Мемлекеттік сатып алудағы уақтылы төлем – шарттық міндеттемелерді орындаудың маңызды талабы
Көру саны:17
Мемлекеттік сатып алу саласында шарттық міндеттемелерді тиісінше орындау өнім берушіге ғана емес, тапсырыс берушіге де жүктеледі. Өнім беруші тауарды белгіленген мерзімде және шарт талаптарына сәйкес жеткізуге міндетті болса, тапсырыс беруші қабылданған тауар үшін уақтылы төлем жүргізуге тиіс.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 17-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шартта тауарлар жеткізілген, жұмыстар орындалған немесе қызметтер көрсетілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде толық төлем жасау туралы талап көзделуге тиіс.
Ағымдағы жылы жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит барысында төрт мемлекеттік мекеме бойынша жалпы сомасы 27 166,5 мың теңгені құрайтын шарттық міндеттемелер бойынша төлем мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Өнім берушілер өз міндеттемелерін тиісінше орындап, тауарларды белгіленген мерзімде жеткізген. Тауарлардың қабылданғаны электрондық қабылдау-тапсыру актілерімен расталған. Алайда тапсырыс берушілер қабылданған тауарлар үшін шарттарда белгіленген мерзімде өнім берушілердің есеп айырысу шоттарына тиісті қаражатты аудармаған.
Аталған фактілер мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының және жасалған шарттарда көзделген төлем тәртібінің сақталмағанын көрсетеді. Төлем мерзімінің бұзылуы өнім берушілердің құқықтары мен заңды мүдделеріне кері әсер етіп, шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалмауына алып келеді.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тапсырыс берушілер жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін төлемдерді шартта белгіленген мерзімде жүргізуге міндетті. Уақтылы есеп айырысу – мемлекеттік сатып алуға қатысушылар арасындағы сенімді нығайтудың, шарттық тәртіпті сақтаудың және бюджет қаражатын тиімді басқарудың маңызды шарттарының бірі.
09 қараша 2026
09 қараша 2026