Камералдық бақылау - құқық бұзушылықтардың алдын алу

Мемлекеттік сатып алу саласындағы камералдық бақылау қаржылық бұзушылықтардың алдын алудың және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 23-бабына сәйкес, осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылауды уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнама шеңберінде жүзеге асырады.

Камералдық бақылау құрылыс-монтаждау жұмыстары (ҚМЖ) бойынша шарттарды орындау кезеңінде ерекше маңызға ие. Бұл кезеңде орындалған жұмыстардың көлемі, пайдаланылған материалдар және төлемге ұсынылған сомалардың негізділігі туралы мәліметтердің анықтығын қамтамасыз ету қажет.

Тәуекелдерді уақтылы анықтау мақсатында камералдық бақылаудың екі тәуекел бейіні көзделген.

№ 28 тәуекел бейіні нақты орындалған жұмыстардың шарт талаптарына сәйкессіздігін, оның ішінде өзге контрагенттерден сатып алынған тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемін растау бөлігіндегі сәйкессіздіктерді анықтауға бағытталған.

Анықталған ескертулерді жою үшін түзетілген орындалған жұмыстар актілері, жобалау-сметалық құжаттама, материалдарды ауыстыру туралы құжаттар, электрондық шот-фактуралар, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы құжаттар, қосалқы мердігерлік шарттар және міндеттемелердің нақты орындалуын растайтын өзге де құжаттар ұсынылуы мүмкін.

№ 29 тәуекел бейіні мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша төлем жүргізілгенге дейін ұсынылатын растаушы құжаттардағы сәйкессіздіктерді анықтауды көздейді. Мұндай бұзушылықтарды жою үшін орындалған жұмыстар актісін кері қайтарып алып, оны белгіленген нысанға сәйкес қайта рәсімдеу қажет.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін шарттық қатынастардың барлық қатысушылары өз міндеттерін тиісінше орындауы тиіс. Тапсырыс беруші жұмыстардың көлемі мен құнын, ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеруге, тек нақты орындалған жұмыстарды қабылдап, ақысын төлеуге міндетті. Ал мердігер жұмыстардың жобалау құжаттамасына және техникалық талаптарға сәйкес орындалуын қамтамасыз етуі қажет.

Құрылыс материалдарының сатып алынғанын растауға да ерекше назар аудару қажет. Олар бойынша шаруашылық операциясының жасалғанын және оның бухгалтерлік есепте көрсетілгенін растайтын бастапқы құжаттар ұсынылуы қажет.

Бұдан бөлек, орындалған жұмыстар актілерін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеу маңызды.

Камералдық бақылау белгіленген мерзімде, яғни бірден бес жұмыс күніне дейін жүргізіледі. Үлгілік шартқа сәйкес, орындалған жұмыстар үшін төлем тараптар актіге қол қойған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты тапсырыс берушілерге төлем мерзімі басталғанға дейін растайтын құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын алдын ала тексеру ұсынылады.

Камералдық бақылау — бұл ең алдымен бұзушылықтардың алдын алу тетігі. Ескертулерді уақтылы жою және шарттық міндеттемелерді жауапкершілікпен орындау құрылыс процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесін қорғауға және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жарияланған күні

24 қараша 2026

Жаңарту күні

24 қараша 2026

Жарияланымның авторы
Қызмет бағыты