
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сот ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтініші бойынша нормативтік қаулы шығарды. Өтініш субъектісі дау айтып отырған осы баптардың ережелері тергеу судьясына отырыс өткізбей, мүлікке тыйым салуды жеке-дара қарауына мүмкіндік береді.
Өтініштің мән-жайы
Конституциялық іс жүргізу материалдарына сәйкес тергеу судьясы күдіктінің өзіне ғана емес, сонымен бірге өтініш субъектісі мен жұбайына ортақ меншік құқығымен тиесілі пәтеріне тыйым салуды жеке-дара санкциялаған.
Өтініш беруші осындай процестік әрекеттерді мүдделі адамдардың позициясын нақтыламай жүргізу мүмкіндігі оның сотта тыңдалу құқығын бұзады және бұл өзінің аталған мүліктің тең меншік иесі ретіндегі мүдделерін қозғайды.
Бұл мәселе бойынша әртүрлі сот практикасы бар.
Конституциялық Соттың ұстанымы
Конституциялық Сот ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес тергеу судьясы материалдарды отырыс өткізбей жеке-дара қарай алатынын атап өтті. Бұл ретте ҚПК сот отырыстары міндетті болып табылатын мәселелерді белгілейді және оларды прокурордың немесе тараптардың өтінішхаты болған кезде не заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болған жағдайда сот отырысын өткізуді соттың қарауына қалдырады, бұл сот төрелігінің конституциялық үлгісіне қайшы келмейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жеке адамның конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік беретін сот бақылауын білдіреді.
Конституцияда бекітілген сотта тыңдалу құқығы ең алдымен негізгі сот талқылауы шеңберінде қолданылады, алайда соттың әрекеттері адамның құқықтары мен бостандықтарын елеулі түрде шектейтін болса, адамның іс жүргізудегі мәртебесіне қарамастан қамтамасыз етілуі тиіс. Тергеу судьясы шешімді жеке-дара қабылдаған кезде бұл құқық мүдделі адамды сот актісі туралы уақтылы хабардар ету және оны жоғары тұрған сот инстанциясында шағымдану мүмкіндігін беру тетігі арқылы заң деңгейінде кепілдендірілуі қажет.
Конституциялық Сот ҚПК-нің 163-бабы жетінші бөлігі екінші абзацының қисынсыз тұжырымдалуын да көрсетті, бұл тергеуші енгізген мүлікке билік етуге уақытша шектеуді тергеу судьясы оны санкциялаудан бас тартқаннан кейін де сақтауға мүмкіндік береді. Шектеуді алып тастауды осылайша кейінге қалдыру құқықтық екіұштылық туғызады, өйткені ҚПК-нің 161-бабының оныншы бөлігіне сәйкес қаржы ұйымдары мен тиісті тіркеу органдары, егер оларға мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы қаулы уақтылы келіп түспесе, аталған уақытша шектеуді өз бетінше алып тастауға міндетті.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі
Конституциялық Сот ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының ережелерін төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:
«1) қаралып отырған қылмыстық-процестік нормалар үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ғана мүлікке тыйым салуды қолдану мүмкіндігіне жол береді;
2) сотқа келіп түскен материалдарда ортақ меншік құқығындағы мүліктің күдікті (айыпталушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде тікелей аталған өзге де тұлға) деп танылмаған адамға тиесілігі туралы мәліметтердің болуы заңды және негізді шешім қабылдау үшін едәуір маңызы бар елеулі мән-жай және, тиісінше, сот отырысында тең меншік иесіне сотқа өз ұстанымын айту мүмкіндігін бере отырып, осындай мүлікке тыйым салуды қолдану мәселесін зерттеуге негіз болып табылады».
Үкімет алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Конституциялық Соттың қортынды шешімінде жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізуі қажет.
КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/932043?lang=kk