Жоспардан тыс мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша Кербұлақ ауданының жер қатынастары саласындағы шарттарды орындау кезінде бұзушылықтар анықталды
Көру саны:4
Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі және мемлекеттік сатып алу саласындағы шарттық міндеттемелердің орындалуы тұрғысынан «Кербұлақ ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудиторлық іс-шара шеңберінде 2025 жылы Кербұлақ ауданының және Сарыөзек, Қызылжар, Жоламан ауылдық округтерінің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекараларын белгілеу бойынша жасалған үш шарттың орындалуы қамтылды.
Аудит барысында жүргізілген визуалды қарап-тексеру нәтижесінде 2025 жылдың соңында кепілдік хат негізінде бюджет қаражаты игерілгеніне қарамастан, үш ауылдық округтің шекараларын белгілеу жөніндегі жұмыстардың іс жүзінде орындалмағаны анықталды.
Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 20 496,0 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, шарттық міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыбын есептеуге байланысты 2 049,6 мың теңге сомасына рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар белгіленді.
Анықталған фактілер шарттық міндеттемелердің орындалуына, жұмыстардың уақтылы жүргізілуіне және бюджет қаражатының негізді пайдаланылуына бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Аудит қорытындысы бойынша Департамент 2026 жылғы 13 сәуірде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жолдап, оның орындалу мерзімін 2026 жылғы 30 сәуірге дейін белгіледі.
Бұдан басқа, аудит объектісінің басшысына өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны және өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Белгіленген мерзімде нұсқама орындалды. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын белгілеу жөніндегі жұмыстар толық көлемде орындалып, анықталған кемшіліктер жойылды.
Осылайша, жоспардан тыс мемлекеттік аудиттің нәтижелері шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалуын қалпына келтіруге, анықталған кемшіліктерді жоюға және мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына жауапкершілікті арттыруға ықпал етті.
Мемлекеттік аудит жүргізу бюджет қаражатын пайдаланудың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етудің, атқарушылық тәртіпті арттырудың және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құралы болып табылады.
13 қазан 2026
20 қазан 2026