Мемлекеттік аудит нәтижесінде бюджетке 473 910,0 мың теңге қайтарылды

Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Алмалы ауданында Комьюнити-орталық үшін үй-жай сатып алу мәселесі бойынша «Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы» КММ-не қатысты сәйкестік аудитін жүргізді.

Аудит барысында Басқарма мен «Life Kurmangazy» ЖШС арасында үй-жайды сатып алуға мемлекеттік сатып алу шарты жасалғаны анықталды. Бастапқыда техникалық ерекшелікте үй-жайдың алаңы 803,9 шаршы метр болып белгіленген. Кейіннен үй-жайдың алаңы 567 шаршы метрге дейін қысқартылып, шарттың құны 473 910,0 мың теңгені құраған.

2026 жылғы 13 мамырда жүргізілген бақылау қарап-тексеру барысында сатып алынған үй-жайдың іс жүзінде үшінші тұлғалар тарапынан коммерциялық қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылып отырғаны анықталды. Атап айтқанда, үй-жайда минимаркет, дәріхана, массаж салоны және басқа да коммерциялық нысандар жұмыс істеген.

Анықталған мән-жайлар іс жүзінде берілген объектінің техникалық ерекшелік талаптарына және оның нысаналы мақсатына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Аудит қорытындысы бойынша бюджет қаражатын тиімді әрі нәтижелі пайдалануды қамтамасыз ету бөлігінде бюджет заңнамасының, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

Бюджет қаражатын өтеу мақсатында «Life Kurmangazy» ЖШС 2026 жылғы 8 маусымда жергілікті бюджеттің кірісіне 473 910,0 мың теңге қайтарды.

Қазіргі уақытта аудиторлық есепте көрсетілген мән-жайлар Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасарлары Халықов Дәурен Мұратбекұлына және Айтжанов Жанторе Жарылқасынұлына қатысты қозғалған №267500131000027 қылмыстық іс шеңберінде қаралуда.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қозғалған.

Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатын заңды, тиімді және нәтижелі пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылауды күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

Жарияланған күні

22 қазан 2026

Жаңарту күні

22 қазан 2026

Жарияланымның авторы
Қызмет бағыты