Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11)
Конституциялық сот азаматтың «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң, «Масс-медиа туралы» Заңмен Заңның күші жойылды) 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарастырды.
Заңның көрсетілген бабына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін дайындау, жариялау, қайталап көрсету және тарату кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына, егер бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді.
Өтініш субъектісі заңның аталған нормасы оның жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуы конституциялық құқығын бұзады деп пайымдайды (Конституцияның 18-бабының 1-тармағы).
Конституциялық Сот жеке өмірге қол сұғылмау, өзінің және отбасының құпиясы болу құқығы абсолютті болып табылмайды және шектеуге жатпайтын болып саналмайды. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана тек заңмен шектелуі мүмкін. Сонымен қатар, Конституцияның 18-бабында қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейтін құқықтар жоқ (Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағы).
Сонымен бірге, Конституциялық Сот, егер таратылатын ақпарат мәтінінде бейнеленетін адамның келісімінсіз бейнені пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, онда мұндай мақсаттар басты мақсат болуға және ол анық көрсетілуге тиіс деп есептейді. Бұл шарттардың сақталмауы жеке өмірге заңсыз араласуға алып келуі мүмкін, ал адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу бұқаралық ақпарат құралдары қызметі қағидаттарының бірі болып табылады.
Конституциялық Сот Заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасы Конституциясына сәйкес деп таныды.