Мемлекеттік сатып алу саласындағы камералдық бақылаудың жаңа тетіктері

Мемлекеттік сатып алу саласында камералдық бақылауды жетілдіру және сатып алу процесінің әртүрлі кезеңдерінде бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін тетіктерді енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік сатып алудың веб-порталында жаңа құрал – «Мемлекеттік сатып алуды электрондық дүкен тәсілімен жоспарлауға камералдық бақылау» іске асырылды. Оның негізгі міндеті – сатып алуды жоспарлау және өткізу кезінде заңнама талаптарының бұзылуын уақтылы анықтау.

Аталған құрал қолданыла бастағаннан бері камералдық бақылаумен жалпы сомасы шамамен 690 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу жоспарының 251 жоспар тармағы қамтылды. Бақылау нәтижелері бойынша жалпы сомасы 404 млн теңгені құрайтын 170 жоспар тармағы бойынша бұзушылықтар анықталды.

Бақылауды жетілдірудің келесі кезеңі ретінде Департамент ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалуына камералдық бақылау» құралын енгізді. Ол бұзушылықтарды шарттарды орындау кезеңінде, яғни құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеу және ақы төлеу сатысында тікелей анықтауға бағытталған.

Негізгі мақсат – бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол бермеу, оның ішінде электрондық шот-фактуралардағы мәліметтер негізінде сатып алынған құрылыс материалдарын тексеру арқылы құрылыс сапасын арттыруға елеулі үлес қосу.

Жаңа тетік шеңберінде камералдық бақылаумен жалпы сомасы шамамен 2,6 млрд теңгені құрайтын құрылыс-монтаждау жұмыстары саласындағы 33 орындалған жұмыс актісі қамтылды. Жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша жалпы сомасы 833 млн теңгені құрайтын 17 акт бойынша бұзушылықтар анықталды.

Анықталған барлық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.

Осылайша, жаңа құралдардың енгізілуі сатып алу процесінің барлық кезеңдерінде – сатып алуды жоспарлаудан бастап шарттық міндеттемелерді орындауға дейін – камералдық бақылаудың жүйелі түрде күшейтіліп келе жатқанының көрсеткіші болып табылады.

Мұндай тәсіл бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және олардың алдын алуға, сатып алудың ашықтығын арттыруға және бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жарияланған күні

23 қазан 2026

Жаңарту күні

23 қазан 2026

Жарияланымның авторы
Қызмет бағыты