Конституциялық Сот: ақпаратқа қол жеткізудегі шектеулер оны алу құқығына нұқсан келтірмеуі керек

Конституциялық Сот: ақпаратқа қол жеткізудегі шектеулер оны алу құқығына нұқсан келтірмеуі керек

Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 11-бабы 2-тармағының және 16-тармағы 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерді.

Өтініш субъектісі дау айтып отырған Заң ережелері қол жеткізу шектелген ақпаратты сұрау салу бойынша беруге жол бермейді.

Ол Заңның 11-бабының 2-тармағы және 16-тармағының 3) тармақшасы мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндетін көздейтін Конституцияның 18-бабының 3-тармағына сәйкес келмейді деп есептейді.

Конституциялық Сот мемлекеттік органдардың әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету туралы конституциялық міндетті атап өтті.

Осы міндет пен азаматтың құқығы басқа да конституциялық ережелермен, атап айтқанда, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (12-баптың 5-тармағы); әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығы туралы (13-баптың 1-тармағы); еркін ақпарат алу (20-баптың 2-тармағы); адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу жағдайлары туралы (39-баптың 1 және 3-тармақтары) ережелермен өзара байланыста қаралуы керек.

Ақпаратқа қол жеткізудің және онымен танысудың ерекше тәртібі сот ісін жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің әртүрлі түрлері, мұрағат ісі және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша заңнамалық актілерде бекітілген (Заңның 3-бабы).

Сонымен қатар, Конституциялық Сот ақпаратқа қол жеткізуде шектеулер белгілеу мүмкіндігін тани отырып, олар ақпарат алу құқығының болуы мен мақсатына, әсіресе ақпарат пен оның көздері азаматтардың құқықтарымен және бостандықтарымен, оларға әртүрлі құқықтық мәжбүрлеу шараларын қолданумен немесе аса жоғары қоғамдық маңызы бар мәселелермен байланысты болған жағдайларда нұқсан келтірмеуге тиіс деп есептейді.

Конституцияның 18-бабының 3-тармағында көзделген мемлекеттік органдардың әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндеті және осымен үйлесетін азаматтың тиісті материалдармен танысуға құқығы осындай мүмкіндіктің шектелуіне қатысты, әсіресе мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттерінің салдарынан азаматқа қолайсыз салдар туындаған жағдайларда басымдыққа ие болуға тиіс. Мүдделі тұлғаның танысу құқығы құжаттың, шешімнің және ақпарат көзінің мазмұны ескеріле отырып, ақылға қонымды және мөлшерлес шектеулерге ұшырауы мүмкін болса да, белгілі бір жағдайларда бұл шектеулер Конституцияда бекітілген мүмкіндікті іске асыруда еңсерілмейтін кедергі болмауға тиіс. Қажет болған жағдайларда мемлекеттік органдар қол жеткізілуі шектеуге ақпарат көздері немесе тасымалдағыштар емес, ақпарат жататынын назарға ала отырып: шектелуге жататын ақпарат қолжетімділігі шектелмеген ақпараттан бөлетін; құжаттың мәртебесін өзгертетін, ақпаратқа қол жеткізуге рұқсат беретін немесе өзге шараларды, яғни бір жағынан, ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтауға, екінші жағынан – заңмен қорғалатын өзге де құқықтарға, бостандықтар мен мүдделерге нұқсан келтірмеуге мүмкіндік беретін өзге де шараларды іске асыратын тиісті іс-әрекеттерді қолдануға тиіс.

Конституциялық Соттың пікірінше, ақпарат пайдаланушы мен иеленушінің мүдделері арасында, сол сияқты жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделер арасында қажетті теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс деген конституциялық ереже ақпарат беру немесе онымен танысу туралы мәселені шешу кезінде де, мұндай мүмкіндікті беруден бас тарту кезінде де міндетті түрде ескерілуге тиіс.

Аталған тәсіл Қазақстан Республикасының заңнамасында ескерілген.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағы және 16-тармағының 3) тармақшасын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/575248?lang=kk 

 

Телеграмм КС - https://t.me/ConstitutionalCourt_KZ/616