың ОАО-ның бірінші басшысына тікелей бағынуын қамтамасыз ету қажет.

Бұл ретте, Жобалық команданың құрамын жартыжылдық негізде қайта қарау ұсынылады («кәсіби шаршауына» жол бермеу және әрқайсысына ОАО басшылығының алдында өзін көрсетуге мүмкіндік беру мақсатында).

  1. Бекітілген жоспарды басшылыққа ала отырып, ОАО вице-министрдің немесе комитет төрағасының (бұдан әрі – Қатысушы) халықпен кездесуіне дайындық кезінде:

1) ОАО қызметінің барлық бағыттары бойынша Қатысушының кездесуге дайындығын (ол жетекшілік ететін сала бойынша ғана емес);

2) кездесу өткізу алдында Жобалық топтың қажетті материалдарды қалыптастыруын және Қатысушыға алдын ала енгізуін;

3) ОАО-ның барлық мүдделі салалық құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарының кездесуіне онлайн-қатысуды (қажеттілігіне қарай) қамтамасыз етеді.

Бесінші. ЖАО дайындық кезеңі шеңберінде мынадай іс-қимылдарды жүзеге асырады:

- барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындылары бойынша жергілікті деңгейде шешімін таппаған және Орталықтың шешім қабылдауын талап ететін жүйелі мәселелердің жиынтық тізбесін қалыптастырады және оны жартыжылда бір рет ОАО-ға жібереді;

- ОАО-ға ұйымдастырушылық-техникалық (БКБ-ға қосу, онлайн-трансляция жүргізу, өткізу орнын дайындау, кездесуге қатысушыларды сүйемелдеу және отырғызу және т.б.) және БАҚ-дағы және әкімдіктердің (әкім аппараттарының) ресми аккаунттарындағы, әлеуметтік желілердегі және жалпыға бірдей қолжетімді жерлердегі ақпараттық-насихат жұмыстарын қоса алғанда, халықпен кездесуді дайындау кезінде туындайтын барлық мәселелер бойынша басқа да қолдау көрсетеді.

 

  1. Барлық кезеңдерде ақпараттық жария ету

 

Бірінші. АҚДМ жыл сайын ОАО-ның өңірлердегі халықпен кездесулерін ақпараттық жария ету жоспарын әзірлейді.

Бұл ретте ақпараттық жария етуді АҚДМ мынадай үш бағыт бойынша жүргізеді:

  1. Жаңа форматтағы кездесулердің қалай өткізілетіні және азаматтардың оларға қалай қатыса алатындығы туралы республикалық БАҚ-та хабарлау және жария ету (сұрақтар жіберу).

Сондай-ақ, АҚДМ бекітілген Графикті МО ИРБП-ның басты парақшасында орналастырады және МО ИРБП-дағы «ОАО басшыларының халықпен кездесулері» атты арнайы бөлімінің толықтырылуына мониторинг жүргізеді.

  1. Кездесулерді тікелей жария ету, соның ішінде:

- Хабар-24, Qazaqstan телеарналарының меншікті тілшілерін тарту;

- Хабар-24-те арнайы бағдарлама шығару (жұмыс атауы – «Халықпен бетпе-бет», «Халық алдында», «Халықпен жүздесу») және т.б.

  1. Кездесулердің нәтижелерін жария ету, соның ішінде:

- республикалық БАҚ-та жағымды жаңалықтар тарату (азаматтардың шешілген мәселелері бойынша жағымды кейстер);

Екінші. ОАО өз кезегінде кездесулерді ақпараттық жария ету шеңберінде мынадай шаралар қабылдайды:

- Министрдің өңір тұрғындарымен кездесуіне дейін 20 күнтізбелік күн бұрын сұрақтарды жіберу тәсілдерін (мысалы, МО ИРБП-дағы «Сұрақ қою» сервисін қолдануды) көрсете отырып, республикалық (АҚДМ –ның қолдауымен) және өңірлік (ЖАО-ның қолдауымен) БАҚ-та, ресми интернет-ресурста (МО ИРБП) және «электрондық үкімет» веб-порталында, сондай-ақ орталық атқарушы органдар басшыларының блог-платформасында, ОАО-ның ресми аккаунттары мен министрлердің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында ақпараттық хабарламаны жария ету арқылы азаматтардан келіп түскен сұрақтардың жиналғанын хабарлайды;

- 3 күнтізбелік күн бұрын және Министрдің кездесуі не вице-министрдің/ Комитет төрағасының кездесуі қарсаңында алдағы кездесу туралы хабарламаны ОАО-ның және ЖАО-ның (кездесу жоспарланып отырған өңір халқымен) МО ИРБП-дағы ресми парақшасында, сондай-ақ ОАО-ның ресми аккаунттарында (онлайн-трансляцияға сілтеме жасай отырып) орналастырады;

- Графикті (өзінің ОАО бойынша Графиктен үзіндіні) және Жоспарды МО ИРБП-дағы өзінің парақшасындағы «Халықпен кездесулер» деген арнайы қосымша парақшаға орналастырады;

- ЖАО-мен бірлесіп, өңірлік БАҚ-та және ЖАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында кездесулерді хабарлауды жүзеге асырады;

- ОАО-ның баспасөз қызметтері ЖАО-мен бірлесіп, өңірлік БАҚ-та және ОАО мен ЖАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында кездесулер барысы мен кездесулер қорытындылары туралы ақпараттық материалдардың шығуын, сондай-ақ брифинг дайындауды қамтамасыз етеді;

- республикалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде сюжеттер дайындау үшін АҚДМ-ға контент-материалдарды («жағымды кейстерді» дайындауға, яғни азаматтардың шешілген мәселелерінің мысалдарына ерекше назар аудара отырып) тұрақты түрде ұсынады.

 

III. Кездесуді өткізу кезеңі

 

Бірінші. ОАО График пен Жоспарға сәйкес халықпен кездесулер өткізеді.

Министрдің кездесуі арнайы отырғызу орындарына мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерін отырғызуды қамтамасыз етпей, кең үй-жайда өткізіледі.

Кездесулерді халықты кеңінен қамту мақсатында демалыс күндері өткізу ұсынылады.

ЖАО-мен бірлесіп ОАО-ның кездесуін өткізу орнын айқындау кезінде екі өлшемшартты, яғни ең жоғары сыйымдылығын және бейіндік тиесілігін (мүмкіндігіне қарай) негізге алу ұсынылады (мысалы, БҒМ – мектепте, МСМ - Мәдениет сарайында, ЦДИАӨМ - Халыққа қызмет көрсету орталығында).

Ескертпе: жазғы уақытта адамдардың бақылаусыз жаппай жиналуына жол бермей, ашық ауада арнайы алаңдарда (мысалы, стадионда) кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Залда тек Министрдің кездесу модераторымен және ең қажетті адамдармен сахнасыз және кафедрасыз қатысуы ұсынылады.

Кездесу кем дегенде екі сағатқа созылады, оның 3/4 бөлігі сұрақ-жауаптарға (сөйлеушілерге уақытты реттеумен), яғни, сын айтуды қоса алғанда, барлық тілек білдірушілерге сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі.

Министрдің баяндамасы мынадай талаптарға сай келуі тиіс:

- өңірге қатысты болуы (яғни, өңірге қатысты нақты салалық ақпаратты қамту);

- талдау нәтижелері мен талдау кезінде анықталған «шешімін талап ететін» өзекті проблемалар мен белгілі бір өңірде жиі қойылатын сұрақтар негізінде жасалуы қажет.

Бірлесіп баяндаушылардың сөз сөйлеуі көзделмейді.

Егер Министрдің кездесуі барысында жеке сипаттағы сұрақтар келіп түссе, онда мұндай азаматтар Министрдің жеке қабылдауына жазылады.

Министрдің кездесуіне әкімдер/әкімдердің орынбасарлары, сондай-ақ Министр жетекшілік ететін салаға жауапты ЖАО-ның аумақтық ведомстволары мен бөлімшелерінің басшылары қатысады (мысалы, Денсаулық сақтау министрімен кездесуге облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қатысады).

Сондай-ақ, кездесуге мүдделі адамдардың кең аудиториясын: сарапшыларды, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тарту қажет.

Сонымен қатар, ОАО:

1) ОАО-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында (халыққа міндетті түрде пікір беру мүмкіндігімен) және inform.kz сайтында кездесудің онлайн-трансляциясын (техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып) жүргізуді, сондай-ақ сұрақтар қою үшін телефон желісін ұйымдастыруды;

2) облыстың барлық аудандарының БКБ-ға қосылуын (БКБ арқылы кездесуге қатысатын аудандардың тұрғындары кең үй-жайларға жиналады);

3) Жобалық командамен кездесу өткізу кезінде ОАО-ның құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволарымен айтылған мәселелерді жедел пысықтауды (қажет болған жағдайда) (WhatsApp-та жауапты адамдары бар  топ құрылады) қамтамасыз етеді;

4) арнайы қоңырау шалу нөміріне немесе поштаға келіп түскен (бірақ тікелей эфирде айтылмаған) сұрақтарға жауаптар заңнамада белгіленген мерзімде дайындалады және авторларға жіберіледі.

Екінші. Министр халықпен кездесу өткізгеннен кейін азаматтарға жеке қабылдау (жеке мәселелер бойынша) жүргізеді (сол күні, сол ғимаратта).

БКБ арқылы жеке қабылдауға вице-министрлер, комитеттердің төрағалары, департаменттердің директорлары және ОАО-ның ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары онлайн режимде қатысады (zoom-да БК және ведомстволардың басшыларымен арнайы сессия залдары құрылады).

Үшінші. Кездесуден және жеке қабылдаудан кейінгі күні коммерциялық емес ұйымдармен, жергілікті салалық қоғамдық бірлестіктермен (қауымдастықтар, волонтерлер және т.б.) және бейінді мекемелермен (БҒМ – мектептер, МСМ – спорттық ұйымдар және т. б.) Министрдің салалық кездесуі өткізіледі.

Өткізу орны мен қатысушылар құрамын ЖАО-мен бірлесіп, ОАО дербес айқындайды.

Төртінші. Салалық кездесуден кейін Министр бұқаралық ақпарат құралдары үшін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізеді.

Ескертпе: осылайша, Министр өңірде халықпен кездесу, азаматтарды жеке қабылдау, салалық кездесу және брифинг өткізу үшін орта есеппен 3-4 күн болады.

Бесінші. ОАО салалық кездесуден кейінгі күні вице-министр деңгейінде (Министрдің қатысуынсыз) онлайн-форматта нақты мәселелер бойынша азаматтарға тағы бір рет жеке қабылдау жүргізеді.

 

  1. Бақылаудан кейінгі кезең

 

ОАО әрбір өткізілген кездесудің қорытындысы бойынша:

1) барлық айтылған сұрақтарды мынадай 3 блокқа жинақтайды және саралайды:

- заңнамаға, стратегиялық және салалық құжаттарға өзгерістер енгізуді талап ететін жүйелі мәселелер және т.б.;

- жекелеген тұлғалардың жеке мәселелері;

- саяси шешімді талап ететін мәселелер;

2) кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей БАҚ-та, оның ішінде МО ИРБП-дағы ресми интернет-ресурста проблемалық мәселелер тізбесін және проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) орналастырады.

Іс-қимыл жоспарын ОАО бекітеді, сондай-ақ БАҚ-та, оның ішінде ОАО-ның ресми интернет-ресурсында орналастырады.

ОАО жүйелік салалық мәселелер бойынша жауапты орындаушыларды, орындау мерзімдерін және қаржыландыру көздерін бекіте отырып, іс-қимыл жоспарына қажетті іс-шараларды енгізеді.

Тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне Іс-қимыл жоспарында бекітілген жүйелі мәселелерді қарау/шешу барысы туралы ақпарат ОАО-ның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

Жеке (дербес) мәселелер бойынша ОАО Іс-қимыл жоспарында нақты лауазымды адамдарды (мемлекеттік органның ҚБ басшылары деңгейінде) бекіте отырып, айтылған барлық мәселелерді бір ай мерзімде пысықтайды.

Тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне Іс-қимыл жоспарында бекітілген жеке (дербес) мәселелерді қарау/шешу барысы туралы ақпарат ОАО-ның ресми интернет-ресурсында (жеке тұлғалардың дербес деректерін көрсетпей, иесіздендірілген түрде) орналастырылады.

Саяси шешімді талап ететін мәселелер бойынша ОАО жауапты орындаушыларды, орындау мерзімдерін және қаржыландыру көздерін бекіте отырып, Іс-қимыл жоспарына қажетті іс-шараларды (қажет болған жағдайда Президент Әкімшілігімен келісу бойынша) енгізеді.

Тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне саяси шешімді талап ететін мәселелерді қарау / шешу барысы туралы ақпарат ОАО-ның ресми интернет-ресурсында орналастырылады;

3) кездесулер өткізу қорытындыларын жартыжылдық негізде Үкімет отырысына қарауға шығарады;

4) мемлекеттік органның Меморандумында бекіту үшін түйінді нысаналы индикаторларды қалыптастырады;

5) Жобалық команданың айтылған проблемалық мәселелерді шешу барысына жан-жақты талдау жүргізуін қамтамасыз етеді («уәде етілгеннен не жасалды, не жасалмады»).

Бұл ретте, бұрын жоспарланған мерзімде шешілмеген мәселелерді де айтып, орындалмау себептерін түсіндіре отырып, халықты ашық хабардар ету қажет;

6) тиісті деңгейдегі бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде (республикалық/жергілікті) қаржыландыруды талап ететін шараларды іске асыруға қаражат салу мақсатында халықпен өткізілген кездесулердің нәтижелерін назарға алады.

 

____________________

 

 

 

 

Дата публикации
15 ноября 2022