Конституциялық Сот тергеу судьясының сот актісіне шағымдану туралы нормаларды Конституцияға сәйкес деп таныды

Конституциялық Сот тергеу судьясының сот актісіне шағымдану туралы нормаларды Конституцияға сәйкес деп таныды

Конституциялық Сот азамат В.Миллердің Қылмыстық-процестік кодекстің 107-бабының төртінші бөлігінің және 484-бабының екінші бөлігінің 3) тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Өтініш субъектісі аталған нормалар оны әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын іске асырудың заңды кепілдігінен айырады деп санайды.

Конституциялық Сот азаматтың өтінішін жан-жақты қарастырып және ұлттық заңнамаға талдау жасап, мынадай тұжырымға келді.

Негізгі Заң адамның және азаматтың басқа құқықтарымен қатар әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын бекітеді.

Конституциялық Сот бұған дейін Конституцияда конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыру мен дамыту үшін негіз болып табылатын құқықтық нормалар бекітілгенін атап өткен болатын.

Республика Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы).

Еліміздің қылмыстық-процестік құқығында сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықты заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігін ҚПК-ге енгізу арқылы іске асырды. Прокурорлық қадағалаудан басқа, тергеу судьясы жүзеге асыратын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының шешімдері мен әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығына сот бақылау институты жұмыс істейді.

Тергеу судьясы институтының қызметі қылмыстық қудалау органдары тарапынан  болатын заңсыз шешімдерден, әрекеттерден және жөнсіздіктен әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асырудың маңызды кепілі болып табылады. Тергеу судьясы күдіктінің (айыпталушының) кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы мәселені шешпейді. Ол жүзеге асыратын сот бақылауы сот билігінің дербес функциясы болып табылады, бұл ең алдымен, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеуге немесе оларды тез арада қалпына келтіруге бағытталған.

Сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауы алдын ала және кейінгі тәртіппен жүзеге асырылады.

ҚПК-нің 107 және 415-баптарына сәйкес тергеу судьясы шығарған қаулыға облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасауға болады.

Осылайша, сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық ауқымын қамтитын сот бақылауын жүзеге асыру өкілеттігі бар тергеу судьясы институтын қылмыстық процеске енгізу, тергеу судьясының қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым жасау мүмкіндігін процестік бекіту әркімнің сот қорғалу құқығын қамтамасыз ету туралы конституциялық кепілдікке сай келеді.

Сонымен қатар, ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы тергеу судьясының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері қатарынан алып тастайды.

Кассациялық іс жүргізу институты – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың аса маңызды кепілі, ал оларды төмен тұрған соттар бұзған жағдайда оларды қалпына келтірудің негізгі әдісі болып табылады.  

Конституциялық Соттың пікірінше, облыстық немесе оған теңестірілген сот тергеу судьясы қаулысының заңдылығы мен негізділігін тексергеннен кейін оның заңды күшіне енуін, сондай-ақ тергеу судьясының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері қатарынан алып тастауды әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын шектеу ретінде қарастыруға болмайды.

Қылмыстық істі басты сот талқылауына дайындау сотқа дейінгі іс жүргізудің негізгі мақсаты болып табылады. Сондықтан қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеру негізінен істі кейіннен сотта мәні бойынша қарау кезінде жүзеге асырылады.

Заң шығарушы тергеу судьясының қаулысына шағымдарды объективті, бейтарап және жедел қарау мақсатында ҚПК-нің 107-бабында белгілеген қосымша кепілдіктерді де есепке алу қажет. Атап айтқанда, ҚПК-де шағымды қабылдау және жоғары тұрған соттың тергеу судьясы қаулысының, санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеру үшін қысқартылған (үш тәуліктен кешіктірілмейтін) мерзім; шағымды сот отырысында қарау; сот отырысына прокурордың, күдіктінің, оның қорғаушысының және заңды өкілінің, жәбірленушінің, оның заңды өкілінің және құқықтары мен мүдделері шағым жасалып отырған шешімде қозғалатын басқа да адамдардың қатысуы көзделеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның лауазымды адамдарын сот отырысына қатысушылар қатарынан алып тастау арқылы олардың ықпалы барынша азайтылды.

Конституциялық Сот, заң шығарушы ҚПК-ні әзірлеу кезінде шағым жасау құқығын теріс пайдалануды болғызбау және шағымды шешуді және сот актісін орындауды жеделдету мақсатында сот актілерін қайта қарау тәртібін оңтайландыру және тергеу судьясының шешіміне шағым жасау шегін белгілеу орын алатын шет  елдердің тәжірибесі ескергенін атап өтеді. Өзінің конституциялық өкілеттігі шеңберінде заң шығарушы процестік тиімділік, сот қорғау құралдарын пайдалануда үнемдеу талаптарына сай келетін, сот талқылауын созу немесе негізсіз қайта бастау мүмкіндігіне жол бермейтін, тергеу судьясының сот актілерін қайта қараудың институционалдық және рәсімдік шарттарын белгіледі.

Конституциялық Сот барлық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік кодексінің107-бабының төртінші бөлігі және 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/508108?lang=kk