Қадірлі ардагерлер, құрметті жерлестер!
Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл қасиетті күн - біз үшін ең қымбат күн!
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы
«9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн.
Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық», - деген болатын.
Расында, Тарихи 9 мамыр - қан майданда, тылда патриоттық парыздарына адал болған, кеудесін от пен оққа төсеп, ұрпақ болашағы жолында жанын аямаған, рухы асқақ, қайсар да батыл ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігіне бас иетін күн.
Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі.
«Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдары мыңдаған қазақстандықтар майданда ажалмен арпалысып, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады.
Майдан даласында қасық қаны қалғанша шайқасқан қаншама боздақ қалды.
Тылда белі бүгіле қарттар мен әйел-аналар, тіпті белі қатаймаған жасөспірімдер де «бәрі де жеңіс үшін» деп ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Сол бір отты жылдары «Отан – ортақ үйіміз» деген ұранмен еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің ерлік істері мәңгі есімізде. Бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.
Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлеріміздің қаһармандығы бүгінгі күні аңызға айналуда.
Алапат соғыста Сыр елінің 21 азаматы ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды, 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгерлер ордендермен және медальдармен наградталды.
Өкінішке орай, қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл өткен сайын сирей түсуде.
Облысымызда Жеңіс күні мерекесін небәрі 6 ардагер,
2408 тыл еңбеккері ғана қарсы алуда.
Санаулы ғана қалған соғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық жасау, оларды жан жақты қолдау біздің қызметіміздің басты бағыты болып қала береді.
Осы қасиетті күні Отанға деген нағыз сүйіспеншілік пен патриоттықтың шыңын көрсетіп, адалдық пен қайсарлықтың нағыз үлгісі бола білген қаһарман жауынгерлердің рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Бүгінгідей Тәуелсіз ел болып, еңсеміздің биік болуы, өркендеп-өрістеуіміз де – осы Жеңістің жемісі.
Бұл күн тарихымыздың ұмытылмас бір парағы болып қала береді.
Біз әрқашан да Жеңіс мерекесін аға буынның Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз.
Жеңіс күнін жақындатқан жасампаз жауынгерлер жадымызда жаңғырады, жүректерден өшпейді.
Өйткені, сол соғыстың қасіретін көзбен көргендердің, қиындығын кешкендердің ұрпағы арамызда.
9 мамыр – Жеңіс күні арыстарымызды еске алып, арамыздағы ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсету - елдік парызымыз.
Ардақты ағайын!
Батырларымыз жасаған қасиетті де ұлы ерлікті ел жадында мәңгі сақтайды!
Жеңіс күні құтты болсын!
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Тәуелсіз Қазақстан жасасын!