Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ нормативтік қаулысы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 107-бабының төртінші бөлігінің және 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Аталған баптарға сәйкес, облыстық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының ұйғарымына шағымын немесе прокурордың өтініш хатын қарау нәтижесінде шығарылған қаулысы түпкілікті болып табылады. Тергеу судьясы шығарған сот қаулылары кассациялық тәртіпте қайта қаралуға жатпайды.

Өтініш субъектісінің пікірінше ҚПК-нің 107-бабының тәртібімен шығарылған сот актісіне шағым жасауға мүмкіндіктің берілмеуі оны әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын іске асырудың заңды кепілдігінен айырады.

Конституциялық Сот, облыстық немесе оған теңестірілген сот тергеу судьясы қаулысының заңдылығы мен негізділігін тексергеннен кейін оның заңды күшіне енуін, сондай-ақ тергеу судьясының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері қатарынан алып тастауды әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын шектеу ретінде қарастыруға болмайды, өйткені қылмыстық істі басты сот талқылауына дайындау сотқа дейінгі іс жүргізудің негізгі мақсаты болып табылады. Сондықтан қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеру негізінен істі кейіннен сотта мәні бойынша қарау кезінде жүзеге асырылады деп санайды.

ҚПК-ні әзірлеу кезінде шағым жасау құқығын теріс пайдалануды болғызбау және шағымды шешуді және сот актісін орындауды жеделдету мақсатында сот актілерін қайта қарау тәртібін оңтайландыру және тергеу судьясының шешіміне шағым жасау шегін белгілеу орын алатын шет елдердің тәжірибесі есепке алынды. Осыған байланысты, өзінің конституциялық өкілеттігі шеңберінде заң шығарушы процестік тиімділік, сот қорғау құралдарын пайдалануда үнемдеу талаптарына сай келетін, сот талқылауы созу немесе негізсіз қайта бастау мүмкіндігіне жол бермейтін, тергеу судьясының сот актілерін қайта қараудың институционалдық және рәсімдік шарттарын белгіледі.

Конституциялық Сот ҚПК 107-бабының төртінші бөлігі және 484-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы Конституцияға сәйкес келеді деп тапты.

Дата публикации
17 августа 2023