САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Қ.Ә.МӘМИДІҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІМЕН ЖАҢА ДЕМОКРАТИЯ ЕЛДЕРІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ОТЫРЫСЫ БОЛДЫ

САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Қ.Ә.МӘМИДІҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІМЕН ЖАҢА ДЕМОКРАТИЯ ЕЛДЕРІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ОТЫРЫСЫ БОЛДЫ

Ағымдағы жылғы 16 мамырда Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасы Қ.Ә.Мәмидің төрағалық етуімен жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдарының конференциясы (бұдан әрі – Конференция) отырысы болды. 

Конференция 1997 жылы Ереван қаласында (Армения) құрылған болатын. Қазіргі таңда оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасының, Моңғолияның, Ресей Федерациясының, Тәжікстанның және Өзбекстанның конституциялық бақылау органдары қатысады. 

Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Конституцуиялық Кеңесінің Төрағасы Қ.Ә.Мәми осы ұйымның Төрағасы болып сайланған болатын. 

Әріптестерімен кездесудегі өз сөзінде Қ.Ә.Мәми: «Конференция осы уақыт ішінде конституциялық әділет органдарының өңірлік қауымдастығы ретінде болды. Ұйым оның мүшелері арасындағы ынтымаөқтастықты тереңдетуге ықпал етеді және бізге жүктелген миссияларды іске асырумен байланысты ортақ мәселелерді талқылау үшін мүмкіндік береді. Конференция отырысының VIII Петербург халықаралық заң форумы шеңберінде өтіп жатқанының өзі ерекше мәнді», - деп атап өтті.   

«Қауымдастықты одан әрі кеңейту және әлемдік аренада оның беделін арттыру үшін біздің тарапымыздан барлық күш салынатын болады», - деп аяқтады сөзін Қ.Ә.Мәми.

Күн тәртібіне сәйкес мынадай мәселелер:

- Конференцияның 2020 жылы Алжирде болатын конституциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік конференцияның 5-Конгрессіне қатысуы. Атап айтқанда, Конгресс шеңберінде өңірлік және лингвистикалық қауымдастықтардың отырыстарын өткізу мәселелері қозғалды;

- Конференцияның жаңа логотипін бекіту;

- өз елдеріндегі жоспарлары мен іс-шаралары туралы Конференция мүшелерін тыңдау; 

- өңірлік, тілдік және басқа да қағидаттар бойынша құрылған конституциялық әділет органдарының басқа да қауымдастықтарымен ынтымақтастық және тиісті меморандумдар жасау;

- Конференция мүшелерінің келесі кездесуін Астанада өткізу және басқа да мәселелер қаралды. 

Отырыс барысында Конференцияға қатысушы елдердің өкілдері ұйымның одан арғы жоспарларын қою мен іске асыруда өз ұсыныстарын білдірді.

Конференция төрағасы Қ.Ә.Мәми Ресей Федерациясы Конституциялық Сотының Төрағасы В.Д.Зорькинге кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді, осы жағдайды пайдалана отырып, Конференция мүшелерін Астана қаласында тамыз айының соңында өтетін Қазақстан Республикасы Конституциясы Күніне арналған жыл сайынғы халықаралық конференцияға шақырды.