Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 16 қарашадағы №35-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 16 қарашадағы № 35-НҚ)

 

Конституциялық Cот «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының (бұдан әрі - ЖС НҚ) 20-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтардың өтініштерін қарады.

Осы нормаға сәйкес, егер адам пара берушіден пара ретінде беру үшін ақша немесе құндылықтар алса, бірақ оны иемденсе, оның әрекеттері алаяқтық болып табылады. Егер ол пара берушіні құндылықтарды иемдену үшін пара беруге итермелесе, оның әрекеттері одан әрі арандатушылық, ал пара берушінің әрекеттері пара беруге әрекет ретінде сараланады. Бұл ретте пара берілуге тиісті нақты адамның көрсетілгені маңызды емес.

Өтініш субъектілері алаяқтық әрекеттерге оқталғаны және пара беруге итермелегені үшін сотталды және ЖС НҚ даулы ережесі Конституцияға қайшы келеді деп санайды, өйткені бұл қылмыстардың екі құрамы бойынша бір әрекеті үшін адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Конституциялық Сот ЖС НҚ 20-тармағында көзделген Жоғарғы Соттың бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға көзқарастарын осы ЖС НҚ-ның басқа ережелерімен және қылмыстық заң талаптарымен тығыз байланыста қарау керек деп санайды. Жоғарғы Сот белгілеген Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша бір әрекетті саралауға жол беру қылмыстық заңда бекітілген қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы туралы ережелерге негізделеді. Қаралып отырған ЖС НҚ ережесі нақты қылмыстық істі қарау кезінде судьяға
іс-әрекеттің жасалу мән-жайларын ескеру мүмкіндігін тұтастай шектемейді. Бұл ретте Конституциялық Сот соттардың құзыретіне кіретін мәселелерді белгілеуден, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады.

Конституциялық Сот ЖС НҚ 20-тармағын Конституцияға сәйкес деп таныды және Жоғарғы Сотқа осындай қылмыстарды қарау кезінде сот практикасына қосымша түсініктеме беруді және ЖС НҚ түзетулер енгізуді ұсынды.

Дата публикации
16 ноября 2023