GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Лого
Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Әкім аппараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Қызметі
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
⚜️АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе қаралды. Алдымен мерзімді күзгі әскерге шақыру науқаны бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Бұл мәселе бойынша Шиелі аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы орынбасары, майор Бағдат Сағатұлы баяндама жасап, күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы, әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізу және белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуы туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар жиында Қызылорда облысында өтетін «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шарасы аясында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі талқыланды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков 23–24 қазан күндері Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің орталық алаңында өтетін «Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне» дайындық барысы туралы баяндады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Әзімхан Шиелі ауданының «Алтын күз – 2026» мерекесін 30–31 қазан күндері жоғары деңгейде өткізуге арналған іс-шаралар жоспарын таныстырды. Мерекелік бағдарламаның мазмұны, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, дайындық жұмыстарын үйлестіру және мерекенің мазмұнды өтуін қамтамасыз ету бағыттары сөз болды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, күзгі әскерге шақыру науқанын белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне дайындық жұмыстарын сапалы жүргізу және «Алтын күз – 2026» мерекесін жоғары деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті.
Аудан басшысы берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, жауапты мекемелер арасындағы өзара үйлесімді жұмысты күшейтуді және әрбір мәселенің орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
21 октября 2026
Қызылордада «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы басталды

«Құзыреттілік орталығында» Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті. 
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким, Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің барлық өңірінен келген 100 волонтер, 500-ден астам белсенді студент пен ерікті жастар қатысты.
Данияр Жаналинов басқосудың Сыр өңірінде өтуі және апталықтың «GREEN ARAL» деп аталуы айрықша мәнге ие екенін айтты. 
«Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Арал өңірінің тағдырына ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейтін маңызды бастама. Арал мәселесі еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарында. Табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық түйткілдердің шешіміне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Сыр еліне келген сапарларыңыз сәтті, жүздесулеріңіз мазмұнды, бастамаларыңыз нәтижелі болсын!», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Сондай-ақ, жиында Тоғжан Зейденова, Вера Ким сөз сөйлеп, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді. 
Қоғамдық жұмысты белсенді атқарып жүрген азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, апталықтың негізгі іс-шаралары Арал ауданында өтеді.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.

19 октября 2026
Қызылорда облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Анонс

17.10.2026, 10:00

Қызылорда облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді.

Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында 2026 жылғы
17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Қызылорда облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі

«Republic Day» республикалық акциясы

1. «Aray city mall» СОС - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 13 А.
2. «Жібек жолы» СОС - Қызылорда қ., Жанқожа батыр көшесі, № 1.
3. «Байұзақ Плаза» СО - Қызылорда қ., Т. Рысқұлов көшесі, № 16.
4. «Ағжан» СҮ- Қызылорда қ., А. Тоқмағамбетов көшесі, № 16.
5. «Aizada Plaza» СҮ- Қызылорда қ., Қазыбек би көшесі, № 25.
6. «ADS Plaza» СҮ- Қызылорда қ., Қорқыт Ата көшесі, № 12.
7. «Отырар» СҮ- Қызылорда қ., Әйтеке би көшесі, № 1.
8. «Айтбек» СҮ- Қызылорда қ., И. Тоқтыбаев көшесі, № 7.
9. «Modnica» СҮ- Қызылорда қ., М. Әуезов көшесі, №1.
10. «Luxury mall» СҮ- Қызылорда қ., А. Байтұрсынов көшесі, № 46.
11. «Модный рай» СҮ- Қызылорда қ., М. Шоқай көшесі, № 42.
12. «Фристайл» СҮ- Қызылорда қ., М. Шоқай көшесі, № 21.
13. «Дәстүр» СҮ- Қызылорда қ., Жүнисова көшесі, №6.
14. «Ақтілек» СҮ - Тереңөзек кенті, Қ. Бөдеев көшесі, № 13.
15. «Айнұр» СҮ - Тереңөзек кенті, Қ. Бөдеев көшесі, № 23/а.
16. «Қарабура» СҮ - Жаңақорған ауданы, С. Сапарбеков көшесі № 108.
17. «Береке» СҮ - Жаңақорған ауданы, М. Кекенов көшесі, № 71.
18. «MARLEN» СҮ - Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Әйтеке би көшесі №82.
19. «Адина» СҮ - Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Сексенбаев көшесі н/з.
20. «Ботакөз» СҮ - Жосалы кенті, Амангелді көшесі н/з.
21. «Планета» СҮ - Шиелі ауданы, А. Байтұрсынов көшесі н/з.
22. «Bereke mega» СҮ - Шиелі ауданы, Абылай хан көшесі № 2.
23. «Аминок» СҮ - Жалағаш ауданы, Абай көшесі 41.

«Bereke Fest» республикалық акциясы

1. «Magnum» СЖ - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 13 А.
2. «Small» СЖ - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 20.
3. «Қызылорда оптомаркет» СЖ - Қызылорда қ., Ғ. Мүсірепов көшесі, № 21.
4. «Радуга» сауда желісі СЖ - Қызылорда қ., Қазыбек би көшесі, № 25.
5. «Анвар» СЖ - Қызылорда қ., Қ. Яссауи көшесі, № 23.
6. «Azhar city» СЖ - Қызылорда қ., Қараманов көшесі, № 96.
7. «Сымбат» СЖ - Арал ауданы, Бақтыбай батыр көшесі № 45.
8. «Green» СЖ - Арал ауданы, Әбілқайыр хан көшесі № 35.

Қоғамдық даму
15 октября 2026
Аймақ басшысы «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорын қабылдады

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлерге жұмыс сапарын Қызылорда облысынан бастаған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Байтілесті қабылдады. Еліміздің ақпарат кеңістігіндегі беделді медиақұрылымның бірі – «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына тағайындалуымен құттықтады. Ержан Айтөреұлының журналистика саласындағы көпжылдық еңбегін, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін айрықша атап өтті.
Кездесуде өңірлік және республикалық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
«Сыр өңірінің тумасы ретінде туған жердің тыныс-тіршілігін, елдің мұң-мұқтажын жақсы білесіз, аймақ пен республиканың ақпарат кеңістігіндегі байланысты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз.
Бүгінде ұлттық баспасөздің мазмұнын байыту, қазақ тіліндегі сапалы ақпаратты дамыту, дәстүрлі журналистиканың беделін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Басылымдар Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды реформаларды кеңінен насихаттап, еліміздің қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуындағы маңызды жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізіп келеді.
Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыруда біліміңіз бен тәжірибеңіз жаңа бастамаларға жол ашатынына сенім мол. Ұлттық баспасөздің абыройын асқақтатып, жас журналистердің кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, елдік мүдде жолындағы қызметіңізді абыроймен жалғастыра беріңіз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
«Қазақ газеттері» ЖШС – еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Уйғур авази», «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» және «Дружные ребята» басылымдарын біріктіріп отырған шығармашылық ұжым.
Кездесуде Ержан Айтөреұлы ризашылығын білдіріп, өңірдің жетістіктерін республикалық деңгейде кеңінен танытуға, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді.

Мәдениет
15 октября 2026
Сырдан сазды сәлем: Қазақ өнері Берлин төрінде

Германия астанасы Берлин қаласында Республика күніне орай Сыр елінің өнер шеберлері мерекелік концерт қойды. Оған Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов, елшіліктің, қазақ диаспорасының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ Берлинде тұратын отандастарымыз бен жергілікті мәдениет жанашырлары қатысты.
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени шараның мақсаты – қазақ халқының бай рухани мұрасын, ұлттық өнері мен мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде таныстырып, Сыр өңірінің өнерін шетелдік көрерменге насихаттау.
Шығармашылық делегация Берлин төрінде ұлттық өнерімізді ұлықтап, қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік болмысын танытты. Концертте «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, Мәдениет саласының үздіктері Серік Жақсығұлов, Марат Сүгірбай, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Айдос Шадаев, Гүлназ Нағашыбай, Ринат Үсенов, Аружан Төреғали және Рано Сабанкулова өнер көрсетті. Ал «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияның озық үлгілерін ұсынып, кештің көркін аша түсті. 
Концерт шымылдығы қазақ халқының рухани мұрасының символына айналған Қорқыттың күйімен ашылды. Кеш бағдарламасына жыраулық өнердің жауһарлары, халық әндері, ән-айтыс үлгілері мен патриоттық әндер арқау болды. Ұлттық өнердің сан қырын танытқан мазмұнды бағдарлама халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнер сабақтастығын айшықтады.
Мәдени шара аясында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, халқымыздың қонақжай дәстүрі мен дастархан мәдениеті де таныстырылды. Бұл келушілердің қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына деген қызығушылығын арттыра түсті.
Сыр өнерпаздарының сапары – ұлттық мәдениетімізді халықаралық кеңістікте дәріптеуге, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның мәдени әлеуетін танытуға бағытталған маңызды қадам. Қазақтың әні мен күйін шетел төрінде әуелеткен өнер иелері Сыр елінің рухани байлығын паш етіп, ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өнерпаздар берлиндік көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

15 октября 2026
Аймақ басшысы облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттарымен кездесті

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттарымен кездесті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты. Қала және аудан әкімдері, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары онлайн қосылды.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы саяси реформаларды жариялап, республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады.
Конституциялық жаңғыру аясында жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесі қатар дамуда. Апта басында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Ұлттық Құрылтайда көтерілген бастамаларды қорытындылайтын маңызды кезең. Күні кеше Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі.
Кездесуде аймақ басшысы депутаттардың өңірді дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«2023 жылы мәслихаттың VIII шақырылымының жұмысы басталып, оның құрамына түрлі саяси партиялар өкілдері енді. Бұл жергілікті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Осы ретте мәслихат депутаттарының өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанын ерекше атап өтуіміз қажет. Халық сенім артқан азаматтар мемлекеттік органдармен, сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, Президентіміздің бастамасымен елімізде өткен ірі саяси науқандарға белсенді қатысты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың тиімді шешілуіне атсалысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы өңірімізді басқарған кезеңде жергілікті мәслихаттар мен атқарушы органдардың өзара іс-қимылы бюджет, әлеуметтік нысандар және өңірлік даму мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарды», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Ел ағасы Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы қызметін атқарған Мұрат Тлеумбетов сөз сөйледі.
VIII шақырылым депутаттары өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, олардың шешілуіне ықпал етті. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізу, мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықтың талап-тілегін орындау бір жүйеге түсті.
Депутаттардың бастамасымен Арал және Қазалы аудандарының бірқатар елді мекені табиғи газбен және орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Су ресурстарын тиімді пайдалануға, егін және ауыл шаруашылығындағы түйткілдерді шешуге, құрылыс, жол-көлік және логистика салаларына қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, медициналық қызмет сапасын арттыру, мәдениет пен өнерді қолдау, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және бұқаралық спортты дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды.

13 октября 2026
Қала күнінде Қызылордалықтар қоныс тойын тойлады

Қала күніне орай Қызылорданың сол жағалауында 168 пәтері бар 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мерекелік салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтайының дептутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Қазіргі уақытта сол жағалауға 25 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Мұнда 136 көпқабатты тұрғын үй, 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны орналасқан. Тағы 48 нысан салынып жатыр.
Аймақ басшысы екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағанын атап өтті.
«Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде.
Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 12 мың шаршы метр болатын 168 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз.
Бүгін – Мемлекет басшысының қолдауымен баспаналы болып жатқан әрбір отбасы үшін айтулы күн. Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
​Жиында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
​ҚР Құрылтайының депутаты Серік Салауатұлы, қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы құттықтау сөз сөйледі.
​Кейінгі төрт жылда өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адам баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1 950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
​Сол жағалаудың жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақында Иса Тоқтыбаев көшесінен осы шағын ауданға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталды.

13 октября 2026
Өндірістік және инвестициялық жобалардың жұмыс қарқыны сараланды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйімен, нысандардағы жұмыс барысымен танысты.
Алдымен сол жағалаудағы «Alem Asia Trade» серіктестігінің автокөлік салонына барды. Жоба аясында 21 жұмыс орны ашылған, айына орта есеппен 20 автокөлік сату жоспарланған. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның KIA ресми диллерлік орталығымен бірлесіп жұмысын бастаған.
«Достық» жеке кәсіпкерлігінің шыны пакеттер өндіретін автоматтандырылған өндіріс цехы өткен жылы іске қосылған. Негізгі қызмет бағыттары – ПВХ профильдерін ламинациялау және шыны пакеттер өндіру. Өндірістік қуаты жылына 1 млн шаршы метр, 27 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өндірісте заманауи автоматтандырылған желі қолданылады. Оның арқасында бір шыны пакетті дайындау уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, жылдамдық шамамен он есе артқан. Бұл тапсырыстарды жедел орындауға, өнім сапасын тұрақтандыруға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – шикізат пен материалдардың басым бөлігінің отандық өндірушілерден жеткізілуі. Қолданылатын шикізаттың шамамен 90 пайызы отандық өнімдер, негізгі шикізаттың бірі – Қызылорда қаласындағы «Orda Glass» ЖШС өндіретін табақша шыны.
Бұл жергілікті кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтады. Жобаға екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік субсидия, сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы да қосымша қаржылық қолдау көрсетілген.
«Медстрой-Шаңырақ» нейромед протезді-ортопедия орталығы мамыр айында іске қосылған. Мұнда протездік-ортопедиялық қызмет көрсетіледі және медициналық оңалту бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған. Қазіргі таңда орталықта 10 адам еңбек етеді, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Негізгі жабдықтар Қытай мен Ресейден жеткізілген.
Аймақ басшысы Абай ауылындағы 800 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысымен де танысты. «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігі жобаға 7,5 млрд теңге қаржы бөлген, 50 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазір бірінші және екінші қоражайлар салынуда. Нысанды кезең-кезеңімен іске қосып, ферманы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

02 октября 2026
Шиеліде күн-электр станциясы іске қосылды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Vigor Holding» компаниясының Шиелі ауданындағы қуаттылығы 20 МВт күн-электр станциясын іске қосу рәсімі өтті. Оған облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аталған компанияның және жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері арнайы қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын.
Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді.
Осының айқын көрінісі ретінде, бүгін отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық.
Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз! Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады. Осы ретте, ұтымды әлеуетімізді және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Жаңа станцияның жұмысы табысты болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның нәтижелі жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ризабек Кәрімұлы, «Vigor Holding» компаниясының бас директоры Айтуған Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, ардагер Өркен Әзімханұлы ақ батасын берді.
Бүгінде өңірде жалпы қуаттылығы 151 мегаватт болатын 11 күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 мегаваттан асатын тағы 7 күн-электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 мегаваттық станциялар құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 15 мегаваттық, ал Шиелі ауданында әрқайсысының қуаттылығы 60 мегаватт болатын екі күн-электр станциясының жобасы әзірленуде. «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 мегаваттық станциясының құрылысы алдағы айда басталады.

02 октября 2026
Аймақ басшысы Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті.Онда елді мекендердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту,халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Ауылдық округтерде көшелерге асфальт төселген, аяқсумен қамтылған және жарықтандырылған. Тұрғындар мал ұстайды, кәсіпкерлікпен айналысады.
Кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылындағы учаскелік полицияның жаңа пунктінің жұмысымен танысты. Нысанды демеушілік қаражат есебінен 22 млн теңгеге «Сәт-Сервис» серіктестігі салып, қыркүйек айында пайдалануға берілген.
Бұл ауылда 2330 тұрғын бар. Учаскелік полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Одан кейін облыс әкімі «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігінің қаржыландыруы есебінен 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан 4,3 шақырым «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолының құрылысын көрді. Бас мердігер «Орда АвтоДор» ЖШС қолға алған құрылысты авторлық қадағалауға «Димаш-Сервис», техникалық қадағалауға «Опора Строя» серіктестіктері жауапты. Қайта жаңғыртудан өткен жол Еңбекші ауылы тұрғындарының көлік қатынасын жайлы етеді.
Шиелі кентіндегі жол жөндеу жұмыстары, мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебі де назардан тыс қалмады. Биыл Қожа Ахмет Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 544,6 млн теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
№9 Шиелі аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы 249,9 млн теңге бөлінген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңартылып, спортшылар мен жаттықтырушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Айта кету керек, Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырым болса, оның 80 шақырымы республикалық, 100,5 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар санатында.
Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 138,1 шақырымы (94,9 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз асфальтталған.

Социальные сети
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы