
Қазақстан Республикасында азаматтың фотосуретіне құқығы - мемлекеттің қорғауында. Ол тек конституциялық нормалармен ғана емес, азаматтық заңнамамен де реттеледі. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес азаматтың бейнесін жариялау және пайдалану оның келісімін алуды талап етеді. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңда (7 және 15-баптар) жеке деректерді пайдалануға оның иесінің келісімімен ғана рұқсат етілетіні белгіленген.
Алайда, заңнамада БАҚ адамның фотосуретін келісімсіз пайдалана алатын ерекшеліктер қарастырылған:
1) егер осы адам ойын-сауық мәдени-бұқаралық, мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар, спорттық-бұқаралық іс-шараларда, бейбіт жиналыстарда және өзге де жария іс-шараларда болса немесе оларға қатысса;
2) егер таратылатын ақпаратта адамның бет-бейнесі және осы адамның қызметтік жұмысымен және (немесе) жария қызметімен байланысты мәліметтер қамтылса, сондай-ақ оны адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті тұлға қолжетімділігі шектелмеген көздерде жарияласа;
3) егер бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді.
Яғни, фотосуреттерді келісімсіз пайдалану тек заңмен қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін болады.
Толығырақ ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11 нормативтік қаулысының мәтінінен оқи аласыз https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/460548?lang=kk