
Конституциялық Сот «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 20-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтардың өзара байланысты екі өтінішін біріктіріп, бір іс жүргізуде қарады.
Өтініш берушілер Жоғарғы Сот өзінің нормативтік қаулысында бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету үшін құқықтық нормаларды түсіндіру жөніндегі өкілеттіктерінен тыс шыққан деп санайды. Өтініш берушілердің пікірінше, аталған норма құқықтық новелланы белгілеген.
Бұл жерде әрекетте Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша (алаяқтық және пара беруге айдап салу) бір әрекет ретінде жиынтық саралау туралы айтылып отыр. Өтініш берушілердің пікірінше, бұл тәсіл соттың әрекетті бағалауына және жаза шарасын анықтауға теріс әсер етеді.
Конституциялық Сот өз шешімінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы көзделген ҚК-нің 13-бабының қолданыстағы нормасына назар аударды.
Тексеру нәтижесі бойынша Конституциялық Сот ЖС НҚ-ның 20-тармағы бір құқық бұзушылық үшін ешкімді қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға болмайтындығы туралы конституциялық ережеге сәйкес келеді деген қорытындыға келді (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы).
Сыбайлас қатысуымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жаза тағайындау кезінде адамның оны жасауға нақты қатысуының сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына қол жеткізу үшін осы қатысудың маңызы, оның келтірілген немесе ықтимал зиянның сипаты мен мөлшеріне әсері ескеріледі (ҚК 57-бабының бірінші бөлігі).
Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау және ҚК-нің 55 және 56-баптарында көзделген аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау үшін соттың жасалған қылмыстық құқық бұзушылық сатысын дұрыс белгілеуі маңызды.
Конституциялық Сот Жоғарғы Сот қылмыстық заңның қолданыстағы нормаларын түсіндіру жөніндегі өз өкілеттіктерінен тыс шықпайтынын атап өтті. Жоғарғы Сот берген түсініктемелер бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Конституциялық заңның 1-бабын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот соттардың құзыретіне кіретін мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден бас тартатынын атап өтті. Сонымен бірге, парақорлықта ойдан шығарылған делдалдықтың әр түрлі нысандарын ескере отырып, ықтимал сот қателіктері мен құқықтық белгісіздіктерді болдырмау мақсатында ол Жоғарғы Сотқа аталған қылмыстарды қарау бойынша сот практикасына қосымша түсініктеме беруді ұсынды.
Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/553225?lang=kk