Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №39-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 26 желтоқсандағы №39-НҚ)

 

Конституциялық Сотқа «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-тармағының және 11-бабы 16-тармағының 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш түсті.

Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан өтініш субъектісі тәртіптік комиссияның шешімі және қызметтік тергеу қорытындысы негізінде мемлекеттік органнан босатылғаны шығады. Кейін мемлекеттік органды тексеру барысында ведомствоаралық жұмыс тобы уәкілетті емес адамның қызметтік тергеу қорытындысына қол қою фактісін анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша анықтама «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгісі бар қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылды.

Мемлекеттік органға өтініш субъектісі жіберген ведомствоаралық жұмыс тобының қорытындысымен және қорытындыларымен танысу туралы өтінішке сұрау салынатын материалдарда қолжетімділігі шектеулі ақпарат болуына байланысты бас тартылды. 

Әкімшілік сот ісін жүргізудегі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар өтініш берушінің талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды.

Өтініш субъектісі Заңның даулы нормалары мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндетін көздейтін Конституцияға сәйкес келмейді деп санайды.

Конституциялық сот Заңның даулы нормаларында қамтылған шектеулер Конституцияда көзделген шектеулерге жол беру шарттарына сәйкес келеді деп санайды.

Сонымен бірге, ақпаратқа қол жеткізуде шектеулер белгілеу мүмкіндігін мойындай отырып, Конституциялық Сот, әсіресе, мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінің нәтижесінде азамат үшін қолайсыз салдарлар туындаған жағдайларда, олар ақпарат алу құқығының бар болуы мен мақсатына қауіп төндірмеуі тиіс деп санайды.

Осыған байланысты Конституциялық Сот өтініш субъектісі даулаған Заң нормаларын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп таныды.

Дата публикации
26 декабря 2023