Конституциялық Сот: заң нормалары өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермеуі керек

Конституциялық Сот: заң нормалары өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермеуі керек

Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 16-бабы 3-тармағы 14) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерді.

Өтініш субъектісі құқық қорғау органдарындағы қызмет мемлекеттік қызметтің бір түрі болып табылатындықтан Мемлекеттік қызмет туралы заңның азамат құқық қорғау органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезде оның мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз (өмір бойына) тыйым салуды белгілейтін, қазіргі уақытта қолданыстағы 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы мазмұны және құқықтық салдары бойынша аталған Заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасымен ұқсас деп санайды. Демек аталған шектеу, өтініш авторының пікірінше, азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар (Конституцияның 33-бабының 4-тармағы) деген қағидатты бұзады және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келмейді.

Мемлекеттік қызмет туралы заңның дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды көрсетті.

Конституцияның 33-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар деп бекітілген. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және ол заңмен белгіленеді.

Мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өткен болатын (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).

 Конституциялық Сот құқықтық табиғат және құқықтық реттеудің жалпы қағидаттары ескеріле отырып, осы негіз бойынша құқық қорғау қызметінің тоқтатылуы азаматты келеңсіз жалпы құқықтық салдарға алып келуі мүмкін және одан әрі мемлекеттік қызметке кіруі кезінде ескерілуі мүмкін деп есептейді. Сонымен қатар, мұндай шектеулер өзара үйлесімді болуға және Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сай келуге тиіс.

Түрлі салалардағы өкілеттіктерді тоқтатудың жекелеген негіздерінің сипаты мен салдарындағы айырмашылықтар құқықтық реттеуде теңгерімсіздікке алып келеді және қажеттілік, әділдік пен мөлшерлестік қағидаттарына сай келмейтін шектеулер белгілеу арқылы еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға байланысты конституциялық құқықтардың бұзылуына жағдай жасайды деп айрықша атап өтілді. Уақыт жағынан және адамдар тобы бойынша нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын дұрыс айқындау аса маңызды болып табылады.

Конституциялық Сот заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс екенін көрсетті.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен және 3-тармағымен өзара байланысты болу үшін, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін құқық қорғау қызметінен шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасын осы құқықтық шектеудің мөлшерлестігінің болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/575243?lang=kk 

 

Телеграмм КС - https://t.me/ConstitutionalCourt_KZ/614