2025 жылдың бірінші тоқсаны Орталық мемлекеттік органдардың (ОМО), Жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) және Полиция департаменттерінің (ПД) ішкі аудит қызметтері үшін қарқынды болды. Үш ай ішінде барлығы 119 аудиторлық іс-шара жүргізілді. Оның 61-і сәйкестік аудиті, ал 58-і тиімділік аудиті. Бұл ішкі аудит қызметтерінің тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, мемлекеттік қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын да бағалауға баса назар аударатынын көрсетеді.
Аудитпен қамтылған қаржы көлемі — 438,3 млрд теңгені құрады. Алайда бұл көлеммен қатар тәуекелдер де бар: тексерулер барысында 62,9 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, бұл қамтылған қаражаттың 14,3%-ын құрайды. Оның ішінде 7,6 млрд теңге міндетті түрде қалпына келтірілуі, өтелуі немесе есепке алынуы тиіс. Бүгінгі таңда осы соманың 5,6 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды немесе қалпына келтірілді.
Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігін қаржылық сипаттағы заң бұзушылықтар құрайды — бұл қаржының тиімсіз жұмсалуы, бухгалтерлік есептегі қателіктер және соған ұқсас жағдайлар. Сонымен қатар, рәсімдік кемшіліктер де тіркелді — олар құжаттамалардағы тәртіптің бұзылуы, келісу тәртібінің сақталмауы және басқа да формалдық бұзушылықтармен байланысты. Бұл бағытта әсіресе ОМО және ЖАО ішкі аудит қызметтері белсенді жұмыс атқарды.
Тексеру нәтижелері бойынша 101 нұсқама берілді. Анықталған бұзушылықтар үшін 48 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тағы 27 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 8 аудит материалы құқық қорғау органдарына жолданды.
Аудит материалдарының сапасын бақылау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Барлығы 95 аудит материалы сапа тұрғысынан қаралды. Олардың басым бөлігі мемлекеттік аудиттің жалпы стандарттарына сәйкес келеді, дегенмен кейбір есептерге ескертулер жасалды. Бұл ішкі аудит қызметтерінің жұмыс сапасын жетілдіру жолындағы жүйелі жұмыстың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, есептік кезеңде ішкі аудит қызметтері мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар кәсіби байланысты нығайтуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, аудит тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, І тоқсан қорытындысы ішкі аудиттің елімізде мемлекеттік ресурстардың заңды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Алда әлі де ауқымды міндеттер бар, бірақ бағытымыз айқын — бұл бақылау, ашықтық және нақты нәтиже.