Конституциялық Сот: қылмыстық қудалау шеңберінде маманды тарту үшін оның арнайы білімі болуы керек және мүдделер қақтығысы болмауы маңызды

Конституциялық Сот: қылмыстық қудалау шеңберінде маманды тарту үшін оның арнайы білімі болуы керек және мүдделер қақтығысы болмауы маңызды

2023 жылғы 20 шілдеде Конституциялық Сот құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкерін зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін маман ретінде тартуды көздейтін Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) 80-бабының екінші бөлігінің конституциялылығын тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылдады.

Конституциялық Сотқа жолдаған өтінішінде өзіне қатысты қылмыстық қудалау жүргізілген азамат айыптаушы тараптың дәлел ретінде прокуратура қызметкерлерінің қорытындысын пайдаланғанын атап өтті. Бірінші сатыдағы сот бұл қорытындыны жол берілмейтін дәлел деп танып, ақтау үкімін шығарған. Алайда, кейіннен апелляциялық сатыдағы сот ақтау үкімнің күшін жойған. 

Конституциялық Сот маман ретінде тартылған қызметкердің қылмыстық процес қатысушыларына өзінің арнайы құзыретіне кіретін мәселелерді түсіндіру, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдану жолымен дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшін қажетті арнайы білімі бар, қылмыстық іске мүдделі емес адам болуға тиіс екенін түсіндірді.

Маман жұмыс істейтін құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган уәкілетті бөлімшесінің функциясына тиісті зерттеулер жүргізу міндеті кіруі тиіс.

Прокурордың қылмыстық процестегі өкілеттігін регламенттей отырып, заң шығарушыға құқық қолдану практикасында мүдделер қақтығысының туындау мүмкіндігін болғызбау үшін прокуратура органдарының конституциялық мақсатын ескеру қажет.

ҚПК-нің дауланып отырған нормасының жеткілікті түрде анық жазылмауы оның ережелерін екіұшты түсіндіру, норманы қолдану шегін кеңейту тәуекелін туғызады, бұл адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге алып келуі ықтимал.

Конституциялық Сот ҚПК-нің 80-бабының екінші бөлігі төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:

Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкерін, егер осы қызметкер іске мүдделі емес адам болып табылса, дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшін қажетті арнайы білімі мен құзыреті болса, маман ретінде тартуға жол беріледі. Мұндай бөлімшенің функционалдық мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді және сотта мемлекеттік айыптауға қолдау көрсетуді жүзеге асырмай, қызметкерлерінің арнайы білімі мен құзыреті негізінде зерттеулер жүргізу болуға тиіс.

Конституциялық Сот соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының ҚПК-нің 80-бабының екінші бөлігін өзгеше түсіндіруге негізделген және адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге алып келген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс деп нұсқады.

Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/497333?lang=kk