Мартөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мемлекеттік аудит жүргізілді

Қазақстан Республикасы бюджет және өзге де заңнамасының 2024–2025 жылдардағы сақталу мәніне Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен «Мартөк аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде аудит жүргізілді.

Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 111 927,1 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 8 846,9 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар және 103 080,2 мың теңге сомасында рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

Қаржылық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 8 846,9 мың теңгеге фактілер анықталды, оның ішінде:

  • Қызметкерлерге еңбек демалысы үшін төлемдерді және міндеттерді уақытша атқарғаны үшін қосымша ақыларды есептеу кезінде 608,3 мың теңге сомасында артық төлемдер жүргізілген.
  • Сонымен қатар, аудит барысында ауылдық жерде жұмыс істейтін азаматтық қызметшілерге 93,5 мың теңге сомасында әлеуметтік төлемдердің негізсіз жүргізілгені анықталды.
  • Бұдан басқа, бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде құны 52,4 мың теңге болатын антивирустық бағдарламаның материалдық емес актив ретінде дұрыс жіктелмегені, ал құны 780,0 мың теңге болатын «Парус-КАЗ.Бюджет» бағдарламалық өнімі бухгалтерлік есепте көрсетілмегені анықталды. Осыған байланысты 55,3 мың теңге сомасында амортизация есептелмеген.
  • Белгіленген тәртіп сақталмай, жалпы құны 4 496,3 мың теңге болатын негізгі құралдарды есептен шығару фактісі анықталды.
  • Қызметтердің көрсетілуінің негізділігін растайтын тиісті құжаттарсыз өнім берушіге 1 680,0 мың теңге сомасында бюджет қаражатын аудару фактісі анықталды.
  • Атап айтқанда, тұрғын үй көмегін және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге арналған бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде 91 497,0 мың теңге сомасында жоспарланған шығыстардың асыра көрсетілгені анықталды, кейіннен бюджетке аталған сомаға тиісті түзетулер енгізілген.
  • Сондай-ақ, 2024 және 2025 жылдардағы қаржылық есептілікте өнім берушілер алдындағы 1 081,1 мың теңге сомасындағы кредиторлық берешек көрсетілмеген.

103 080,2 мың теңге сомасындағы рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар бойынша да мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде сәйкессіздіктер анықталды. Атап айтқанда, 2024 жылға арналған мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары 435,9 мың теңге сомасына, ал 2025 жылға арналған жоспар 11 050,3 мың теңге сомасына бюджетке және жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмеген.

Сонымен қатар, шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамаған өнім беруші «Көгершін» Мүгедектердің қоғамдық бірлестігін заңнамада белгіленген мерзімдерде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгіну бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.

Аудит барысында анықталған бұзушылықтардың негізгі себептері ретінде мекеме мамандарының өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауы және басшылық тарапынан ішкі бақылаудың жеткіліксіздігі айқындалды.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және олардың қайталануына жол бермеу мақсатында бірқатар ұсынымдар берілді.

Атап айтқанда, бюджет қаражатын жоспарлау сапасын арттыру, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету, негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді есепке алу және есептен шығару тәртібін сақтау, дебиторлық және кредиторлық берешекке түгендеу жүргізу, сондай-ақ қызметкерлерге жалақы мен өзге де төлемдерді есептеу кезінде бақылауды күшейту ұсынылды.

Мемлекеттік сатып алу саласында заңнама талаптарын қатаң сақтау, жылдық жоспарларды бюджетке сәйкес қалыптастыру және шарттық міндеттемелердің орындалуын уақтылы бақылау қажеттілігі атап өтілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде бухгалтерлік есеп бойынша анықталған бұзушылықтар қалпына келтіріліп, 8 846,9 мың теңге бюджетке өтелді.

Бөлім басшысы мен бухгалтерлерге қатысты әкімшілік іс жүргізу қозғалып, 929,8 мың теңге сомасында айыппұлдар салынды, олар бюджетке толық көлемде төленді. Лауазымды тұлғаларға «сөгіс» және «ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды.

 

 

 

 

 

Жарияланған күні

02 қараша 2026

Жаңарту күні

05 қараша 2026

Жарияланымның авторы