Құрметті ұстаздар, ата-аналар,
қымбатты оқушылар!
Алдымен баршаңызды келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен және бүгінгі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – тіршіліктің жаңаратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі.
Төл жаңа жылымыз өңіріміз үшін мақсатты жобалар мен маңызды істердің бастауы болсын деп тілейміз!
Өздеріңізге белгілі, күні кеше ғана еліміз үшін саяси маңызы бар Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізілді.
Сыр елі сындарлы сәтте сыр бермей, ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, республика бойынша көрсеткіште 67,21 пайызбен бірінші орынға қол жеткізді.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың жаңа саяси реформалары:
Ата Заңымыз Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдумда да, Президент сайлауында да Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, елдігімізді, тату тәтті бірлігімізді дәлелдей білді.
Осы ретте, саяси маңызды науқандарға белсене қатысқан барша жерлестеріме шынайы алғысымды білдіріп, ризашылығымды білдіргім келеді.
Сыр халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің дамытудағы жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, өзгерістер жолына қадам жасауда айрықша белсенділік танытуда.
Бұл айқын жеңіс елдің ынтымағын ойлап, тұтас қауымды бірлікке үндей білген аймақтың зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының, қоғам жанашырларының зор үлесі деп білеміз.
Қадірменді қауым!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдауының және бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда.
Өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы
Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары аясында негізгі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді.
Біздің ұсыныстарымызға, аймақтың негізгі мәселелерінің шешілуіне қолдау білдірді.
Жұмыс барысында Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне енгіздік.
Бұл ел келешегі – балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау болды.
Оған қоса, осы тізімге облыс бойынша тағы 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтауды енгіздік. Олар -№101 Ә.Мүслімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында
600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.
Біз адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтып жүрміз.
Осы бағытта өңірімізде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалуда.
Өткен жылы облысымызда 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді.
Туған жерге жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер 9 млрд.теңгеден астам қаржыға демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті.
Нәтижесімен 80 спорт-ойын алаңы, демалыс парктері мен аллеялар ел игілігіне табысталды.
Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, Арал ауданы Тоқабай ауылында жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймақ сұранысына қажетті мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да өз жалғасын табатын болады.
Жүзден аса оқушымыз (115 оқушы) халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанды.
Апатты және үш ауысымды оқыту қаупі бар мектептер мәселесін шешуде облыста нақты жоспарларымыз бар.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы
3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын
21 мектептің құрылысы жүргізіледі.
Биылғы жылы 10 мектептің құрылысы басталады.
Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін тауып, балалардың сапалы біліммен қамтылуына жағдай жасалады.
«ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.
Алдағы уақытта да мемлекет тарапынан, облыс басшылығы тарапынан бүлдіршін балаларымызға, талантты оқушыларымызға қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізіле беретін болады.
Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!
Бүгін – ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар үшін қуанышты күн.
Қызылорда қаласы Сабалақ елдімекенінде соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған дарынды балаларға арналған
150 орындық мектеп-интернатын ел игілігіне табыстаудамыз.
Мектеп құрылысына бюджеттен 923 млн. теңге қаржы бөлінді. Білім ұясын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған «Аманқұрылыс» жауапкершілік шектеулі серіктестігіне алғысымызды білдіреміз.
Өмірде өшпейтін іс – балаға берген білім, мейірім болса керек. Балаларымыздың болашағы зор болсын!
Осы мектептен шыққан түлектер Сыр өңірінің атын әлемге танытатын, бәсекеге қабілетті азаматтар болады деп сенемін!
Мектеп ұжымына табыс тілеймін!
Жаңа мектеп ғимараты баршаңызға құтты болсын!