
1) Оңалтудың техникалық құралдары деген не?
Оңалтудың техникалық құралдары – мүгедектігі бар адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуге, қозғалыс, есту және көру функцияларының бұзылуын қалпына келтіруге немесе олардың орнын толтыруға арналған арнайы құрылғылар мен жабдықтар.
Бұл құралдар абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен тегін беріледі.
2) Оған қандай көмектер жатады?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 1-бабына сәйкес оңалтудың техникалық құралдарының негізгі түрлеріне мыналар жатады:
– Протездік-ортопедиялық құралдар – аяқ-қолдың немесе дененің басқа мүшелерінің болмауын алмастыратын, сондай-ақ жарақаттан кейін бұзылған функцияларды түзетуге арналған құралдар (протездер, таяқтар, балдақтар, ортопедиялық аяқ киім, кресло-арбалар);
– Сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзетуге және оның орнын толтыруға арналған құрылғылар (есту аппараттары, сигналдық жүйелер, кохлеарлық импланттарға арналған сөйлеу процессорлары);
– Тифлотехникалық құралдар – көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құрылғылар (тифлотаяқ, оқытуға арналған құрылғылар, Брайль жүйесі бойынша жазу және оқуға арналған құралдар);
– Міндетті гигиеналық құралдар – физиологиялық қажеттіліктерді өтеуге арналған құралдар (зәр қабылдағыштар, нәжіс қабылдағыштар, жөргектер, катетерлер, сіңіргіш жаймалар және т.б.).
Бұл ретте Оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету – бұл: құралдарды таңдауды; техникалық бейімдеуді; жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді; жеткізуді қамтиды.
3) Биыл оңалтудың техникалық құралдары бойынша қанша көмек көрсетілді? Алдыңғы жылдармен салыстырғанда көрсеткіш қандай?
2026 жылдың 8 айында республика бойынша мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі 415 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылды.
Салыстыру үшін:
– 2025 жылы – 570 мыңға жуық қызмет пен техникалық құрал берілсе;
– 2024 жылы – 512 мыңға жуық берілген.
Жыл сайын өсім бар. Бұл сұраныстың артуына, цифрландыруға және құралдарды алу рәсімдерінің жеңілдеуіне байланысты.
4) Осы бағытта тағы қандай қолдау шаралары жүзеге асырылуда?
– Оңалтудың техникалық құралдарын алу процесі Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы толық цифрландырылып, кезек мен қағазбастылық қысқартылды;
– Жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтіліп, сапасына бақылау артты;
– есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдардың тізбесі кеңейтілді;
– Балаларға арналған арнайы арбалар, вертикализаторлар, ортездер сияқты құралдардың желісі ұлғайды;
– өңірлердегі протездік-ортопедиялық орталықтардың материалдық-техникалық базасы жақсартылды.