Қадірлі жас достар!
Қымбатты Сыр өрендері!
Сіздерді және сіздер арқылы барша Сыр елінің балаларын
келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Енді аз ғана сәттен соң өмірдің тағы бір жаңа белесіне бірге қадам басамыз.
Биылғы жыл әрбіріңіз үшін мерейлі әрі есте қалар сәттерге толы болды. Қашанда адамзат үшін бала бақыты бәрінен қымбат саналған. Осыған орай, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады.
Мерейлі жыл аясында өңірде нәтижелі шаралар ұйымдастырылып, мақсатты жобалар жүзеге асты.
Балалар жылы аясында өткен түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шараға, өңірімізден 200 мыңнан аса бала қамтылды.
Өткен аптада Ел Президенті атынан балаларға арналған Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, қала және аудандардан келген балаларды (200) құттықтадық. Балаларымызға бағалы сыйлықтар табыстадық.
Қосымша 1000 балаға облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылды.
Өздеріңізге белгілі, балаға қолайлы жағдай жасау, тегін орта біліммен қамту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.
Бұл бағытта аймағымызда ауқымды жұмыстар жасалуда.
Балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен биыл Қызылорда қаласы және аудандарда құны 1,6 млрд. теңгеге
80 спорт-ойын алаңы салынды.
Қызылорда қаласында көпбалалы 50 отбасыға пәтер кілтін табыстадық. 19 балабақша, 6 мектепті ел игілігіне пайдалануға бердік.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы және Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі және Өнер мектебі ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін
800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Жобаның аясында алдағы үш жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.
Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайыловтың
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары барысында дарынды балаларына арналған физика-математика бағытындағы мектеп интернатының құрылысы жобасы қолдау тапты.
Математика – ғылымдар атасы. Физика-математика баланың ой-өрісін дамытып, ақыл ойын шыңдайды. Балаларға логикалық есептерді шығарудың әдіс-тәсілдерін үйретіп, Сырдың дарынды балаларын тәрбиелеп шығаруда мектеп-интернаттың маңызы зор.
Сондықтанда біз осы жобаның жүзеге асырылуына барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз.
Ауылдан шығып, әлемдік математика ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Асқар Жұмаділдаевтай атақты ғалымдардың ізін басар жас математиктер болашақта осы мектеп-интернатта білім алатын болады.
Бұл ел келешегі балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау!
Өңірдегі балалар жылының ең басты тартуы – Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтеретін «Оқушылар сарайы» болмақ.
Оқушылар сарайында Сыр өрендері қосымша біліммен қамтылып, түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады.
Бұл жоба өз кезегінде өңірімізден жан-жақты, шығармашыл, еліміздің атын әлемге танытар дарынды жастарды тәрбиелеп шығарудың бірден-бір тетігі болмақ.
Заманауи үлгідегі нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ««ҚазМұнайГаз»» кәсіпорнының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында салынатын болады.
Биылға «Балалар жылы» деп атау беріліп, айдар тағылғанымен, бүлдіршіндерге қамқорлық жасау бір жылдың ауқымымен шектеліп қалмайды.
Біз балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз.
Кез келген жетістікке адам өзінің ерік-жігерімен, табандылығымен жетеді.
Биылдың өзінде 402 сыр бойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанғанын мақтанышпен айтуға болады. Олардың әрбірі - туған жерінің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын озық ойлы өрендер!
Сіздер – Тәуелсіз Қазақстан деп мақтанышпен айтатын егемен елде дүниеге келген бақытты жандарсыздар!
Сіздер - Әділетті мемлекет болуды мақсат еткен егемен елдің болашағысыздар.
Сіздер - Түркі әлемінің рухани атасы Қорқыт ата дүниеге келген, адамзат баласының ғарышқа ұшар арманы орындалған Байқоңыры бар өлкеде туып-өскен текті ұрпақсыздар!
Сіздер жақсы оқып, білімді болсаңыздар, еліміз одан әрі көркейе түседі. Сіздердің білімді де білікті азамат болып өсіп, Сыр өңірінің әлемге танылып, көркейіп-көріктенуіне үлес қосатындарыңызға сенемін.
Жаңа жыл, өмірдің жаңа парақтары – жақсылықтардың бастауы болсын. Алға қарай ұмтылып, асуларды талмай бағындыра беріңіздер.
Қымбатты жас достар!
Енді аз уақыттан соң Тәуелсіз елімізге толайым табыстар әкелген барыс жылымен қоштасып, жаңа 2023 жылды қарсы аламыз!
Жаңа жылға үмітпен қарап, жағымды жаңалықтар күтеміз.
Біз үшін Сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашып, ынта-ықыласпен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ.
Мен өздеріңе бақытты балалық шақ тілеймін!
Ата-аналарыңызды тек жақсы істермен қуантыңыздар!
Сабақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйірмеге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер.
Қанаттарыңыз талмай, ұстаздарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып, бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар!
Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болсын!
Жаңа жыл тағы да құтты болсын, балалар!