ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚУҒА АРНАЛҒАН "BALATILI.KZ" САЙТЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚУҒА АРНАЛҒАН "BALATILI.KZ" САЙТЫ

«Вalatili.kz» сайты үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған сайт. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.
Сайтта дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы оқыту материалдары орналастырылған.
Баланың жеке жұмыс істеуіне арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған.
Лингводидактикалық мақсаттарына сәйкес оқыту материалдары мазмұны мен нысанына байланысты топтастырылған. Олар: «Әріп», «Дыбыс», «Сөз», «Сөйлем», «Сөз тіркестері», «Мәтін», «Санамақ», «Шығармашылық жұмыс», «Әдістемелік бұрыш».
Қазақ әріптерінің жазылуынан бастап қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, интерактивті ойындар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар қарастырылған.
Қазақ тіліне ғана тән ерекше атаулар мен сөз тіркестеріне қатысты семантикалық түсіндірмелер берілген. Тұрақты сөз тіркестерінің мазмұнына назар аударылып, оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты интерактивті ойындар ұсынылған.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.
Сонымен қатар ұсынылатын мәтіннің мазмұнын түсініп мазмұндауды, мазмұндаманы жазуды, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастырып, өз ойын қалыптастыруға көмектесетін арнайы тапсырмалар әзірленген.
Арнайы мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой-өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.
Бүгінгі күні сайттың қаралымы 500 мыңға жуықтады.