Сотталғандар білікті заң көмегіне қол жеткізе алады: Конституциялық Сот Қылмыстық-процестік кодекстің нормасын конституциялық емес деп таныды

Сотталғандар білікті заң көмегіне қол жеткізе алады: Конституциялық Сот Қылмыстық-процестік кодекстің нормасын конституциялық емес деп таныды

Конституциялық Cотқа азамат Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі – ҚПК) 482-бабының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішпен жүгінді.

Онда өтініш иесінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезеңде оның адвокаты құқықтық көмек көрсету шеңберінде шағым келтіргені айтылған.

Соттың қаулысымен адвокаттың шағымы тиісті емес адамның шағым беруіне байланысты қараусыз қалдырылған. Сот үкімді орындауға байланысты шағымдануға сотталған адамның ғана құқығы бар екенін көрсеткен. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының бұл шағым бойынша сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтініш берушінің пікірінше, дауланып отырған норма сотталған азаматты «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңмен кепілдендірілген білікті заң көмегінің бірін алу құқығынан айырады.

Конституциялық Сот ҚПК-нің 482-бабы төрт бөліктен тұратынға назар аударады. Ал шағымданушы дау айтып отырған норма көрсетілген баптың бірінші бөлігінің бірінші сөйлемінде жазылған. Осыған байланысты, Конституциялық Сот ҚПК-нің 482-бабының конституциялылығын өтініште көрсетілген норма бекітілген бірінші бөлігінде ғана тексерді.

Заңның 2-бабында адвокаттық қызмет пен заң көмегін реттейтін нормалар өзге де нормативтік құқықтық актілерде де қамтылуы мүмкін деп белгіленеді. Заңда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде заң көмегін көрсетудің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін дегенге де жол беріледі.

Қаралып отырған жағдайда ҚПК және Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі – ҚАК) осындай нормативтік құқықтық акт болып табылады.

ҚПК-нің Ерекше бөлігінің нормаларына сәйкес қорғаушының қатысуы, оның ішінде міндетті қатысуы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ғана емес, сонымен қатар әртүрлі сатыдағы соттардың қылмыстық істі қарауы кезінде де көзделеді. Атап айтқанда, заңды күшіне енген үкімді кассациялық сатыдағы сотта қайта қарау туралы өтінішхатты келтіруге сотталған адамның ғана емес, оның қорғаушысының да құқығы бар (ҚПК-нің 414 және 486-баптары).

Осыған ұқсас тәсілді заң шығарушы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат беру құқығына қатысты қолданды (ҚПК-нің 502-бабы). Бұл нормалар білікті заң көмегін алуға берілетін конституциялық кепілдікпен үйлеседі, қылмыстық процес қағидаттарына, Заңда белгіленген заң көмегінің нысандары мен түрлеріне сәйкес келеді және сотталған адамның қорғалу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен бірге үкімді орындау сатысында қорғаушының сотталған адамның мүддесі үшін өтінішхаттар келтіруге процестік құқығы шектеулі. Мәселен, ҚПК-нің 476-бабында белгіленген, үкімді орындау кезінде соттың қарауына жататын 26 мәселеден тұратын тізбедегі 12 мәселені (2), 4), 5), 7), 9), 11), 13), 15), 16), 17), 19), 20) тармақтар) қарауға – қорғаушысы емес, сотталған адамның өзі ғана және тек бір мәселені (23) тармақ) сотталған адам немесе қорғаушысы бастамашылық ете  алады (ҚПК-нің 477-бабы).

ҚПК-нің 482-бабына сәйкес қорғаушыға сотталған адамды қорғау үшін жазаны орындайтын мекеменің немесе органның сотталған адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) (орыс тіліндегі редакцияда: және шешімдеріне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға өкілеттік берілмейді.

Практикадағы бұл құқықтық олқылық адвокаттың сотталған адам өзіне берген, сенім білдірушінің атынан шағым келтір у өкілеттігін қамтитын сенімхат негізінде сотталған адамның атынан шағым беру арқылы сотталған адамға заң көмегін көрсетуімен толықтырылады.

Сотталған адам кәмелетке толмаған болып табылатын және іске оның заңды өкілі қатысатын жағдайларды қоспағанда, ҚПК-де қылмыстық процеске қатысушылар қатарында сотталған адамның өкілі сияқты процестік фигура көзделмейді. Ең  алдымен азаматтық құқыққа тән сенімхат бойынша өкілдік ету институтын қылмыстық процесте қолдану бұл жағдайда сотталған адамның құқықтарын қорғау үшін ҚПК-де арнайы нормалар болмағандықтан адвокаттар қолданатын мәжбүрлі шара болып табылады.

ҚПК-нің 482-бабын тексеру кезінде Конституциялық Сот оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес келмейтінін де анықтады.

ҚПК-нің заң көмегін көрсетуге қатысты бірқатар нормалары заң техникасының қағидалары бұзыла отырып тұжырымдалғанын, соның нәтижесінде оның кейбір нұсқамалары анық көрсетілмегенін де аталып өтеді.

Конституциялық Сот заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға тиіс және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңды әрекетті құқыққа қайшы әрекеттен барынша айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс екенін көрсетті.

ҚПК-нің атап өтілген кемшіліктері ондағы кейбір ережелерді екіұшты түсінуге мүмкіндік туғызады, бұл практикада осы заңнамалық актіні өз бетінше түсіндіруге және барабар қолданбауға және нәтижесінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге алып келуі мүмкін.

Конституциялық Сот азаматтың өтінішін қарау нәтижесінде Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабы бірінші бөлігінің бірінші сөйлемі Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/525050?lang=kk