Құрметті қызылордалықтар!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Күні кеше еліміз жылдың басы «Амал мерекесін» қарсы алды.
Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алып, «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтқан.
Ендеше, төл жаңа жылымыз өңіріміздің жаңаша дамуының бастауы, жігерлі жетістіктер мен ілкімді істердің нәтижелі жылы болсын деп тілеймін!
Бүгін, міне, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын бүкіл ел болып атап өту қарсаңында сүйікті Қызылордамызда жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 40 отбасының қуанышын еселемекпіз.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр еліне деген қолдауымен аймақта берекелі істер атқарылуда. Облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын айшықтай түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, әлеуметтік нысандарды салу сәтті жүзеге асуда.
Осы шараның алдында жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының іргетасын қалау рәсіміне қатыстық. Терминалдың құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, ел игілігіне табысталатын болады.
Облыс орталығын дамытуға биыл ауқымды қаражат бөлінуде.
Оның ішінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі бөлігін қайта жаңғыртып, кеңейтіп, абаттандыратын боламыз.
«Қазақстан Темір Жолы» басшылығымен темір жол вокзалы ғимараты мен перронын қайта жаңғыртуға қаражат бөлу мәселесін келістік. Бұл жұмыстарды биыл жүргізетін боламыз.
Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауындағы қаланың жаңа бөлігінде жыл аяғына дейін инвестор қаржысына құны 800 млн. теңгені құрайтын жаңа автовокзал салу жоспарлануда.
«ҚазГерМұнай» компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде қалада заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.
Құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайы ғимаратын шілде айында пайдалануға береміз.
3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, ал, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын Қан орталығын 2024 жылы ел игілігіне табыстаймын боламыз.
Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2 868 пәтерлік 148 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 692 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бермекпіз. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысына облыстық бюджет есебінен 2,7 млрд.теңге қаржы бөлінді.
Бұл қаражатқа өңір аумағында 982 пәтерді құрайтын
23 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 462 пәтерлі 12 тұрғын үйдің құрылысы бар.
Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 11 тұрғын үйдің (520 пәтер – 33,3 мың ш.м) құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында
84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.
Берекелі бастамаларымыз жоспарға сай аяқталып, кезекте тұрған жерлестерімізге кезең-кезеңімен берілетін болады.
Бұған дейін де мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын үйлермен қатар, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы жыл сайын қатар жүргізіліп келеді.
Биыл да жалғыз тұрғынжайы апаттық жағдайда деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін бюджеттен 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат қаралып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Бүгін, міне, жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, апаттық үйлер санаты бойынша кезекте тұрған отбасыларға арналған 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз.
Сапалы да, зәулім үйді тұрғызған «Дәнекер» құрылыс компаниясына барша қала тұрғындарының атынан алғысымды айтамын.
Құрметті жерлестер!
«Үйі бардың – күйі бар», - дейді дана халқымыз.
Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, ұрпақтарыңыздың ортасында қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!
«Үй баласымен базарлы, қонағымен ажарлы».
Ішінен балалардың күміс күлкісі, үлкендердің баталы алғысы естіліп, шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін!
Әр отбасына жақсылық пен жетістік, бақ-береке, амандық тілеймін!
Қуаныштарыңыз еселене берсін!
Қоныстарыңыз құтты болсын!